ҚР Ұлттық банкі әлеуметтік желілерде тараған «алтын» валютасы жөнінде түсініктеме берді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде теңгенің құнсыздануы мен Қазақстанның жаңа валюта - алтынға ауысатыны туралы ақпарат таралып жатыр. Аудиохабарламадағы белгісіз дауыс кезекті рет қазақстандықтарды доллар сатып алуға үгіттейді және қарызға автокөлік, пәтер алуға кеңес береді. Ұлттық банк бұл ақпараттың жалған, арандатушылық пен экономикалық қаскүнемдікке шақыратынын мәлімдейді», - деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметінен.
Қасақана жалған ақпаратты таратушыларды анықтау мақсатында банк құқық қорғау органдарына жүгінген.
«Ұлттық банк аудиожазбадағы дауысты таныған адамдарды банктің телефонына немесе әлеуметтік желідегі ресми парақшаларына хабарласуды сұрайды», - деді қаржы институтынан.