Есеп комитеті: Бюджет қаржысын тиімсіз жоспарлаған 200-ден астам қызметші жазаланды

ҚР Парламенті  палаталарының бірлескен отырысында Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова қаржылық заңбұзушылықтарға жауапты адамдарды жазалау мәселесін көтерді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жалпы, сапасыз бюджеттік шешімдер 2018 жылы 138 млрд теңге тиімсіз шығыстарға әкеліп соқтырды. Ал бұл ретте кім жауапқа тартылды? Көбіне бұл шешімдерді қабылдамайтын қатардағы орындаушылар жазаланады. Есеп комитетінің материалдарына сүйенсек, 2018 жылы тәртіптік жауапқа 224 қызметкер тартылып, оның  тек 9 пайызы басшылар», - деді Н. Годунова 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебіне Есеп комитетінің қорытындысын таныстыру кезінде.
Оның пайымынша, қаржылық заңбұзушылықтар үшін лауазымды адамдарды міндетті түрде жауапқа тартуды енгізу бөлігінде қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу өте маңызды. Осы орайда заңбұзушылық сомасына байланысты, сондай-ақ бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін тиімсіз жоспарлағаны және тиімсіз пайдаланғаны үшін осы жауаптылықтың ара-жігін белгілеу қажет.
Өз кезегінде Үкімет басшысы Асқар Мамин бюджеттік жоспарлау процесі Бюджет кодексі нормаларына сәйкес жүргізіліп жатқанын айта келе: «Осы процесте біршама кемшіліктер бар. Қазір оларды жою мақсатында  Үкіметте бірқатар тұжырымдамалық өзгерістер дайындап жатырмыз», - деді.  



Экономика 20 маусым 2019 г. 1 267 0