Қазақстандықтар зейнетақы шотында ақшасы азайғанына шағымданып жатыр

Қазақстандықтар зейнетақы жинағында ақшасы азайғанын айтып, шағымданып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Бұл туралы Facebook қолданушысы Мадина Кудинова жазды. Оның айтуынша, оның зейнетақы шотындағы қомақты сомадағы қаражат жетіспейді.

"Көбі зейнетақы жинағында ақша жетіспейтінін айтып жатқанын естідім. Неге олай болып жатыр деп ойладым. Содан өзімнің шотымды тексеріп, таңғалдым. 2020 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша шотымда 6 571 948 теңге болады. Ал бүгін 3 856 346 теңге. Сонда менің ақшам қайда кетті? 1414-ке хабарлассам, ол мәселемен айналыспайтынын айтты. Нақтылайын десең, телефонды тастай салады. Мен ешқандай келісімімді берген жоқпын. Ақшамды қайтарыңыздар", - деп жазды ол.

Ал "БЖЗҚ" АҚ өкілдері салымшылардың шотты әртүрлі форматта қарайтынын айтады.

"Сіздердің назарларыңызға, egov.kz порталында төлем туралы мәліметті алудың екі форматы бар: зейнетақы аударымдары туралы анықтама және инвестициялық табысты қоса есептегендегі зейетақы аударымдары туралы мәлімет. Сондықтан да кейбір салымшылары мен алушылар осы екі формат үшін зейнетақы шоттарындағы айырмашылықты байқап жатыр", - деді БЖЗҚ АҚ баспасөз қызметіндегілер.
Экономика 30 сәуір 2020 г. 596 0