ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ауылдық несие серіктестіктері мен микроқаржы ұйымдары базасында кооперативтік қаржы одақтарын құруды ұсынды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров елордада халыққа есеп беру кездесуінде айтты. Оның сөзінше, қаржыландыру қолжетімділігі - отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өзекті мәселесіне айналды.
«Бүгінде аграрлық секторды қаржыландыруда «ҚазАгро» холдингі басым болып отыр. Екінші деңгейлі банктер агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржыландыруды жыл өткен сайын азайтып келеді. Оның басты себебі - өтімді кепілзаттың жоқтығы. Аталған мәселені шешу үшін қазіргі шаралардан басқа да баламалы механизмдер қажет. Біріншіден, ауылдық кредиттік серіктестіктер мен микроқаржы ұйымдары базасында кооперативтік қаржы одақтарын құру қажет. Ол үшін қолданыстағы заңнамаға ауылдық кредит серіктестіктерін орталық серіктестікке біріктіруді көздейтін өзгерістер енгізіліп жатыр», - деді министр.
Сонымен бірге министр жаңа құрал ретінде аграрлық қолхаттардың енгізілетінін еске салды.
«Аграрлық қолхат - шын мәнінде алдағы егін есебінен қаражат алуға мүмкіндік беретін вексель, бұл кепілге қою проблемасын шешуге мүмкіндік береді. Аталған заң жобасын Парламент Мәжілісі депутаттары мен ҚР Үкіметі қолдады», - деді Сапархан Омаров.