Қазіргі заманның экономикалық тарихы жеке бір елдің немесе бір аймақтың даму ерекшеліктерін зерттеумен шектеледі. Жаһандық әлеуметтік-экономикалық өзара байланыстарды зерттеу барысында көп жағдайда жаңа және қазіргі заман тарихы материалдарына сүйенеді. Ежелгі дүние экономикасының тарихы шеттетілетіндіктен сол кезеңдегі әлемдік экономика тарихы терең зерттеулерден тыс қалады немесе біржақты сарапталады.
Ұлы Жібек жолы біздің дәуірімізден бұрынғы ІІ ғасырдан ХV ғасырға дейін Еуразия елдерін біркелкі біртұтас экономикалық жүйеге біріктірген керуен сауда жолы еді. Бұл сауда жолы жеті мыңнан астам шақырымға дейін созылып, индустрияға дейінгі қоғамдағы ең ұзақ кезеңді қамтыды. Керуен жолы түрлі өркениеттер мен әлеуметтік-экономикалық жүйелерді байланыстыруда маңызды рөл атқарып, әлемдік экономиканың заманауи жүйесі мен жаһанданудың іргетасы бола білді.
Ресейлік ғалым Ю.Латовтың пікірінше, Ұлы Жібек жолы барша ғылыми қауымдастыққа белгілі, бірақ осы уақытқа дейін толық зерттелмеген. Оның пікірінше, көбінесе бұл феномен сауда тарихы немесе мәдени байланыстар шеңберінде қарастырылады. Автордың ұсынысы бойынша Ұлы Жібек жолына институционалды экономикалық тарих тұрғысында қараған жөн.
Жалпы Ұлы Жібек жолы ұғымы тарих ғылымдарына ХІХ ғасырда енді. 1877 жылы неміс саяхаттанушысы және тарихшысы К.Риктгофен «China» еңбегін жазып, шығыс елдеріндегі сауда жолын алғаш рет «Жібек жолы» деп атаған.
Жалпы әлемдік ғылыми әдебиеттерде Ұлы Жібек жолына байланысты еңбектер өте көп. Мәселелердің жан-жақты қарастырылғанын төмендегі талдаудан байқауымызға болады. Бес мың жылды қамтыған Фрэнсис Вудтың 2004 жылы жарық көрген еңбегінде британдық кітапхана мен өзге де музейлердегі фотосуреттер, қолжазбалар мен суреттер Жібек жолының тарихы мен мәдениетінің жалпы белгілерін танытады. Танымал зерттеушілер Штейн, Хедин мен Маннергеймның бұрын жарияланбаған суреттері де осы еңбекте берілген.
Е.Кузьминаның 2008 жылы ағылшын тілінде Пенсильвания университетінің баспасынан шыққан «The Prehistory of the Silk Road» зерттеу жұмысы да қызықты. Еңбек қола дәуірі мен ежелгі темір дәуіріндегі бүкіл Еуразияны қамтиды. Автордың пайымдауынша, осы кең аймақтың ежелгі тұрғындарының өркениет тарихына қосқан үлесін бүкіл әлем мойындайды. Ескі дүние тарихындағы маңызды құбылыстарының бірі Ұлы Жібек жолы ежелгі дүние мен ортағасырларда Қытай, Еуразиялық дала, Орталық Азия, Үндістан, Батыс Азия мен Еуропа арасындағы сауда жолын байланыстырып, кейін Византия империясы, Венеция және оның шеткері аймақтарына жеткендігін баяндайды.
Ежелгі кезеңнен бүгінгі күнге дейінгі Орталық Еуразияның тарихы жазылған Кристофер Беквиттің «Empires of the Silk Road» 2011 жылы жарық көрген іргелі еңбегінде ірі аймақтың пайда болуы, тарихы және осы кезеңдегі маңыздылығы зерттеледі. Ғалым ұлы орталық-еуразиялық империялардың, оның ішінде скифтер, ғұндардың Аттилласы, түріктер мен тибеттіктер, Шыңғыс хан мен моңғолдардың шарықтауы мен құлауын сипаттайды. Сонымен қатар, парсылар, гректер, арабтар, қытайлықтардың жаулауына қарамастан, Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан елдердің Орталық Еуразияда мыңдаған жылдар бойы экономикалық, ғылыми және өнерде көшбасшы болғанының себептері түсіндіріледі. Жібек жолы империяларының өркениет тарихындағы Орталық Еуразиядағы дүниежүзілік орнын атайды.
Кери Смиттің 2013 жылы жарыққа шыққан «Sociology of Globalization: Cultures, Economies, and Politics» кітабында «Жаһандану дегеніміз не?» деген сауал қойып, мынадай тұжырым ұсынады: «Жаһандану – бұл адамдардың өзара қимылдары мен интеграцияларының, ақпараттық технологиялар қолдауымен халықаралық сауда мен инвестицияларды басқаратын түрлі мемлекеттердің компаниялары мен үкіметтерінің процесі. Дегенмен, жаһандану жаңа түсінік емес. Адамдар мыңдаған жыл бойы үлкен арақашықтықтағы жерлерді бір-біріне сатты.Мысалы, орта ғасырларда Қытай мен Еуропаны байланыстырған атақты Жібек жолын айтуымызға болады. Осы секілді адамдар мен корпорациялар ғасырлар бойы өзге елдердің өндірісіне қаржыларын салды. Бірақ бұл технологиялар басқа еді».
