ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссияның кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау шаралары қаралды, - деп хабарлайды primeminister.kz.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Ә. Смайылов, Ұлттық банк төрағасы Е.Досаев, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы М.Әбілқасымова, ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов және мемлекеттік органдардың басқа да басшылары баяндама жасады.
Кеңеске қатысушылар 2020 жылға арналған бюджет параметрлерін және мемлекеттік сатып алу саласында қабылданып жатқан шараларды талқылады, оның ішінде отандық тауар өндірушілердің тізілімін жасау және арнайы мемлекеттік сатып алу режимін енгізу, қамтамасыз ету жарнасын немесе банк кепілдемесін ұсыну қажеттігін алып тастау болды.
Валюта нарығын тұрақтандыру, іскерлік белсенділікті салықтық ынталандыру, несиелер бойынша негізгі қарыз сомасын және сыйақы төлеуді тоқтата тұру, жұмыс берушілерді, әсіресе, ШОБ-ты қолдау, азық-түлік қауіпсіздігі мен баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты табысынан айырылған тұлғаларға әлеуметтік төлем жасау, халықтың әлеуметтік әлжуаз топтары үшін тегін азық-түлік жиынтығын үлестіру, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, сондай-ақ карантин кезеңінде коммуналдық қызметтерге төлемдерді төмендету шаралары қарастырылды.
Тест жүйелерімен, өкпені жасанды тыныс алдыру құрылғыларымен, дәрі-дәрмекпен және жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.
Премьер-Министр Үкіметтің қысқа мерзім ішінде 2020-2024 жылдарға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамына және 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетке нақтылау енгізетінін атап өтті. Үкімет басшысы Мемлекет басшысының тапсырмаларын тиімді әрі жедел іске асыру бойынша нақты шараларды қабылдауды тапсырды.