МЖӘ: Аймақ алғашқы бестікте

Қазіргі күні «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік» деген сөзге бәріміздің құлағымыз үйреніп қалды. Ал бұл термин бастапқыда Америкада пайда болған екен. Ол білім беру бағдарламаларын қаржыландыруда мемлекет пен жеке сектордың бірлесіп жұмыс атқаруынан басталған. Кейіннен 1950 жылдары қоғамдық пайдалану нысандарын қаржыландыру қолға алынса, 1960 жылдары қаланы модернизациялау мен қайта құруда жекеменшік кәсіпорындар қатысып, бұл байланыс нығая түсті. Осылайша мемлекеттік маңызы бар тас жолдар мен магистральдарды салу және пайдалануға беруде жеке меншік сектор негізгі рөл атқарды. Сол кезеңдерде Жапонияда бұл тәсілді пайдаланып, алғашында жеке сектордың қаржылай көмегі арқылы көпір салынған.

Ал мемлекеттік-жекеменшік серік­тестік идеясының заманауи түсінігі, қайта жаңғыруы ХХ ғасырдың 80 жылдарында Ұлыбританияда туындады деп есептеледі. Бұл бағыт соңғы жылдары халықаралық және ұлттық деңгейде ең алдымен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған инновация ретінде қабылданған. Десе де,  билік пен жеке сектор арасындағы байланыс әлемнің көптеген елдерінде бұрыннан қалыптасқан, яғни мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының тарихы тереңде жатыр.

Бүгінгі таңда әлемнің көп­теген елдерінде бұған дейін ондаған жылдар бұрын құрылып, қазір жұмыс істеп тұрған инфрақұрылымдарды модернизациялау мәселесін  көп жағдайда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік ар­қылы шешуде. Оның ішінде, әсіресе, сауықтыруды талап етіп отырған емхана, аурухана, бала­бақша және мектеп секілді әлеуметтік нысандар мен басқа да көптеген салаларға қатыс­тылары жетерлік. Оларды қалыпқа келтіруге мемлекеттің мол қаржысы жұмсалатын бол­ғандықтан оны шешудің тиімді бір жолы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік байланысы болып отыр.

Еліміздің экономикасына нарықтық қатынастар дендеп енуіне орай осы бір ұтымды әрі тиімді тәсілдерге көңіл бөлініп, игеру қолға алына бастады. ҚР Үкіметі 2011 жылғы 29 маусымда 2011-2015 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасында мемлекеттік-жеке әріптестікті дамыту» жөніндегі бағдарлама қабылдаса, 2015 жылы «Мемлекеттік жекеменшік әріптестік туралы» заң қабылданды.

Аталған заңда мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің міндеттері анық көрсетілген. Мәселен, Қазақстан Республикасының орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің тиімді өзара іс-қимылы үшін жағдайлар жасау туралы міндеттері айқындалды. Сонымен қатар, инфрақұрылымды және халықтың тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерін дамыту үшін мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің ресурстарын біріктіру арқылы мемлекет экономикасына инвестициялар тарту жайлы айтылған. Сондай-ақ халықтың, өзге де тұлғалардың мүдделері мен қажеттіліктерін ескере отырып, тауарлардың, жұмыстар мен көр­сетілетін қызметтердің қолже­тімділігі деңгейін және сапасын арттыру, Қазақстан Республикасындағы жалпы инновациялық белсенділікті арт­тыру, оның ішінде жоғары техно­логиялық және ғылымды қажетсінетін өндірістерді дамытуға жәрдемдесу жайы анықталды.

Дегенмен, уақыт өте келе аталған заңның кейбір баптарына өзгерістер енгізу қажеттілігі туындап, ол 2017 жылы жүзеге асырылды. Осы өзгерістерге сәйкес МЖӘ жобаларын жүзеге асыру тетіктері жеңілдетілді.  Қазір жобаларды дайындау үдерісі 5-тен 3 кезеңге азайды, соған сәйкес жобаны дайындау мерзімі 7 айдан 3 айға дейін кеміді. Бұл – әрине, үлкен жеңілдік. Ол өз кезегінде мемлекет пен жекеменшік әріптестік саласында іскерлік белсенділікті арттыруға септігін тигізді.

Қазіргі таңда еліміздің барлық ай­мақ­­­­тарында балабақша, емдеу-диаг­нос­­­­­ти­ка­­лық орталықтары, спорт­зал­дар мемле­кет­тік-жекемен­шік әріп­­­­­­тес­­­тік арқылы бой көтеріп, пайда­ла­­ну­ға берілуде. Ал Қы­зылорда облысы  – мем­лекеттік-жеке­мен­шік әріптес­тік­­ті дамыту бойынша елі­міздегі бес үз­дік ай­мақтың бірі. Жүзеге асырылатын жобалар эко­номи­ка­­ның барлық салаларын қамтып отыр.

Бүгінгі күні облыс бойынша эконо­миканың барлық салаларында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жалпы құны 34 млрд теңгені құрайтын 116 жобаны іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.  2019 жылға арналған облыстық бюджеттің шығындарында аталған МЖӘ жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді орын­дауға 3,4 млрд теңге қаралды. Оның ішінде денсаулық сақтау саласына 747,3 млн, экология саласына 504,5 млн, әлеуметтік қамсыздандыру саласына 134,5 млн, білім саласына 925 млн, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына 702,6 млн, спорт саласын дамытуға 151,4 млн, мәдениет саласын дамытуға 136 млн, индустриалдық аймақты дамытуға 116,2 млн, цифрландыру саласына 77,9 млн теңге жұмсалады.

