Мұнай өндірушілер қандай келісімге келді?

Әлем экономикасының құлдырауы салдарынан мұнай бағасы күрт төмендеді. Айналасы бір айға жуық уақыт өтпей баға екі есеге құлдырады. Мұндай жағдай мұнай өндіруші елдер ұйымына кіретіндер тарапынан бүгінде үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Осыған орай 9-10 сәуірде ОПЕК және оған енбейтін әлемнің 20 мемлекеттерінің энергетика министрлері онлайн режимінде бас қосып, өзекті мәселені талқылады. Мәселенің өткірлігі соншалық, алғашқы күні мәжіліс 11 сағатқа созылып, орта еуропалық уақытпен таңертеңгілік аяқталды. Мәселе түбегейлі шешімін таппаған соң ертеңіне, 10 сәуірде әлемдегі жетекші 20 мемлекеттің энергетика министрлері тағы бас қосып, алғашқы күні келісімге қол жеткізілмеген түйткілдерді талқылады. Нақтырақ айтқанда, Мексика өзіне өндіру көлемін қысқарту жөніндегі квотаға келіспей, жиыннан есікті тарс жауып кетіп қалған болатын. Оларды АҚШ президенті Трамп мәмілеге шақырып, Мексикаға тиісті үлесті өз мойнына алатынын мәлімдеді.

Сонымен мұнай өндіруші елдер мынадай мәмілеге келді. Алдағы мамыр-маусым айларында әлемде мұнай өндіру көлемі тәулігіне 10 млн баррельге төмендейді. Оның тең жарымын Ресей мен Сауд Арабиясы өздеріне жүктеді. Қысқартуға жататын квотаның қалған бөлігін Ирак, Кувейт, Біріккен Араб Әмірлігі, бұған қосымша мұнай өндіруші  басқа да елдер алатын болады.

Жалпы әлемдегі «қара алтын» рыногында қа­лып­тасқан жағдайды қазір былайша сипаттауға болады. Мұнайға деген сұраныс күрт төмендеді. Оның әлі сатылмай үлкен сыйымдылықтағы қоймаларда, теңіздегі танкерлерде жинақталған көлемі өзінің шарықтау шегіне жетті. Сатылмай қоймаларда жинақталған мұнайдың бүгінгі көлемі 25-27 млн баррельді (1 тонна шамамен 7 баррель) құрайды. Мұнай бағасының өсуіне АҚШ та, Ресей де, Сауд Арабияс да мүдделі. Олардың мұнай өндіру орындары табыспен жұмыс істеуі тиіс. Сонымен бірге мұнай – бюджеттің кіріс көзі. Ресей президенті В.Путин ОПЕК кездесуі қарсаңында барлығы үшін мұнай бағасының барреліне 42 доллар деңгейінде қалып­тасқаны тиімді дегенді айтты. Оның ойынша, бұл – орта есеппен алғанда сату­шыға да, сатып алушыға да оңтайлы баға. Дегенмен экономикадағы жағдай әлі ауытқымалы. Мұндай бағаға қай уақытта жетуге болады деген сұрақтың жауабы да бұлыңғыр. Себебі әуе компаниялары жұмысын тоқтатты, логистиканың басқа салалары тұралап тұр. Мұнай өндіруші елдер оның өндіру көлемін күрт қысқарта отырып рынокты үйлесімді етуге талпынуда. Сарапшылардың пікірінше, қысқартудан қаншалықты нәтиже болатынын шамамен 2 айдың көлемінде байқайтын боламыз.

Мұнай өндірісін қысқар­тудан екінші проблема туындайды. Тоқтатылған скважиналарды кейін іске қосу үшін қыруар қаржы қажет. Бұл сарапшылардың айтуынша, кеніш орындары Сібірде орналасқан Ресей үшін өте ауыр. Қатқыл, суық жерде ор­наласқан скважиналарды қайта іске қосу оңайға соқ­пайды. Бұл тұрғыда сахарада орналасқан Сауд Арабиясына біршама жеңілірек соғады. Дегенде, дәл қазір мұнай рыногын реттеудің басқа амалы жоқ. Оны көптеген елдер түсінеді.

Сонымен бірге ортақ мәселеде өз көрпесін өздеріне тартып, оңтайлы жағдай қалыптастырғысы келетіндер де жоқ емес. Норвегия, Канада, бірқатар мұнай өндіруші елдер бағаны нарық реттейді деген ұстаныммен келісімде өздеріне оңтайлы жаққа ойысуға ынталары бар екенін сездіріп қалды. Бірақ ортақ шешім қабылданды. Шілде айынан жыл аяғына дейін қысқарту көлемі тәулігіне 8 млн баррельді құрайтын бо­лады. Жаңа 2021 жылдан бастап қысқарту көлемі 6 млн баррельді құрайды. Жал­пы ОПЕК+ келісімі 2 жыл­ға арналған. Келісімге кел­­гендер осы жылдар ара­лы­ғында экономикада өзге­ріс болса, оған түзетулер ен­гізуді міндеттеріне алды. Са­рапшылардың айтуынша, келісімнің біршама сәтті өтіп, қа­тысушылардың мәмілеге келуіне АҚШ және Ресей президенттерінің және Сауд Аравиясы королінің алдын ала өзара телефонмен сөйлесулері ықпал жасаған көрінеді.

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы».

Экономика 14 сәуір 2020 г. 561 0