Бюджет және бірлескен шешім

 Сейсенбі күні облыстық мәслихаттың кезектен тыс 31-ші сессиясы өтті. Оның күн тәртібі хабарланбастан бұрын сессия төрағасы Нұридин Әмитов облыстық мәслихат депутаттары атынан Қырымбек Елеуұлын ҚР Президенті қаулысымен Қызылорда облысы әкімі болып қайта тағайындалуымен құттықтап, аймақ басшысының барлық бастамаларына  сәттілік тілейтінін және қолдау көрсетіле беретінін жеткізді.

Сессияның күн тәртібіндегі алғашқы мәселе «2019-2021 жылдарға арналған облыс бюджеті туралы» облыстық мәслихаттың 2018 жылғы 12 желтоқсандағы №271 шешіміне өзгерістер енгізуге арналды. Ол туралы облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мәлік Тұрманов хабарлама жасады.

Оның айтуынша, «Қызыл­орда» Өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржылық ұйымы» ЖШС жұмысын әрі қарай жалғастыру үшін «Ең­бек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіп­керлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдар­ламасы аясында «Аграрлық несие» корпорациясы акцио­нерлік қоғамынан 500 млн теңге көлемінде несие алу қажеттілігі туындап отыр. Осы орайда қаржыландыру лимитін 500 млн теңгеге жеткізу мақсатында облыстық бюджет қаржысы есебінен орталықтың жарғылық капиталын 350 млн теңгеге толықтыру қажет. Сол себептен облыстық бюджеттің кіріс бөлігін «жергілікті бюджетке түсетін салықтық емес басқа да түсімдер» бюджеттік коды бойынша 350 млн теңгеге ұлғайту жоспарлануда. Бұл қаржы облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасына «Заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыру немесе ұлғайту» бюджеттік бағдар­ламасы бойынша «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық ор­та­лығы» микроқаржылық ұйымы» ЖШС-ның жарғылық капиталын ұлғайтуға бағыт­талады. Халық қалаулылары бюджеттегі осындай өзге­ріс­ті қолдап дауыс берді. Нәти­жесінде облыстық бюджет кө­лемі 255,2 млрд теңгені құрады.

Келесі мәселе Қызылорда қаласындағы №278 орта мектепке Байзақ Момынбаевтың есімін беруге қатысты болды. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов белгілі ғалым-ұстаздың өмірбаяны мен еңбек жолы туралы айтып берді.  Инс­титутта зертхана инженері болып бастаған  Б.Момынбаев әрі қарай ұстаздық жолында ғылым кандидаты, ғылым докторы атақтарын қорғап, профессор атанды, Қазақ білім академиясының академигі, ҚР Ұлттық академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды. Ұстаздық еңбек жолында 24 оқулық, 2 монография, 15 оқу-әдістемелік құрал, 200-ден астам ғылыми мақала жазып, Қазақстанда педагогика ғылымын дамытуға лайықты үлес қосқан Байзақ Көпірбайұлы  Қорқыт ата атындағы Қызылорда мем­лекеттік университетінің ректоры қызметін де абыроймен атқарған еді. Ол сондай-ақ облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қызмет етті.

Депутаттар білім ошағына ғалым есімін  беруді бірауыздан қолдап дауыс берді. Мұнан кейін сессия күн тәртібіндегі өзге де мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды. Сессия соңында аймақ басшысы депутаттарға өз ришалығын жеткізді.

– Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында облыс әкімі қызметіне менің кандидатурамды бірауыздан қолдап, дауыс бергендеріңіз үшін ризашылығымды білді­ремін, Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, облыстық мәсли­хаттың депутаттарына осы сенімді ақтау үшін аянбай еңбек ететінімді мәлімдеймін. Аймаққа қатысты барлық мәсе­лелерді бірге шешетін боламыз, – деді облыс басшысы. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласында осы күндері облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов бастаған жұмысшы топ 2020-2022 жылдарға арналған облыс бюджеті және облыстың 2019-2022 жылдарға арналған Кешенді жоспары бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

Экономика 20 маусым 2019 г. 1 229 0