2019 жылы денсаулық сақтау саласында 15 медициналық мекемені кешенді жарақтандыру бойынша 4 жобаны іске асыру жалғасатын болады. Барлығы 157 медициналық техниканы сатып алу жоспарлануда. Жобаны іске асыру денсаулық сақтау мекемелерін медициналық техникамен жарақтандырудың ең төменгі стандарттарына сәйкес жабдықтауға мүмкіндік береді.

Осыған қоса, Арал ауданы Шижаға және Бөген, Қазалы ауданы Бозкөл және Кәукей, Қармақшы ауданы Жаңажол және Тұрмағамбет, Жалағаш ауданы Мырзабай, Сырдария ауданы Тоқмағанбетов, Шиелі ауданы Досбол, Алмалы, Тәжібаев, Тартоғай, Алғабас, Ортақшыл, Жаңақорған ауданы Жаңарық, Қызылорда қаласы Ақжарма ауыл­дық округтерінде 16 дәрігерлік амбулаторияның құрылысын жүр­гізуге жекеше әріптесті айқындау конкурстарын өткізу жоспарлануда.

Сондай-ақ, білім және спорт саласындағы жобаларды іске асыру жалғасады. Олар – Қызылорда қаласының «СПМК-70» ауданында 320 орынға және «Арай» шағын ауданында 280 орынға арналған балабақшалардың, Қызылорда қаласының «СПМК-70» ауда­нында 600 орынға арналған колледж­дің, Қызылорда қаласында 700 орынға арналған 2 студенттік жатақ­­хананың  құрылысы, Қазалы қала­сында балаларға арналған лагерьді қайта жаңғырту, спорттық кешендерді жал­ға алу бойынша 20 жоба.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда қала­сында бейнебақылау камераларын орнату және «ақылды» жол қиылыстарын құру МЖӘ жобаларын консультациялық қолдау жұмыстары жалғасады.  Сондай-ақ, МЖӘ аясында Қызылорда қаласында «Қорқыт ата» әуе терминалының құрылысы бойынша жұмыстар жалғасатын болады. Жылуды үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында бірқатар әлеуметтік нысандардың бу қазандықтары газға ауыстырылады. Бүгінгі күнгі сұйық және қатты отынның бағасын ескере отырып, бұл жобалар бюджеттік қаржыны үнемдеуге мүмкіндік бермек. Бұл бағытта қосымша 9 МЖӘ жоба жүзеге асырылады, оның ішінде 7 жоба бойынша жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурстық шаралар жүргізілуде.

Сондай-ақ,  аймақта «Тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау кешені мен поли­гон құрылысын салу және сыртқы инженерлік желілерді жеткізу» жобасы жүзеге асуда. Жобаның жалпы құны – 1,3 млрд теңге. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бес жақты келісім-шарт жасалған. Атап айтқанда, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, «Қызылорда тазалығы» ЖШС және «Техоснастка Ремсервис» ЖШС. Жо­баның 50 проценті инвестор қара­жаты есебінен. Кешеннің қуаттылығы жылына 60 мың тонна қатты қалдық­тарды сұрыптауға жетеді. Кешен іске қосылғанда 40 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жүзеге асыру бойынша Шиелі ауданы көшбасшы саналады. Аудан әкімі Әшім Оразбекұлы бұл жөнінде көптеген мәселелер шешімін тауып жатқанын жеткізді. Мәселен, 8 мектептің жылу қазандығы газға ауыстырылған. Осындай тиімді байланыстың арқасында аудандағы барлық ауылда амбулаториялық пунктер салынып бітеді. Екі спорт кешеннің құрылысы жүруде. Қысқасы, 21 нысан пайдалануға берілсе, тағы 11 нысан бойынша жұмыс атқарылуда.

Қазір МЖӘ байланыстың екі жаққа да тиімділігі барынша таразыға салынып, барлық жағдай ескеріліп отыр. Өйткені, бүгінгі таңда «Қазақстандық мемлекеттік-жеке әріптестік орта­лығы» АҚ «Мемлекеттік-жеке­мен­шік әріптестік туралы» Заңының нормалары мен ережелерін мемлекеттік ор­гандарға, әкімдіктер мен бизнес қауымдастықтарға кең көлемде түсін­діру бойынша үздіксіз жұмыс жүргізіп келеді. Облыс әкімдігінің 100 қызметкері осы орталықта білік­тіліктерін арттырды. Сонымен қатар, облыстық мәслихатта бюджеттік бағдарламалар әкімшілері МЖӘ жобалары бойынша есеп беріп отырады. Онда жобаларды іске асырудағы тікелей және түпкілікті көрсеткіштері, тиімділігі және қажеттілігі көрсетіледі.

Осындай жұмыстардың арқасында өңірімізде мемлекет пен бизнес арасындағы қатынастар жаңа деңгейге жол ашып отыр.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

Экономика 31 қазан 2019 г. 998 0