Ауыл кәсіпкерлеріне несиені өтеуге жеңілдіктер берілуде

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына несие бойынша төлемдерді кейінге шегеру жөнінде көптеген өтініштер келіп түсуде, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры төтенше жағдай кезінде бизнес иелерінің несие жүктемесін жеңілдету бағытында бірқатар шараларды жүзеге асыруда. 2020 жылғы 16 наурыздан 15 маусымға дейінгі кезеңде төлемдерді кейінге қалдыру үшін қарыз алушы Қорға қаржылық жағдайдың нашарлағанын растайтын құжаттармен қоса өтініш жазуы керек. Өтінішті шаруалар электрондық пошта немесе мессенджер арқылы жібере алады. 7 жұмыс күні ішінде Қор өтінімді қарап, жауап береді», - делінген ҚР АШМ баспасөз қызметінің мәліметінде. 
Төлемді уақытша тоқтата тұру клиенттің несие тарихына кері әсер етпейді. Бүгінде Қор филиалдарына қаржылық жағдайларының нашарлауына байланысты мыңнан аса өтініш келіп түсті. Оның ішіндегі жалпы сомасы 240 миллион теңге болатын 582 өтініш мақұлданды. Қалған өтініштер қаралуда. Айта кету керек, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында несиелеу жұмыстарын жалғастырады. Ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнес бағыттары қаржыландырылады. 
Атап айтқанда, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығына, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен сақтауға және кәсіпкерліктің басқа да түрлеріне несие беріледі.


Экономика 17 сәуір 2020 г. 490 0