Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандырады

Экономика, әсіресе нарық экономикасы кез келген тосын құбылыстарды тез қабылдайтын нәзік түйткілдің бірінен саналады. Ондағы жылдам өзгерістерді бақылаусыз, бетімен жібермес үшін атқарушы билік белгілі бір тежегіш механизмдерді қолданып отырады. Бұл жалпы, либералды экономикадан тысқары жатқан кез келген экономикаға тән.

Жуырда ҚР Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов баспасөз конференциясын өткізіп, барлық өңірде әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаның инфляциядан озық екенін мәлімдеді. Бұл тауарларға бағаның өсуі 7,2%-тен 15,1% аралығында болған. Ең жоғары өсу Нұр-Сұлтан (15,1%), Жезқазған (11,8%), Талдықорған (10,4%), Ақтөбе (9,9%)  Атырау (9,8%) қалаларында орын алған.

– Біздің міндетіміз –  инфляция­ны 4-6% дәлізінде сақтау. Биыл жалпы инфляция беталысы біршама төмен. Инфляцияның жылдық мәні шілде айының қорытындысы бо­йынша 5,4% құрады. Жыл соңына дейін біз бағаның өткен жылдағыдай өсуіне жол бермеу үшін барлық шараны қабылдайтын боламыз, – деді Р.Дәленов. 

Қазір еліміздегі жергілікті атқарушы органдар осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Тиісті жерлерде сауда ережесіне енгізілген жаңа өзгерістер бойынша тұрғындарға азық-түлік өнімдерін, жеміс-көкөніс өнімдерін өндіруші бағасына жақын бағамен, барынша аз шығынмен сатуға мүмкіндік беретін көтерме-тарату орталықтарын салу қолға алынды. Сонымен қатар тұрақтандыру қорларының жұмыс рәсімдері жеңілдетілді. Бағаға мониторинг жүргізу және бағаны құруда делдалдық операциялар мен келісуді анықтаудың құралдары бар.

Мәселен, жыл басынан бері Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті 11 субъектіге қатысты нан, сүт өнімдері, қант, ет, құс еті нарығында жеті зерттеу жүргізді. 4 субъекті әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 4 млн теңгеге жуық сома айыппұл салынды, 6 млн теңге көлеміндегі монополиялық табыс алынды. Қалған субъектілер бойынша істер әкімшілік соттың қарауында жатыр.

«Жұмыстарды жүргізіп жатырмыз, бағалар бұрмалануына үнемі мониторинг жасаймыз. Қажет болған жағдайда және шағым түссе, біз заңнамаға сәйкес шара қабылдау үшін тексеруге шығамыз» деді министр бұл орайда.

Сонымен қатар Р.Дәленов сау­да желілерінде үстеме баға бо­йынша шектеу қойылатынын атап айтты. Бұл 19 позиция бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарларға ғана қатысты. Олар бойынша сауда желілерінде үстеме баға 15%-тен аспауы тиіс. Заңнамалық өзгерістер қабылданған. 

Әрине, нарық жағдайында оның өз табиғатына тән туындауы мүмкін теріс құбылыстарды ескермесе және болмайды. «Бұл ретте сөрелер бос қала ма деген үрей туындайды. Оған жол бермеу үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға сауда желілеріне айналма қаражатын ұсыну құқығы берілген», – деп түсіндірді министр.

Қазір сөрелердің 30%-ін тек қана отандық азық-түлік тауарларына ұсынуды көздейтін норма енгізілді. Бұл бір жағынан азық-түлік тауарлары бағасының бақылануына әкеледі.  

Қазақстанда осы жылдың басынан бастап инфляция 4-6% дәліз шегінде сақталуда. Жылдық инфляция 5,4% деңгейінде қалыптасты, ал 2018 жылдың шілдесінде ол 5,9% құраған болатын.

Қазір Үкімет барлығына талдау жүргізуде. Инфляцияның өсуіне ең көп әсер еткен – азық-түлік тауарлары. Олардың инфляция өсіміне қосқан үлесі 3,4 процент құрады. Осы тауарлар бағалар өсуінің шамамен 63% құрады. Азық-түлік бағалары өсуінің жартысы әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарларына тиесілі.

Үкімет жүргізген талдау бо­йынша биыл инфляцияны берілген дәлізде ұстап қалу үшін 10 тауар анықталды. Олар – пияз, сәбіз, картоп, қызылша, күріш, ұн, жылқы еті, қой еті, сиыр еті және нан. Тауарлардың осы тобы бойынша күшейтілген бақылау жүргізіледі. Сондай-ақ, олардың бағаларын төмендету бойынша шаралар қабылдануда.

