Әлемдік депрессия. Кеңес ғалымының болжамдары қалай шындыққа айналды?

Әлемді жайлаған бүгінгі қасіретті сарапшылар өткен ғасырдың 20-30 жылдардағы АҚШ-тағы ұлы депрессиямен салыстырады. Осыдан тұп-тура 100 жыл бұрын капиталистік дүниенің мызғымастай көрінген жүйесі оңбай сыр берді. Бай мен кедейдің тұрмысында жер мен көктей айырмашылық пайда болды. Ешқандай байсалды тірлікке бейімделмеген, сәл дөрекі айтқанда, құмар ойындардың сипатына көбірек ұқсайтын қор биржалары бір сәтте-ақ құлдырады, байлар кедейленіп қалмаса да жиған-тергенінен айырылды, тақыр кедейлер көбейді. АҚШ-та бір сәтте 20 млн жұмыссыз көшеде сеңдей соғылысып, адамдарды тонауға кірісті. 2 млн адам аштықтан өлді.

АҚШ президенті Рузвельт ұлы депрессия кезінде не істеу керектігін айқын түсінді. Ол тізгіндеуге, ымыраға кел­мей­­тін нарық экономикасын мем­ле­кеттік басқару әдісіне кө­шірді. Байларға салық салды. Сенделген миллиондаған жұмыс­сыздарға нәпақа табатын жұмыс тауып берді. АҚШ бюджеті мемлекеттік тапсырысты кө­бей­тіп, автомобиль жолдары салынды, мемлекеттің басқа да қажеттіліктері өтелді. Соның өзінде ұлы депрессия зардабы ондаған жылдарға созылды. Бү­гінгі дағдарыстың циклдарын кезінде кеңес ғалымы Николай Кондратьевтің дәл болжағанын оқырмандар есіне салғымыз келеді.

Сарапшылар, сол дағ­да­рысты бүгінгімен салыстырады. Бірақ ол кезге ұқсамайтын тұстары да бар. Ұқсамайтыны – депрессия ке­­зінде халықты бүгінгідей жұқ­палы дерт жай­лаған емес. Ол таза экономика сипатындағы құлдырау еді.

Таңданарлығы, Кондратьев сәуегей емес, экономика цикл­дарының өзгермелі кезең­де­рін зерттеген көрнекті ғалым. Бәл­кім, оның айтқандары, сыз­­ған жобалары тап күресі ушы­­ғып тұрған кезінде Сталинге ұнамауы заңдылық болса да, біз бүгін бастан кешіріп отырған дағдарыс циклдары ғалым дәлелдеген капитализм дүниесінің табиғатына тән екені барынша айқын көрініс табады.

Өмір қазір біздің бұрынғы көзқарасымызға түбегейлі өз­геріс енгізіп жатыр. Корона­вирус дерті әлемді шарпи бас­тағалы Ресейдің Владимир Со­ловьев басқарған хабарында бір тыным жоқ. Ресейдің атақ­ты ғалымдары, АҚШ-тың, Из­раильдың, Германияның мүйізі қарағайдай ғалымдары да осында.

АҚШ-та дерт неліктен ә дегеннен тізгіндеуге көнбеді? Хабарда осы сауалға сол ғалымдар жауап беріп, мәселенің түйінін ашқандай болады. Жаппай дағ­дарыс кезінде жеке меншік пси­хологияның ештеңе істей ал­майтыны, күшті мемлекеттік биліктің қажеттігі айтылды. Сол Америкада емдеу мекемелерінің түгелге жуығы дерлік жеке меншіктің қолында. Оларда жұ­мылдыру күші жоқтың қасы. Жеке меншік клиникалар әрда­йым бос болады. Оған жату үшін көп қаражат керек. Міне, мем­лекеттік ресурс аз жерде осындай оралымсыздықтар орын алады. Керісінше, Қытай өз мүм­­кіндігінің орасан зор еке­нін танытты.

