«Қарапайым заттар экономикасы»: 32 жоба – 2,3 млрд теңге

Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің мәжілісінде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының орындалу жайы талқыланды.

«Қарапайым заттар эконо­микасы» туралы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолда­уында айтылды. Елбасы тапсырмасын іске асыру – бас­ты міндет. Бағдарламаның ерекшелігі, жергілікті жобаларды жеңілдікпен несиелеуге жете мән беріледі. Оны жүзеге асыру есебінен 2025 жылға қарай елімізде импорт үлесі 59 проценттен 37 процентке дейін қысқарады.

15 қарашадағы статис­ти­каға сәйкес бағдарлама аясында өңірде құны 10,3 млрд теңге болатын 104 жоба ұсынылды. Оның ішінде 2,3 млрд теңгенің 32 жобасы мақұлданса, құны 5,9 млрд теңгені құрайтын 25 жоба қазір қаржы институттарының қарауында.

– Қолдау тапқан жоба­лар­дың 18-і – Қызылорда қаласы, 4-і – Арал, 3-і – Жалағаш ау­дандарының үлесінде. Жаңа­қорған ауданы бойынша бірде-бір жоба мақұлданған жоқ, – деді облыстық ин­дустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев.

Айта кетейік, Елбасы тап­сырмасын жүзеге асыру мақсатында отандық кәсіп­орындар үшін 600 млрд теңге көлеміндегі қолжетімді кредиттің айрықша шарттары мен тетіктері айқындалды. Қызылорда облысына соның 2,3 млрд теңгесі бағытталды.

Басқарма басшысы мем­ле­кеттік сатып алудағы жер­гілікті қамту көрсеткішіне кеңінен тоқталды.

– Ол жеңіл өнеркәсіпте – 64 про­центті, тамақ өнеркәсібін­де – 79 процентті, жиһаз өнер­кә­сібінде – 78 про­центті, құры­лыс индустрия­сында 72 процентті құ­рап отыр. Жеңіл және жиһаз өнеркәсіптеріндегі игеріл­­меген қаражат көле­мі – 5,5 процент, – деді Р.Сұлтангереев.

Жиын қорытындысында аймақ басшысы жергілікті та­уар өндірушілерді қолдау басты назарда болу керегін жеткізді.

– Халық күнделікті тұ­ты­натын тауар түрлері көптеп шы­ғарылып жатыр. Солардың есебін ұдайы жүргізіп отыру керек. Мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктен құр қалмай, бағдарламаның жүзе­ге асырылуына белсенді атсалысу қажет, – деді облыс әкімі.

Назерке Саниязова.

Экономика 19 қараша 2019 г. 1 521 0