Ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі артуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған тұңғыш Жолдауында ел өміріндегі түйткілді мәселелердің түрлі шешімдерін нұсқаған еді. Сонымен қатар, Президент Үкіметке, салалық министрліктерге, әкімдерге және жауапты тұлғаларға ел экономикасын серпінді дамыту бойынша зор міндеттер жүктеп, нақты нәтижеге қол жеткізуді тапсырды. Бұл бағытта Сыр өңірінде де ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны айқын.

Агроөнеркәсіп кешенін жан-жақты дамыту – Қа­зақ­стан үшін басым бағыт­тардың бірі. Бұл туралы Мемлекет басшысы өз Жолдауында ерекше атап өткен. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде және одан тыс жерлерде сұранысқа ие органикалық және эколо­гиялық таза өнім шығару үшін еліміздің әлеуеті зор екенін атап өтті. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, тұрғындардың табысын өсіруге және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар белсенді жүзеге асырылып жатыр.

Сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешенін дамыту тапсырмасында ауыл шаруашылығы саласына, оның ішінде фермерлерге өз өнімін сыртқа шығарып сату үшін барынша қолдау көрсету және ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау айтылған.

Саланы одан әрі дамытуда біршама жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттің тұрақты қолдауының арқасында соңғы бес жылда облыстың жалпыөңірлік өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесі 2,6 проценттен 3,7 процентке артты. Жыл сайын өңделген өнімдердің экспортын 2,5 есеге ұлғайту, өндірілген жалпы өнім көлемін 2 есеге, инвестиция көлемін 3 есеге арттыру міндеттелген. Бұл міндеттерге қол жеткізу үшін қабылданған «Агрокарта» аясында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр.

Қызылорда қаласында «Сыр маржаны» ЖШС стандартқа сай ет комби­на­тының құрылысын салып, жыл аяғында қолданысқа беріледі деп межеленуде.

Осы ет комбинаты қолданысқа берілгенше, облысқа бекітілген жос­парды бұқашықтарды тірілей өткізу арқылы орындауды көздеп отырмыз. «Сыр маржаны» ЖШС Өзбекстан мемлекетіне 250 бас тірідей бұқа­шықты экспорттады. Иран Республикасына 56 бас бордақыланған бұқа­шық экспортталды. Иран Ислам Республикасына 789 бас, Біріккен Араб Әмірліктеріне 950 бас тірілей қозы экспортқа жөнелтілді.

Биыл облысқа «Сыбаға» бағдарламасы аясында 2650 бас асыл­тұқымды импортталған МІҚ аналығын сатып алу жоспары бекітілген. Шет мемлекеттерден малды асылдандыру және ет, сүт бағытын арттыру  мақса­тында  807 бас, яғни, Чехиядан 280, Германиядан 167, Ресейден 360 бас  асылтұқымды ірі қара аналығы облысқа жеткізілді. 

Пайдаланылмай жатқан жерлер оны қолдануға қабілетті тұрғындарға жалға беріледі. Барлық егістік жерлер түгенделетін болады. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша пайда­ла­нылатын қаражат үш есеге артып, олар инфрақұрылымға, мектептер мен ауруханаларға жұмсалады. Ауыл­шаруашылық өндірісін 4,5 есеге арттыру үшін суармалы жерлердің саны 4 есеге ұлғаймақ.

Жалпы Президенттің стратегиялық қадамдары, қоғамды жаңғырту, жетілдіру жөніндегі ойы Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың тарихи құжаттарының жалғасы іспеттес. Жолдауда ел дамуына жаңа талаптар белгіленген, ашықтық пен нақтылыққа көзделген қоғам деңгейіне көтерілудің алғышарттары көрсетілген. Елге сенім ұялатқан мұндай маңызды құжат халық дамуы мен өмір сүру деңгейінің алға қарай артуына жетелейтініне үлкен сенім бар.

Ерсұлтан АПЕТОВ,

облыстық ветеринария басқармасының басшысы.

Экономика 08 қазан 2019 г. 951 0