Үкіметтің талдауы бойынша қазір тауардың бағаларын ұстап тұру үшін барлық қажетті құралдар бар. Бұл тұрақтандыру қорлары және сауда желілерін кредиттеу, көтерме-тарату орталықтары, делдалдық операцияларды мониторингтеу және тексеру болып табылады. Аталған құралда жергілікті атқарушы органдарға бағалардың өсуін барынша тиімді тежеуге мүмкіндік береді.

Аталған мәселе бойынша елімізде жаңа сауда ережесі енгізілді. Бұл орайда  отандық өндірушілерге барлық сауда объектілерінде өздерінің тауарларын орналастыруға мүмкіндік беріледі. Ол үшін ішкі сауда субъектілерінің отандық азық-түлік тауарлары үшін кемінде 30% сөрелік кеңістікті немесе сауда алаңын ұсыну міндеті көзделді. Бұл ретте халықтың ыңғайы үшін отандық өндіріс тауарларын орналастыру орындары «Қазақстанда жасалған» арнайы белгісімен белгіленетін болады.

Бағаларды тұрақтандырудың тағы да бір шарасы – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15%-тен аспайтын мөлшерде бекіту. Жуырда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік ережелері күшіне енді. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар сатып алынатын тауардың уақыты мен саны және оны өткізу бойынша тұрақтандыру қорының резервтерін қалыптастырудағы іс-қимылдардың дербестігін алды.

Осы жылы «айналым» схемасы бойынша пилоттық жоба бес өңірде  Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Қостанай, Қызылорда, Алматы облыстарында жоспарлануда. Келесі жылы «айналым» схемасын іске асыру еліміздің барлық жерінде және барлық 19 тауарлық позиция бойынша жоспарланып отыр.

Қайта сатып алушыларды қысқарту мен тамақ өнімдерін сақтау, буып-түю, өткізу және тасымалдау бойынша өндірушілерге қызметтер көрсету мақсатында көтерме-тарату және тарату орталықтарын салу жоспарлануда. Бес өңірде көтерме-тарату орталықтарын салу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Олар – Жамбыл, Батыс Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары.

Көтерме-тарату орталықтарын салумен қатар бөлшек сауда инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүргізілуде. Өңірлерде 30-дан астам ірі сауда объектісі салынып жатыр. Сонымен бірге 50-ден астам сауда нарықтары жаңғыртылуда.

Қазір республика бойынша қолда бар және жауапты сақтаудағы азық-түлік тауарларының көлемі 29,8 мың тонна құрайды. Сатып алу интервенцияларын жүргізу үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар есебінде 3,7 млрд теңге қаражат бар.

2021 жылға қарай көкөніс өнімдерінің көлемін арттыру бо­йынша индикативті болжамдарға жету үшін ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінде тұқым, тыңайтқыш және гербицид бағасын жартылай арзандату жолымен негізгі субсидия­лар беру қарастырылуда.

Сонымен қатар, сыйақы мөлшерін субсидиялау, жаңбыр­лат­қыш машиналар мен суа­ру жүйелерін инвестициялық субсидиялау жолымен жеміс-көкөніс өнімдері өндірісін арттыру үшін экономикалық жағдайлар жасалған. Мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісін арттыру үшін ет пен сүт өндірісінің көлемін ұлғайтуды көздейтін ұзақ мерзімді салалық бағдарламалар бекітілді.

Асыл тұқымды мал шаруа­шылығын дамытуды, мал шаруа­шылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды көздейтін субсидиялау қарастырылды. Бұл бағытта «ҚазАгро» холдингі арқылы қажетті несиелік ресурс­тар беріледі. 2018 жылы Холдингпен агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру көлемі 400,1 млрд теңгені құрады. Осы жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша АӨК қолдау мақсатында холдинг 261,5 млрд теңге бағыттады.

Жалпы, экономиканы жауапты кезеңде қолдан басқару көптеген елдердің тәжірибесінде бар. Бұл, әсіресе, халықты әлеуметтік қолдау үшін маңызды шарт болып табылады. Бірақ, екінші жағынан оның кейбір келеңсіз тұстары да бар. Мемлекеттік қолдау халықтың масылдық тобын ұлғайтып жіберуі ғажап емес. Қазірдің өзінде арзан несие алып, мемлекет субсидиясын пайдаланып, оны басқа мақсатқа пайдаланып жүрген фактілер аз емес. Қалай болғанда да таяқтың екі ұшы бар екені ескерусіз қалмайды деп ойлаймыз.

Ж.ӘЛМАХАН.

Экономика 24 тамыз 2019 г. 869 0