Тоғыз түрлі тауар бағасының өсуіне жол берілмейді

Елімізде жарияланған төтен­ше жағдай уақытында рұқсат етілген азық-түлік, дәрі-дәрмек, ауылшаруашылық, өмір сүруді қамтамасыз ететін қызметтер барлық санитарлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, жұмыс жасауы керек.  Төтенше жағдай уақытында атқарушы билік тарапынан аймақтың экономикасын тұрақтандыру мақсатында бірқатар шаралар қабылданып жатыр.

Сондай шаралардың бірі  – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу. Біріншіден, облыста алдағы үш айға қажетті қор жасауға азық-тү­лік өнімдерінің 18 түрі бо­йынша тұрақтандыру қорына 5 мың тоннаға жуық өнім сатып алу ұйымдастырылған. Тұрақтандыру қорында 2 мың тоннадай өнім болса, оның ішінде 1,3 тоннасы қоймада, 500 тоннасы жеткізушілердің қоймаларында және 128 тоннасы (1 сортты ұн) жолда. Аталған өнімдер халыққа нарықтан төмен бағада сатылуда. Қызылорда қаласында өнімдер негізінен 22 әлеуметтік дүкен арқылы сатылса, аудандарға 2 рефрижератор көлігі арқылы тасымалдануда.

Екіншіден, 1 сортты ұн бағасын тұрақтандыру және әлеуметтік нанның бағасын қымбаттатпау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Азық-түлік келісім-шарт» корпорациясы, «Астық өңдеушілер» одағы және облыс әкімдігі арасында сәуір-тамыз айларында ай сайын әр килограмы 130 теңгеден (бұл – тұрақтандыру қорының қоймасына келетін баға) 2475 тонна 1 сортты ұнды облысқа жеткізу туралы меморандумға қол қойылған. Осыған орай, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктері наубайханаларға ұнды жеткізу бойынша келісім-шарттар жасап, жет­кізіп беруді ұйымдастыру қажет.

Үшіншіден, Қызылорда және Түркістан облыстары әкім­дері арасында, Түркістан облы­сы­ның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен ерте пісетін көкөніс өнімдерін тікелей сатып алуды кедергісіз кіріп-шығу бо­йынша қамтамасыз ету туралы меморандумға қол қойылған (17 түрлі өнім). Осыған сәйкес, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері, сатып алынатын өнім көлемдері мен көлік құралдары бойынша бір апта бұрын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына (аудандық, қалалық бөлімдер арқылы) алдын ала ұсыныстарды жолдап отыруы қажет.

Төртіншіден, 3 министрліктің біріккен бұйрығымен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 9 түрінің бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында шекті бөлшек сауда бағалары бекітілді (Кейбір тауар бағалары өндірушілерден әкелу құнынан төмен, сол себепті алдағы уақытта ҚР Президентінің тапсырмасымен қайта қаралатын болады).

Қазіргі уақытта аудандар мен Қызылорда қаласында бекітілген шекті бағаларды сау­да субъектілерінің сақтауын мем­лекеттік бақылауды жүзеге асы­ратын тиісті құрылымдық бө­лімдер белгіленіп, мониторинг жұмыстарын жүргізуде. Сол себепті 9 әлеуметтік тауар бойынша қысқаша түсіндірме бере кетейін.

Талап бойынша 1 сортты ұн 154 теңгеден аспауы қажет. Облыста астық өндірілмегендіктен, бұл мәселе бойынша аудандық әкім­діктер тұрақтандыру қоры­мен келісім-шартқа отырып, нау­байханаларға 1 сортты ұн жеткізуді ұйым­дастырады. Сонымен қатар бұған барлық өлшенетін және қапта­мадағы (фасованные) 1 сортты ұндар кіреді.

1 сортты бөлке нан келісі 139 теңгеден аспауы қажет, дегенмен осы кезге дейін 75-80 теңгеге сатылып келген нан бағасы қазіргі талап бойынша 72 теңгеден аспау керек. Ал енді кәсіпкердің шығынын есептейік. Наубайханадан бір бөлке нанның өзіндік құны 73 теңге, оны дүкенге 75 теңгеге береді, дүкен өз кезегінде оның үстіне 2 не 5 теңге қояды, сонда нан бағасы 77-80 теңге болады.

Рожки – 197 теңге, бұл кате­горияға барлық өлшенетін макарон түрлері кіреді, яғни, қаптамадағы рожкилер, мысалы «Сұлтан» маркарондары әлеуметтік сараптау тобына жатпайды. Қаарқұмық – 294 теңге, бұл категорияға барлық өлшенетін қарақұмық түрі кіреді. Фирмалық қаптамадағы өнімдер мониторингке жатпайды. Күріш – 251 теңге бұл категорияға барлық өлше­не­тін күріш түрі кіреді. 10, 5 кг қап­тамадағы күріштерге қатысы жоқ.

Сиыр еті – 1760 теңге, бұл категорияға сиыр етінің жауырын сүйекті еті мен төс сүйегі кіреді. Жұмыртқа 1 категориялы – 286 теңге, бұл категорияға барлық қаптамадағы 1 категориялы жұмыртқалар кіреді. Өсімдік майы – 414 теңге, бұл категорияға барлық құтыдағы (бутилизированные) өсімдік майлары кіреді. Тұз – 47 теңге («Экстра» тұзынан басқа) бұл категорияға барлық қаптамадағы асханалық тұздар кіреді.

Осындай төтенше жағдай кезінде сабыр сақтап, кез келген мәселені бірлесіп шешуге шақы­рамыз. Ақылдасып отырсақ, алынбайтын қамал жоқ.

Пірмұхаммед СЫЗДЫҚОВ,

облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары.

Экономика 21 сәуір 2020 г. 665 0