Мал өнімдері экспортын ұлғайту – өзекті мәселе

Қазақстан Президенті «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндік бар» деп атап көрсеткен болатын.
Сондай-ақ, Президент Жолдауда суармалы жерлердің жер көлемін кезең-кезеңмен ұлғайту, оның есебінен өнім көлемін еселеп арттыру, сыртқа өнім шығаруға қолдау көрсету, өнім өңдейтін кәсіпорындар әлеуетін арттыру, жем-шөп базасын нығайту мәселелері туралы кеңінен қозғады.
Иә, Жолдауда бірқатар өзекті мәселелер айтылды, атқарушы билікке келелі міндет­тер жүктелді. Шынын айтуы­мыз керек, Қазақстанның агро­өнеркәсіп кешенінде бү­гінге дейін де көптеген істер тын­дырылды. Қазір оларды есе­лей түсу міндеті қойылып отыр.
Соңғы жылдары Қазақ­станда ауыл шаруа­шы­лы­­­­ғын, оның ішінде мал шаруа­­­­шылығын қолдау бағы­тын­да көптеген іс-шара­лар атқарылуда. Бұл орайда  «Агро­өнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жыл­дарға арналған  мем­ле­кет­тік бағдарламасы» қолға алын­­ғаны белгілі. Бүгінде агроөнеркәсіптік кешен эко­номиканың тұрақты дамып келе жатқан салалардың бірі ғана емес, сонымен бірге бизнес үшін экономикалық тұрғыдан тартымды салаға айналып отыр. Кейбір есептерге жүгінсек, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған бағдарламаны жүзеге асыру арқылы ауыл шаруашы­лығындағы бір жұмысшының еңбек өнімділігі 4 млн теңгеге дейін 2,5 есеге, қайта өңделген өнім экспорты 2,7 млрд АҚШ долларына дейін 2,5 есе, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2 есеге дейін, саланың негізгі капиталына инвестициялар түсімі 3 есе, тартымды несие қаржыларының көлемі 2021 жылға қарай  2017 жыл деңгейіне қарағанда 9 есе ұлғаяды деген болжамдар бар. Сонымен қатар, бағдарлама нәтижесінде 600 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, айналымға қосымша 500 млн гектар жайылым енгізілуі тиіс. Одан бөлек сиыр және қой өндірісін 600 мың тоннадан 1,6 млн тоннаға дейін ұлғайтып, ірі қара мал етін экспорттау бойынша 5 көшбасшы елдер қатарына кіруге мүмкіндік бермек.
Қазақ малының еті мен сүті молая ма? Жоғарыда аталған мәселелер бойынша мал шаруашылығының еліміз үшін алар орны ерекше. Себебі мал шаруашылығы – ауыл шаруашылығының тек жалпы өнім беретін саласы ғана емес, халықты маңызды азық-түлікпен қамтамасыз ететін негізгі жүйесі. Соңғы жылдары мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде оң өсім байқалады. Бірінші жартыжылдықтың қо­рытындысы бойынша мал шар­уа­­шылығының жалпы өнімі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10,5 процентке ұлғайды. Сиыр етін өндіру 477 мың тоннаны құрады, бұл ішкі тұтынудың 98 процентін қамтамасыз етеді.
Жалпы алғанда, өнер­кәсіп­тік және отба­сы­лық үлгідегі сүт-тауар фермаларының санын арттыру есебінен қайта өңдеу қуаттылығын игеру үшін сүт өндіру көлемін 1 млн тоннаға ұлғайту жоспарлануда.   Өзімізден  артылғаны  шетелге сиыр еті мен қой етін өндіруде, сондай-ақ экспорт көлемін кеңейту үшін ірі қара мал мен қойдың аналық басын еселеп өсіру қажеттігі туындап отыр. Етті мал шаруашылығын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасы аясында өткен жылдан бастап жеңілдікті шарттармен етті мал шаруашылығында отбасылық фермерлік шаруашылықтарды құруға кредит берудің арнайы бағдарламалары іске қосылды. 2019 жылы 683 отбасылық ферма 66,7 мың басқа несие алып, 42 мың аналық бас ірі қара мал әкелді.

