Қызылорда облысы: экономика дамуы тұрақты сипат алып келеді

Әлем экономикасындағы алақұлалыққа қарамастан Қазақстан, оның ішінде Қызылорда облысының экономикасы Президент шешімдеріне сәйкес белгіленген міндеттер және Үкімет айқындаған параметрлер бойынша тұрақты дамып келеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің атқарушы билік алдында қойған міндеттерінде алдағы уақытта өңірлердің дамуына басым бағыт берілетінін атап көрсеткен болатын. Бұл түсінікті де. «Күшті өңірлер – күшті орталық» деген тәмсіл осы көзқарастан туындап отырғанын атап өткіміз келеді.
Қызылорда облысында 2019 жыл­дың 1 тоқсанында халықтың орта есеппен алғанда атаулы ақшалай табысы жан басына шаққанда 71,2 мың теңге құрады. Сөйтіп ол 2018 жылдың 1 тоқсанымен салыстырғанда 16 процентке жуық өсіп отыр. Аталған кезеңде халықтың табысының өсімі инфляция деңгейінен біршама жоғары болғанын атап өткіміз келеді.
Облыста соңғы жылдары макроэкономикалық көрсеткіштер жақсарып келеді. Нәтижеде тұтыну бағаларының өсімі төмендеді. Есесіне негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі артып келеді. 2019 жылдың қаңтар-тамыз айларында негізгі капиталға салынған инвестиция облыста 233 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,7 есе өсім болғанын айғақтайды.
2019 жылдың қаңтар-тамызында облыста 5,8 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілді. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 82 млрд теңгені құрайды. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі аз болғанына қарамастан соңғы жылдары оның өсу қарқыны республикада алдыңғы қатарлардың бірінде болды. Облыстың қысқа мерзім ішінде өңдеу өнеркәсібі бойынша жақсы көрсеткіштерге жетуі республика көлемінде әрдайым атап өтіліп келеді.
Кез келген мемлекеттің оның ішінде аймақтардың өсу қарқыны осы инвестициямен өлшеніп пішіледі. Инвестиция­ның негізгі буыны соңғы жылдары жедел қарқын алған құрылыс саласымен байланысты болып отыр. Белгілі жағдайларға байланысты аймақта кен өндіру өнеркәсібі біршама төмендеді. Бұл едәуір уақыттан бері айтылып жүрген мұнай қыртысының сулануына байланысты объективті жағдаймен сабақтас болып отыр.
Облыста алдын ала деректер бойынша 2019 жылдың 1 тоқсанында өндірілген өңірлік өнім көлемі 351,7 млрд теңгені құрады. Тиісті кезеңмен салыстырғанда біршама өсім нышаны байқалады. Облыс бойынша жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көрсеткіші 442 мың теңгені құрады.
Соңғы жылдары облыста индустриялық инновациялық бағыттағы жобаларды жүзеге асыру тиісті нәтижелерге жеткізді. Осының нәтижесінде бетоннан жасалған құрылыстық мақсаттағы бұйымдар көлемі 2 есеге өсті. Сондай-ақ құрылыс конструкцияларын, тауарлы бетон өндіру көлемі ұлғайды. Осының барлығы облыста құрылыс индустриясының дамып, келешекте оның өрісін кеңейтуге берік негіз қаланғанын айқындайды.

Облыста ауыл шар­уашылығы өнімдерін өндіру біршама қарқын алып келеді. Әсіресе, соңғы жылдары экспорт бағытындағы жұмыстар жандана түсті. 2019 жылғы қаңтар-тамызда салада 36,8 млрд теңгенің өнімдері өндірілді. Оның негізгі бөлігін өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы құрайды. Аталған кезеңде аймақта ірі қара малының саны 340,8 мың басқа жетті. Бұл 2018 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсімнің көлемі 6 процентке жеткенін айқындайды. Сондай-ақ қой мен ешкі басының өсімі тиісінше 9 және 8 процент құрады. Сарапшылардың атап көрсетіп жүргеніндей, бұл көрсеткіштер қысқа мерзім үшін жемісті дәйектер болып табылады.

Мал басының өсімі облыс­тың экспорттық потенция­лын арттыруға негіз қалады. Оңтүстік-шығыс Азия елдеріне, Араб елдеріне өнімдерді экспорттау кең өріс ала бастады. Алдағы уақытта өнімді өңдеу басты басымдыққа айналатын болады. Осының өзі облыс­тың ішкі жалпы өнімінде мал шаруа­шылығының басымдық алатынын айқындап берді.
Облыста аталған кезеңде құрылыс-монтаж жұмыстарының, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарының көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2-4 есеге артты. Бұл бұрын соңды болмаған көрсеткіш. Аталған көрсеткіш облыстың ішкі мүмкіндіктерінің соңғы жылдары еселеп артқанын көрсетеді. Облыста әсіресе тұрғын үй құрылысына салған инвестициялар еселеп артты. Нақты цифрға жүгінсек 2019 жылдың қаңтар-тамызында 2018 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда оның өсімі 70,8 процентті құрайды. Бір ерекшелігі, негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемінде тұрғын-үй құрылысында игерілген қаражаттың үлесі 10,6 процентті құрады. Салыстырмалы түрде алғанда бұл үлкен көрсеткіш. Нақты айтқанда, тұрғын үй құрылысына 24,8 млрд теңге қаржы жұмсалды. Тағы бір атап өтерлігі, тұрғын үй құрылысының негізгі қаржыландыру көзінің үлес салмағы салушылардың меншікті қаражаты болды.
Аймақта бөлшек сауда көлемі ұлғайып келеді. Оның көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда біршама өсті. Сонымен бірге базарларда сауда-саттықпен айналысатын жеке тұлғалардың кәсібі ұлғайды. Ішкі тұтыну көлемі артты. Экономика тілімен айтқанда, халықтың ішкі сұранысының өсімі материалдық жағдайдың біршама тұрақты сипатқа ие болғанын айғақтайды.
Облыста еңбек нарығы біршама тұрақтанды. Жұмыстың деңгейі жұмыс күші санына 4,8 процент құрады. Аймақты тұтас­тай алғанда нақты экономика салаларында өсудің тұрақты сипаты байқалады. Бұл өңірде қалыптасқан макроэкономикалық көрсеткіштердің оңды деректерінің нәтижесінде мүмкін болып отыр. Осының барлығы, сайып келгенде, аймақ экономикасының 2019 жылды табысты қорытындылайтынына негіз қалайды.

Бетті әзірлеген Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ, «Сыр бойы».
Экономика 28 қыркүйек 2019 г. 892 0