Америкалық ғалым Альфред Дж. Андреа 2014 жылы дүниежүзілік тарихтағы Жібек жолының орнына шолу жасалған «The Silk Road in World History: A Review Essay» мақаласында сауда керуені екі заманауи кезеңде қарқынды академиялық зерттеулер жүргізілгенін дәйектейді. Біріншісі ХІХ ғасырдың аяғы мен 1930 жылдардың бас жағында жүзеге асты. Ғалымның пікірінше, осы кезеңде Шығыс Түркістан (қазіргі кезеңдегі Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы) мен қытайлық Ганьсу провинциясында жұмыс жасаған еуропалық, жапондық және америкалық авантюрист-ғалымдар Жібек жолының жаңадан ашылған және көптеген ежелгі орындарын тонаған. Зерттеудің екінші кезеңі 1980 жылдары басталды. Бұл әрекет геосаяси, мәдени және технологиялық шындыққа, жаңа дүниежүзілік тарих тарихнамалық алаң мен оқытудың саласы ретіндегі өзгерістеріне байланысты болды. Екінші кезеңде ғылыми және көпшілікке арналған жарияланымдардың көбеюімен қатар, Ұлы Жібек жолының маңыздылығын сипаттайтын материалдар бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жариялана бастады.
Түркиялық ғалымдар Садик Ридван Карлук, Сулейман Джем Караманның Ұлы Жібек жолын Азия мен Еуропаның өркениеттерін біріктіргенін дәйектеген «Bridging Civilizations From Asia to Europe: The Silk Road» атты ғылыми жұмысында керуен жолының өз тарихында 50-ден астам елді байланыстырған маңызды рөлін баяндайды. Авторлардың айтуынша, осы ежелгі сауда жолын қайта жаңғырту қазіргі таңда саясаткерлер арасында талқылануда. Заманауи Жібек жолын жаңғыртуға ұсынылған және жүзеге асырылған бірнеше жобалар ретінде, оның ішінде Баку, Тифлис және Карс арқылы Әзербайжан, Грузия мен Түркия арасындағы темір жол жобасы, Босфор бұғазы, Мәрмәр теңізі арасындағы суасты темір жол туннелі, Қытай ұсынған Жібек жолының экономикалық белдеуі және т.б. айтылады. Ғалымдардың пікірінше, бастапқы Ұлы Жібек жолы тек керуендер мен сауданың жолы ғана емес, ғасырлар бойы адамзатқа қызмет жасаған мәдени, діни және философиялық алмасулардың тоғысқан орны болған. Оның жаңғыртудың бүгінгі заманауи бастамаларын бұрынғы керуен жолының көздеген мақсаты секілді шығыс пен батыс өркениеттері арасындағы көпір ретінде қаралуы керек. Жаңғыртылған Жібек жолы тарихта үйлесімділігі танылған елдер арасындағы қатынастарды бекітуге ықпал жасайды. Ұлы Жібек жолын құрайтын теміржол, көлік құралдары, трансұлттық қақпалар мен табиғи газдың құбыр желісі аймақты түрлендіріп, олардың экономикалық өркендеуіне жол ашады.
ДНК, адамның шығуы мен миграциясы туралы еңбектердің бірінде Ұлы Жібек жолы да талданады. Жабайы тұт ағашының жібек құртын қолға үйрету және жібек көбелекті жасанды сұрыптау арқылы жібек әдемілік бұйымы, байлық пен әсемдіктің символына айналды. Жібек дала жолдарын жібек жолына айналдырған негізгі фактор бола білді. Ұлы Жібек жолында тек жібек қана тасымалданбады, бұл жолда керамика, шыны, бағалы металдар, үй жануарлары, тоқымалар, дәмдеуіштер, бидай, көкөністер, жемістер, мал терісі, құралдар, ағаштан жасалған бұйымдар, металл құрастырылымдары, діни нысандар мен өнер туындылары тасымалданды. Бір жағынан, бұл жолда бубон обасы, түйнеме мен алапес секілді індеттер де таралды. Орталық Азияның кең территориясына Тибет пен көршілес елдердің жаулаушылығы барысында жойыла бастады. Моңғол империясы құлағаннан кейін Ұлы Жібек жолы кезекті рет құлдырады. Ұлы географиялық жаңалықтар дәуіріндегі еуропалық державалардың жылдам теңіз жолдары Жібек жолына соңғы соққысын жасады.
Расында, Ұлы Жібек жолы тек сауда керуені ғана емес, ол түрлі тарихи кезеңдер мен мезгілдердегі барлық аймақтардың мәдени-ағартушылық байланыстарын құрған жүйе. Керуен жолы арқылы адамзат тарихында мәдениеттер арасындағы жақындасу орын алып, мәдени құрамдастардың үйлесуі жүзеге асты. Еуразияның негізгі мәдени орталықтарын біріктірген жолдар уақыт сұранысына қарай өзгеріп отырды. Ұлы Жібек жолы қазіргі түсініктегі жаһанданудың да іргетасы бола білді. Түрлі саяси факторлардың әсері, теңіз жолдары рөлінің артуы құрлық транзитіне ықпал жасап, нәтижесінде Ұлы Жібек жолының негізгі бағыттары құлдырады.
Мұрат НАСИМОВ,
саяси ғылымдарының
кандидаты,
Қызылорда «Болашақ» университетінің профессоры.