Бұл орайда мал басын сатып алудың ең жоғары көрсеткіштері Ақтөбе және Алматы облыстарында, ең төмен көрсеткіштері Қостанай облысында екенін атап өтуге болады. Сонымен қатар, Қазақстанда 536 фермерлік шаруашылық 210 мың аналық қой сатып алуға қаржыландырылды. Қазақстанда қой басын сатып алуда көш бастап тұрғандар Батыс Қазақстан, Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстары. Төмен көрсеткіштер бойынша Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстары. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров етті мал шаруашылығын дамыту мәселесі бойынша: «Біз осы секторда іске асырылмаған үлкен әлеуетті көріп отырмыз. Жылдам нәтижелерге қол жеткізу үшін өнеркәсіптік сүт-тауар фермаларын салу қарқынын арттыруды қамтамасыз ету қажет. Ол үшін министрлік жеке тұжырымдама әзірлеуде. Өз өндірісіміздің көлемін арттыруды ынталандыру үшін өткізу нарықтарын кеңейту және экспортты ұлғайтуды ынталандыру мүмкіндіктері қарастырылуда. Министрлік ауыл шаруашылығы шикізатының экспорты бойынша ҚР үшін негізгі елдеріне (ЕО, ҚХР, Иран, Парсы шығанағы елдері) ауыл шаруашылығы шикізатынан қайта өңделген (алғашқы қайта өңдеу) өнімге ветеринарлық-санитарлық талаптарды шешу және келісу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Қазір елімізде сиыр еті экспортының көлемін 37, қой етін 32, шошқа етін 43 процентке дейін арттыру жоспарланып отыр. Биыл Нұр-Сұлтан қаласында қуаты жылына 5 мың тонна ет өндіретін ет өңдеу кешенінің құрылысы бойынша «Ерейментау ақбас» ЖШС-н пайдалануға беру көзделген. Батыс Қазақстан облысында уақытша тоқтатылған Кроун батыс жобасына жаңа инвесторды тарту бойынша жұмыс жүргізілді. Сондай-ақ, Гранд Фарм (ҚХР), Бауманн (Германия), Иналка/Кремонини (Италия) сияқты трансұлттық компанияларды ет өңдеу секторына тарту жұмыстары жүргізілуде.
Соңғы жылдары Қызылорда облысында «Мал шаруашылығына тұрақты қолдаулардың арқасында мал басы өткен ғасырдағы ең көп болған 1993 жылдан асты. Соңғы 5 жылда ет өндірісі 2,8 есеге, ал, сүт өндірісі 1,7 есеге өсті. Кезінде Елбасы «Аграрлық сектор – экономиканың жаңа драйверіне айналуы» қажеттігін ерекше атап көрсетіп, аграрлықтардың алдына еңбек өнімділігін және қайта өңделген өнімдердің экспортын 2,5 есеге арттыру туралы мақсат қойған болатын. Осы тапсырмаларды орындау мақсатында облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу рыноктарына кешендік маркетингтік зерттеулер жүргізілді. Облыстың агроөнеркәсіп кешенін 2022 жылға дейін дамуының «Агрокартасы» әзірленіп, іске асырыла бастады.
Қазір облыста «Агрокарта» аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемін 2021 жылға қарай 5 есеге дейін ұлғайту көзделіп отыр. Агрокарта аясында мал шаруашылығы саласында бірқатар ірі жобалар іске асырылуда. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасы аясында шет елдерден асылтұқымды ірі қара мал жеткізіліп, облыста 8 репродуктивтік шаруашылық  ұйымдастырылды.
Сонымен бірге, аймақ халқын сапалы экологиялық таза табиғи өнімдермен қамтамасыз ету үшін облыста 1200 басқа арналған сүт өндіру кешенінің, мың басқа арналған екі бордақылау алаңдарының құрылыстары жүргізілуде. Ет, сүт шаруа­шылығын дамытумен қатар, облыста 5 құс шаруашылығы ұйымдастырылып, жұмыртқа өндірісі 1,6 есеге артты.
Осылайша, облыста ет экспортын қамтамасыз етудің негізі қаланды деп айтуға болады. Өңірде жылына 25 мың бас мүйізді ірі қара малын бордақылайтын ірі және орта мал бордақылау алаңдары жұмыс жасайды. Облыстың аусыл ауруынан буферлік аймақтан шығуының арқасында Иранға, Біріккен Араб Әмірлігіне, Моңғолияға, Ресейге, Өзбекстанға тірілей қозы, ірі қара малдарын етке экспорттау басталды. Ет өнімдерінің экпортын ұлғайту үшін биыл жылына 5 мың тонна ет өнімдерін өндіретін халықаралық стандарттарға сәйкес келетін ет комбинаты іске қосылатын болады. Келешекте ет-сүйек ұнын өндіретін, балық жемін шығаратын және жүн, тері өңдейтін өндірістерді дамыту жоспарлануда.
Қазақстанда, оның ішінде облыста агроөнеркәсіп кешенінің басты буыны – мал өнімдерін экспорттау бүгінгі таңда өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Бұл облыс қана емес, Қазақстанның болашақ көкжиегін айқындайтын маңызды сала болып табылады.
Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ.
Экономика 12 қыркүйек 2019 г. 750 0