2020 жыл: мұнай және теңге бағамы қандай болуы мүмкін?

ОПЕК (мұнай өндіруші елдер ұйымы) және оған енбейтін елдер 2020 жылға мұнай бағасының қандай болатынына болжам жасады. Бұл орайда, пікірдің бір-бірінен біршама алшақтайтынын атап өткеніміз абзал. 2016 жылдың соңында жоғарыда аталған ұйымдар Венада бас қосып, мұнай өндірісін тәуілігіне 1,8 баррельге азайтуға уағдаласқан болатын. Осы уақыттан бері мұнай нарығы тұрақталды. Қазір нарықта ұсыныс сұраныстан көп емес. Шикізат бағасын бағамдап отырған сарапшылардың пікірінше, оның құны әрі кетсе 60 долларға дейін төмендеуі ықтимал. Бұл орайда, Ресейдің энергетика министрі Александр Новактың пікірі де осыған сәйкес келеді.

Жалпы, соңғы келісімнің күші 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін жетеді. Егер оған дейін мүше мемлекеттер ортақ сөзге тоқтай алса, бағаны әлі де болса ұстап тұруға болады. Жыл көлемінде бағаны дәл болжау мүмкін емес. Бірақ оның кейбір жағдайда Таяу Шығыстағы саяси ахуалдың қандай болатынына байланысты екенін мойындауымыз керек. Саяси жағдай ушықса, мұнай бағасының көтерілуі әбден мүмкін. Бірақ сарапшылардың пікірінше, он жыл көлемінде 60-65 доллардан төмендемейтін көрінеді.

Ал, өткен жылдың соңына қарай теңге бағамының долларға шаққандағы құны төмендейді деген болжам расталмады. Керісінше, соңғы уақытта доллар бағамы біршама төмендеді. Оның қаншалықты, ненің есебінен болып жатқанын ешкім нақты айта алмайды. Себебі, біздегі нарықта түсінбейтін құбылыстардың жиі болатыны соншалық, дәл бағамды болжау күрделі сипат алып барады. Соған қарағанда теңге нарығына қосымша тосын жағдайлар әсер етуі мүмкін деген ой да туындайды.

Жуырда Ресей президенті мемлекетте долларсыздандыру саясаты жылдам жүргізіліп жатқанын баяндады. Көптеген дамушы мемлекеттердің өздері де осы саясатты берік ұстанып отыр. Мұның өзі таяу болашақта  әлемде доллар үстемдігінен арылу бағыты жылдам жүреді деген ұғымды білдіреді.

2015-2018 жылдары теңгенің долларға шаққанда күрт құлдырауы күллі қазақстандықтардың тұрмыс дәрежесіне едәуір кері ықпал жасағаны белгілі. Бұл орайда, теңгенің бүгінгі бағамы Ұлттық банктің еркін айырбас саясатына дөп келетін сыңайлы. Осыған сәйкес, алдағы уақытта доллар-теңге бағамында айтарлықтай айырмашылық болмауы мүмкін.

Ж.ӘЛМАХАН.

Экономика 30 қаңтар 2020 г. 890 0