Бүгін, 16 шілдеден бастап жеке тұлғалардың салықтары бойынша өсімпұлдарды есептен шығару жолымен іске асатын салықтық рақымшылық басталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Биыл 4 шілдеде Мемлекет басшысы қол қойған салықтық рақымшылық жүргізуді көздейтін заң шеңберінде Қаржы министрлігінің бұйрығымен салықтық рақымшылық жүргізу ережесі бекітіледі. Айта кетейік, аталған заң бүгін, яғни 2019 жылдың 16 шілдесінен күшіне енеді. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, жыл соңына дейін әрбір азамат есептелген өсімпұлдарды есептен шығару бойынша аталған науқанды пайдалана алады.
Статистикалық деректерге сәйкес, 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 1,4 миллион жеке тұлғаның жалпы сомасы 20,9 миллиард теңге салықтық берешегі болған, оның ішінде негізгі борыш - 14,3 миллиард теңге, есептелген өсімпұлдар - 6,6 миллиард теңге. Салық берешегінің ең көп сомасы немесе 70% (14,4 миллиард теңге) көлік құралдарына салынатын салыққа тиесілі. Жер салығы бойынша берешекке 12% (немесе 2,5 миллиард теңге), мүлік салығына 6,7% (немесе 1,4 миллиард теңге) тиесілі.
Борышкерлердің басым бөлігі-жеке тұлғалар Шымкент қаласында шамамен 148 мың, 139 мың Түркістан облысында, 116 мың Жамбыл облысында және 114 мың Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген. Өңірлер бөлінісінде салық берешегінің ең көп сомасы Алматы қаласында - 5,5 миллиард теңге, Нұрсұлтан және Маңғыстау облысында 2 миллиард теңгеден, Шымкент қаласында 1,6 миллиард теңге. Ағымдағы жылдың басынан бастап мемлекеттік кірістер органдары деректер базасын уәкілетті органдармен салыстырып тексеру, сондай-ақ салық төлеушілердің дербес шоттарын өзектендіру мақсатында есептеулердің толықтығы мен дұрыстығы мәніне дербес шоттарды түгендеуді жүргізді.
Осыған байланысты, осы рақымшылық жасаудың маңызды шарасы жеке кәсіпкерлер болып табылмайтын, бірақ кәсіпкерлік қызметтен алынатын салықтар бойынша берешегі бар жеке тұлғаларға салық берешегін есептен шығару мүмкіндігі болып табылады.
Аталған берешек 2002 және 2003 жылдары жергілікті салық органдарынан жалпы республикалық салық ақпараттық жүйесіне (БСАЖ) ауысқан кезде пайда болғанын түсіндіру қажет. Мұндай салық берешегі 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 16 мыңнан астам жеке тұлғаларда 700 миллион теңге сомасына есепке алынған, оның ішінде негізгі борыш 400 миллион теңге, өсімпұл 300 миллион теңге. Өсімпұлды есептен шығарудың жалғыз шарты жеке тұлғаның салықтар бойынша негізгі борышты төлеуі болып табылады.
Салық төлеушілерге бұл үшін ешқайда барудың қажеті жоқ, мемлекеттік кіріс органдары күн сайын жеке тұлғалардың дербес шоттарының жай-күйіне мониторинг жүргізеді және олар 3 жұмыс күні ішінде негізгі борышты төлеген кезде өсімпұлды есептен шығару туралы тиісті шешім шығарады.
Егер салық төлеуші ағымдағы жыл ішінде өткен жыл үшін негізгі борыш пен салықтар бойынша өсімпұлды төлеуді жүргізген жағдайда, өсімпұл сомасы қайтаруға жатады. Ол үшін мемлекеттік кіріс органдарына өтініш беру қажет.