Қазір әлем экономикасының алдағы уақытта қандай болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Дерт салдарынан эко­­­номика тұралап шығын әлем­де ондаған, жүздеген трлн долларға шарықтап кетті. Қашан қал­пына келеді? Сарап­шы­­лар­дың пікірінше әлем хал­қын бұл дағдарыстан алып шы­ғу үшін ұжымдық күш-жігер қажет етіледі. Бұл әлбетте жеке меншіктен гөрі тиімді жолға салатын ұстаным. Сол ғалымдар бүгінгі жағдайда социализм жүйесінің артықшылығын, әлеу­меттік сипаттағы эконо­ми­каның ел тұрақтылығын сақтап қалуға бейім екенін дәлелдеді. Олардың пайымдауынша, әр­кімнің өз көрпесін өзіне тартып, эгоизм принципін танытуы жағдайды бұрынғыдан да ушықтыра береді. Бірақ бір қы­зығы, менің осыдан бір-екі жыл бұрын жазған мақаламда бүгінгі құбылысты орыс, кеңес ғалымы Николай Кондратьев осыдан 80 жыл бұрын болжап айтып кеткені атап көрсетілген еді.

Әлемдік экономикалық дағ­­дарыстардың сипатын на­рық экономикасының өз таби­ғаты мен болмысынан іздеу қа­жеттігін айтқан, шектен тыс пайданың тойымсыздық пси­хологиясын тудырып, халық­тың белгілі бір бөлігінің қайыр­шылыққа ұшырауына әкеп соқ­тыратынын күллі әлемге паш еткен Карл Маркс ілімін бүгінде Батыс шонжарларының өзі мойындай бастады. Біз күні кеше келмеске кетті деп санаған социализммен бірге есімін жадымыздан шығара бастаған К.Маркстің портреті әлемдегі санаулы экономистердің қата­рында Кембридж және Окс­форд университеттерінің көр­некті жерінде ілініп тұрғанын білеміз бе? Білмесеңіз бұл айт­қандарымыздың тұп-тура ақиқат екенін қалың оқыр­манның есіне сала кеткіміз келеді.

Тосын құбылыс, әдетте, өт­кен тарихымыздың сүреңсіз, қай­ғылы оқиғаларына да қайта үңіліп, сана сүзгісінен өткізуге итермелейді. Бүгінде Ресейдің зиялы қауымы экономикалық ой болжамдары жағынан ­К.Мар­кс­тен кем түспейтін, өткен ға­сырдың 20-30-шы жылдары әлем экономикасындағы өрлеу мен дағдарыс кезеңдеріне талдау жасап, әр дәуірдегі тоқырау мерзімін дөп басып айтқан орыс экономисі Николай Кондратьев есімін құрметпен атар еді.

Өз талдаулары арқылы ға­лымның есімі 20-шы жылдары бүкіл әлемге танылды. Бірақ капитализмді қайта жаңғырту идеясымен «айыпталған» Кондратьев сол жылдары қайта-қайта тұтқынға алынып, ақыр соңында 1930 жылы 8 жылға сотталды. Түрмеде жатып әлем экономикасының құлдырау, өсу динамикасына талдау жа­саған ғалым өзіне дейінгі екі жүз жылдық ахуалды сараптан өткізді. Дағдарыстардың ша­рықтау шегі мен құлдырау нүктесінің динамикасын жасады. Оның себеп-салдарларын ашты, тіпті ол өткен ғасырдың 30-шы жылдары АҚШ-та бас­талған депрессияның мерзімін алдын ала дөп басып айтты. Түрмеден босану уақыты тая­ғанына қарамастан, ауыр нау­қастан қажыған ғалым 1938 жы­лы атылып кетті. Ол кешегі 80-ші жылдары ақталды.

Кондратьев әлем экономика­сының табиғатына қатысты қан­дай болжамдар айтты? Осыдан 80 жыл бұрын орыс ғалымы әлем экономикасындағы дағда­рыстардың кейде 45-60 жыл уақытты қамтитын созылмалы сырқаттарын айқындап берді. Оның пайымдауынша, осындай экономикалық циклдардың нәтижесінде әлемдік қауым­дастықтың өндіргіш күштері өз мүмкіндіктерін сарқып бітіп, дамудың жаңа деңгейіне өту қажеттілігі туындайтын болады. Бұл ғылыми тұжырым ре­тінде Кондратьев циклдары де­ген атауға ие болып отыр. Атап айтқанда, ол созылмалы дағдарыс циклдары 2020 жылға дейін, одан кейін тым ұзақтау кезеңдерді – 2040-2060 жылдарды қамтуы ықтимал екендігін болжады. Ұзақ толқындар кон­цепциясы деген атауға ие болған осы кезеңдерді бүгінгі ғалымдар Кондратьев есімімен байланыстырады.

