Кәсіпкерлік: әрбір ауданның даму ерекшелігі бар

Қызылордада биыл жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығы аяқталады. Бірақ бұл мемлекет қолдауы осымен тәмам деген сөз емес. Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың төрағалығымен өткен мәжілісте үшжылдық аясында былтыр атқарылған шаралар тізбектеліп, міндеттер айқындалды.
Есепті кезеңде жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъек­тілерінің саны 9,3 процентке, кәсіпкерлікте жұ­мыс­пен қамтылғандар саны 2,5 процентке, кәсіпкерлік субъектілері өндірген өнім көлемі 4,7 процентке артты.
– Былтыр салаға әртүрлі қар­жы көздерінен 44 млрд теңге қаражат бағыттадық. 6 мыңнан астам азаматты мемлекеттік бағ­дарламалар аясында оқы­тып, 5 мыңға жуық жобаны қай­тарымсыз гранттармен, шағын несиелермен қаржы­ландырдық. Мұндай жүйелі шаралар Президенттің шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 2025 жылға қарай 35 процентке жеткізу міндетін орындау мақсатында іске асырылуда, – деді аймақ басшысы.
Бизнесті өркендетуге биыл 38 млрд теңге бағытталды. Оның 1,7 млрд-ы – «Бизнестің жол картасы-2025», 4,5 млрд-ы – «Еңбек» мемлекеттік бағ­дарламалары шеңберінде қа­рас­тырылып отыр. Косымша 21 млрд теңге қаражатты екінші деңгейлі банктерден тарту көзделген.
Саладағы кейбір көрсеткіш бойынша өсім болғанымен, кейбірінде керісінше. Өңірде 800 мыңнан астам халық бар, соның кәсіпкерліктегі үлесі – 6,5 процент қана. Тұр­ғындарының саны бізден аз Маңғыстау және Павлодар облыстары бұл жөнінен алда тұр. Жиында аймақ басшысы өндірілетін өнім түріне баса мән беру керек екенін айта келе, саланы дамыту мақсатында атқарылатын жұмысқа байла­нысты тапсырма жүктеді.
– Мемлекет басшысының шағын және орта кәсіпкерліктің экономикадағы үлесін ұл­ғай­ту, өнім көлемін арттыру тура­лы тапсырмасына сәйкес, ірі кәсіпорындар аясында ілес­пе өндіріс орындарын дамы­туымыз қажет. Былтыр 9 айда 285,5 млрд теңгеге өнім шы­ғарылды. Бұл бағыттағы шараларды ұйымдастыруға облыс­тық деңгейдегі ғана емес, бар­лық деңгейдегі әкімдер ат­са­лысуы тиіс, – деді облыс әкімі.
Мәжіліске қатысқан Қы­зыл­орда қаласының әкімі мен селекторлық режимде байла­нысқа қосылған аудан, кент, ауылдық округтердің бас­шылары үшжылдық аясындағы шаралар мен жоспар туралы айтып берді.
Облыс орталығы мен ау­дандарда кәсіпкерліктің түрлі бағытын дамытуға болады. Мысалы, Аралда мал өсіріп, балық аулауға, сауда-саттық қарқынды дамыған Қазалыда электронды сауданы жолға қоятын жағдай бар. Қорқыт ата мемориалдық ке­шені мен «Байқоңыр» ғарыш ай­ла­ғына келушілердің көп­тігін ес­керсек, Қармақшы ту­риз­м­ді өркендетуге қарышты қа­дам жасауы қажет. Ол үшін күрежолдың бойындағы сер­вистік нысандарда қызмет көр­сету сапасын жақсартпаса бол­майды. Аудандағы Тұр­ма­­ғамбет ауылының күріш жи­наудан рекордтық көр­сет­кішке жеткенін айтқан ай­мақ басшысы Сыр салысын қалдықсыз кәдеге жарату мүм­­кіндігін қарастыруды тап­сыр­ды. Ал тоғыз жолдың то­ра­бында орналасқан Төре­там кенті халық санының көп­тігіне байланысты ауыл­дық округтермен емес, ау­дан орталықтарымен иық теңес­тірсе, құба-құп. Жа­лағаш пен Сырдарияның жері суармалы егін, бақша шаруашылығымен айналысу үшін өте қолайлы.
– Әкімшілік кедергілерді барынша қысқартып, кәсіп­керлерге қолдау көрсетуіміз қажет. Жаңа жобаларды демеу үшін қаражат жеткілікті. Тек бірлескен шараларды тиянақты жүзеге асыруымыз тиіс, – деді облыс әкімі.
Назерке САНИЯЗОВА.
Экономика 07 наурыз 2020 г. 595 0