Биылғы қаңтар-ақпанда Қытайдың сыртқы тауар айналымы 9,6 пайызға азайып, 594,1 млрд АҚШ долларын құрады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚХР-дың Бас кеден басқармасына сілтеме жасай отырып.
Ведомствоның сайтында жарияланған мәліметке қарағанда, 2020 жылдың алғашқы екі айында елдің экспорты 15,9 пайызға азайып, 294,2 млрд долларды құрады. Импорт 2,4 пайызға, 299,9 млрд доллар межесіне дейін қысқарды.
«Сыртқы тауар айналамының төмендеуіне негізінен коронавирус пен жаңажылдық демалысты ұзарту факторлары ықпал етті», - делінген қытайлық кеденнің мәлімдемесінде. Статистикалық деректерге сүйенсек, аталған мерзімде Қытайдың сыртқы тауар айналымы ЕО, АҚШ және Жапония секілді дәстүрлі сауда серіктестері арасында азайған.
Сонымен бірге, АСЕАН-мен экспорттық-импорттық операциялардың 2 пайызға өскені белгілі болды. Мұнымен қоса, 24-29 ақпан аралығында қытайлық кеден шетелден кіретін эпидемияға қарсы құралдарды кедендік рәсімдеу шараларын жеделдетті. Тек бір аптада кедендік рәсімдеуден эпидемияның алдын алуға арналған 2,46 млрд дана өнім өтті. Оның жалпы құны 1,18 мдрд долларға бағаланды. Аталған мерзімде Қытайға шетелден 2,2 млрд қорғаныс маскасы кіргізілді. Жалпы, өткен тәулікте (6 наурыздағы сағат 24:00-дегі жағдай бойынша) құрлықтық Қытайда жаңа коронавирусті жұқтырудың 99 оқиғасы тіркелді, сондай-ақ 28 адам көз жұмды. Індеттен емделіп, аурухадан 1 678 адам шығарылды.