Кондратьевтің циклдары бо­йынша әлем экономикасының төмендеу толқындары созылмалы түрде 2015-2025 жылдарды, өсу толқындары 2025-2045 жылдарды қамтуы ықтимал. Кереметтігі сол, алдын ала ұзақ жылдар бұрын айтылған бол­жамдардың бүгінгі таңда бір­шама шындыққа айналып отыр­ғанын атап өтпеске болмайды.

Не істеу керек? Ғалымдар қандай идея ұсынады? Шынды­ғында, егер дағдарыстың таби­ғатын капиталистік нарық эко­номикасының өз болмысы­нан іздейтін болсақ, онда бұл қатынастардың келешегі бұ­лың­ғыр болғаны ма? Капитализм дүниесінің жанашырлары мұндай пікірге үзілді-кесілді қарсы, олардың пайымдауынша әрбір дағдарыс жаңа серпінді дамуға жол ашатын қақпа іс­петті, яғни тоқыраудан өтіп, сер­пінді сілкініс жасау жаңа сапалы деңгейге көтерілудің ке­пілі болып табылады.

2008-2009 жылдардағы қар­жы дағдарысынан кейін АҚШ пен Еуроодақ капиталдары да­му қарқыны жоғары мемлекеттерге бет бұрды. 2009 жыл­дың шілдесі мен 2014 жыл­дың мау­сымы аралығында әлем­дегі 19 дамыған мемлекетке 2 трлн доллар инвестиция құйыл­ды. Ол әлемдік дамудың жаңа локомотивіне айналды. Көп­теген сарапшылар Қытай, Индия, Бразилия, Индонезия мен басқа да елдер жақын арада АҚШ, Еуроодақ және Жапонияны жетекшілік позициядан ығыстырып шығарады деген бол­жам жасаған болатын. Бұл ішінара расталды.

Өкінішке орай, ауқымды ка­питалдар құйылған дамушы мемлекеттер де, бұрын дамы­ған елдер де проблеманы бас­тан кешті. Қаржы мен жылжымайтын мүлік нарығында «көпіршік» құбылысы, яғни ма­териалдық игілікке негіздел­меген ақша тасқыны пайда болды. Өндіріс пен экспортты дамыту, арзан жұмыс күшін қалыптастыру секілді экономикалық өсім моделі өз-өзін ақтамады. Себебі, эко­номиканың заңдылығына қай­шы әрекетке барған алпауыт мемлекеттердің инвесторлары жұмыс қолы арзан жерлерге ұмтылыс жасай отырып, сатып алу қабілеті төмен халық тобының өсуін тездетті. Сөйтіп рынокта капиталистік дүниенің өндірген өнімін сатып алуға жағдайлары келмейтін кедей­лер шоғыры қалыптасты. Әлем­нің бар байлығы социализм көсемдері айта беретін ат төбеліндей дейтіндердің шек­сіз, шетсіз байлық көзіне ай­налды. Кедей барынша жар­лыға айналып, ауқаттылар мен жоқ-жұқалардың тұрмыс дең­гейіндегі айырмашылығы ша­рықтап кетті.

Жалпы әлемде сауда жүр­гізудің қалыптасқан ере­желері бар. Оларды негізінен бүкіл әлемдік сауда ұйымы реттейді. Бірақ соңғы кездері әлемдегі ірі державалардың, оның ішінде АҚШ әкімшілігінің өзі осы ұйымның іс-әрекетіне күмәнмен қарай бастады.

Коронавирус дерті әлемде қалыптасқан бұрынғы қайшы­лықтарды бұрынғыдан бетер ушықтырып жіберді. Одан әлем халқы қалай шығады? Сарапшылар оның қаупін өзара алауыздықты жойып, біріккен іс-қимыл арқылы қайтаруға болады деседі. Бұл енді уақыт еншісіндегі шаруа.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы» .

Экономика 14 сәуір 2020 г. 695 0