Екінші жылдың еншісі

Өткен жылы өңірде жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығы жарияланған болатын. Биыл екінші жылы қорытындылануда. Бұл кезеңдерде облыстың кәсіпкерлік саласы дамып, бизнеске барынша қолайлы жағдайлар жасалды.  Жеткен жетістіктер аз емес. Мәселен, өткен жылы облыста кәсіппен айналысамын деген 3 мыңға жуық жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлік сауаттылықтарын ашқан болса, биылғы жылы олардың саны 6 мыңға жеткен.

Биыл 2746 жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар ісін бас­тау­ға мемлекеттік бағдарламалар аясында 1 млрд 383 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант қаражатына қол жеткізіпті. Сонымен бірге, облыс бойынша жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың және кәсіпкерлердің 1319 жобасына 5 млрд теңгеден астам шағын несие қарастырылған. Ал тұрақты бизнестің 134 жобасына екінші деңгейлі банктерден 5 млрд теңгеден астам несие көзі қарастырылса, «Бизнестің жол картасы – 2020», «Қарапа­йым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында несие бойынша проценттік мөлшерлемелері субсидияланды.

– Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау нәтижелерінің арқасында облыстың кәсіпкерлік саласындағы статистикалық көрсеткіштері біршама өсті. Өткен жылдың 1 қаңтарына тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 49991-ді құраған болса, биылғы жылдың 1 желтоқсанына оның саны 2589-ға ұлға­йып, 52580-ді құрады. Жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны бүгінде 3081-ге  (7,2%) ұлғайып, жалпы 45423 болды. Өсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 106,7 процентті көрсетуде, дейді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов.

Биыл бірінші жартыжылдықта облыста шағын және орта бизнесте 91443 адам жұмыспен қамтылып, шағын және орта бизнес 163 млрд теңгенің өнімін өндірген. Айта кету қажет, соңғы 5 жыл ішінде өңірде шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 4,9 процентке ұлғайып, 2018 жылдың қорытындысымен 16,9 процентті құрады. Бұл көрсеткіш  жыл аяғында болжаммен 16%-ке жетеді деп күтілуде.

Аймақта туризм саласын дамыту басты назарда. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар жасалуда. Соның бірі – «Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына»  енген «Қамыстыбас» демалыс аймағы, «Жаңақорған» шипажайы, «Байқоңыр» ­ойын-сауық туристік аймағын дамыту. Бұл ретте, «Байқоңыр» ойын-сауық туристік аймағын құру турис­тендіру картасының ТОП-10 нысанына енгізілген.

Қазақстанның туристік картасы – аймақтық және рес­публикалық маңызы бар нысандарды қамтитын карта. Картаның міндеті – 2-3 жыл ішінде халықаралық дәрежедегі объектілер деңгейіне шығу. Оған республика бойынша барлығы 60 нысан енгізілді.

 

Қазіргі таңда АҚШ-тағы Флорида штатының Канаверал мүйісіндегі ғарыштық туризмнің дамуы үлгісінде «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы туристтік әлеуетті одан әрі дамыту мақсатында «Байқоңыр» ойын-сауық туристік аймағын құру Тұжырымдамасы әзірленді. Бұл аймақта сауда орталығы, әлемдік стандарттарға сәйкес қонақ үй, мейрамхана, жаңа телекоммуникациялық байланыспен жабдықталған кино және ойын-сауық залдары, боу­линг, бильярд, әртүрлі техникалық арнайы эффектілері бар ғарыштық аттракциондар, «hi-tech» технологияларымен, зымырандардың іске қосылуын бақылауға арналған заманауи қондыр­ғылар, SPA-орталықтар, аквапарк, ұлттық кәдесый өнімдерінің дүкендері, этноауыл, ғарыш мұражайы орналасатын болады. Бүгінде Қармақшы ауданы аумағында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомагис­тралінің 1579 шақырымында жер учаскесі анықталды, жобаның жер телімін рәсімдеу жұмыс­тары жүргізілуде.

Жазда Қызылорда облысының әкімдігі мен «К2АТ» корей компания­сы арасында меморандумға қол қойылды. Оның шеңберінде инвес­тор бірінші кезеңде демалыс және ойын-сауық нысанының құрылысына 84 млн АҚШ долларын (шамамен 32 млрд теңге) инвестиция­лауға ниеттеніп отыр. Қазір жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу бо­йынша жұмыстар жасалуда.

Өңірде қолға алынған екінші туристік аймақ – «Жаңақорған» шипажайының құрылысы. Қазіргі уақытта ауданда 88 орындық ­заманауи шипажайдың құрылысы жал­ғасуда. Жобаның құны 906,8 млн теңгені құрайды. Оның 326 млн теңгесін «Байқоңыр» ӘКК қаржыландырса, ал қалған 580,2 млн теңгесі инвесторлардың өз қаражаты. Құрылыс-монтаж жұмыстары 90% аяқталған.

Ал  «Қамыстыбас» демалыс аймағын дамыту барысында көл жағалауына 27 кәсіпкер қызмет жасайтын 104 демалыс үйі орналасқан. Өткен жылдың қорытындысымен демалушылардың саны 89050-ге жетсе, биыл туристердің саны өткен жылмен салыстырғанда 15 процентке артқан.

Жалпы өңірде кәсіпкерліктің көкжиегі жылдан-жылға кеңейіп келеді. Кәсіппен айналысамын деген жанға мемлекет тарапынан да барлық қолдаулар көрсетілуде. Тек еңбектенуге деген ниет болса жеткілікті.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

Экономика 02 қаңтар 2020 г. 1 157 0