« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |
Қазақстан энергетика министрлігінің мәліметі бойынша елімізде 2018 жылы 106,7 млрд кВт/сағ. электр қуаты өндіріліп, тұтыну мөлшері 103,2 млрд кВт/сағ. құраған. Демек, өндірілген көлем тұтынудан артық. Бірақ сарапшылар пікірінше, алдағы ондаған жылдар межесімен есептесек, Қазақстанға қосымша қуат көздері әбден керек. Халықаралық энергетика агенттігі, Дүниежүзілік энергетикалық кеңес, МАГАТЭ тәрізді ұйымдардың сараптамасына назар салсақ, 2050 жылға дейін әлем бойынша энергияға деген сұраныс көлемі ұлғаймақ. Бұл саладан 90 пайызға дейінгі өсімді Үндістан, Таяу Шығыс елдері мен Қытай қамтамасыз етеді. Сондай-ақ бүгінде жеріндегі табиғи кен орындарын игеруде үнемшілдік танытып отырған АҚШ болашақта мұнай мен газды экспорттаушы мемлекетке айналуы мүмкін. АҚШ 2030 жылға қарай мұнай өндірісінен Сауд Арабиясынан да озып кетеді деп болжануда. Бес жылдан соң әлемдік мұнай өндірісі көлемінің ұлғаюы дәстүрлі емес қорларды игеру арқылы жүзеге аспақ. Мұнай өндірісінің келешегі көлік индустриясымен де байланысты болады.
Мұнайды пайдалану көрсеткіші тұрғысынан Үндістан, Қытай және Таяу Шығыс елдері алдыңғы орыннан көрінеді. Ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін 29 мемлекетте мұнай өндірісі азаймақ. Сондай-ақ, Қытай, Үндістан және Таяу Шығыс елдерінің үлесінен газ өндірісінің көлемі де ұлғаяды. Экономикалық даму жөнінен алдыңғы орында тұрған АҚШ-та газ өндірісіне басымдық беріледі. Еуропаны газбен Каспий аймағы қамтамасыз ететін көрінеді. Қазір дүниежүзі бойынша сығылған газ өндірісінің көлемі де біршама ұлғайып келеді. Тиімділігі жоғары технологияларға адамзат толығымен көшу үшін 15 жылдай уақыт керек. Осы уақыт ішінде мұнай мен газ ең қажетті ресурс болып қалады.
Негізгі энергия көзінің бірі көмір екені белгілі. Дүниежүзілік энергия айналымында көмір үлесі өседі деп күтілуде. Бүгінде Германия көмір электрстанцияларын іске қосуға дайындалуда. Көмір өндірісіне қатысты таза технологиялар іске қосылғанда көмірдің әлем бойынша өндірістік үлесі артады екен. Әзірше көмірдің зиянды әсерін төмендететін технологиялар жасыл технологияларды пайдаланып жатқан бірнеше мемлекетте ғана енгізілген.
Енді маңызды бір мәселе бар. Радиоактивті қалдықтарды көму толық шешілмейінше атом энергетикасы мәселесі де күрделі күйінде қала бермек. Бүгінгі таңда халықаралық мамандар энергия өндірісінің тиімділігін арттыру мәселесін кеңінен талқылауда. Энергия үнемдеуді барлық мемлекеттер мақсат етіп қойғанмен, бұл саладағы тиімділікті арттыру өз деңгейінде жүзеге асты деуге болмайды. Энергия тиімділігіне инвестиция салынса, энергетикалық қауіпсіздік пен экономикалық өсімге және экологиялық мәселелерді шешуге септігі тиер еді. 20 жылдан кейін энергияның жаңартылған түрлері бүкіл электр энергиясының үштен бірін алатын болады. Қазіргі кезде өндірілетін энергияның тек төрттен бірі ғана жаңартылған түрі болып отыр. Жақын арада энергияның жаңартылған түрлері электр энергиясы өндірісінде екінші орынға шығады деп болжам айтады халықаралық агенттік мамандары.
«Kazenergy» агенттігінің баяндамасында Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, энергияны үнемдеу арқылы бәсекелестік деңгейін көтеру, ғылыми потенциалды арттыру, энергия тиімділігін арттыру, экология және су-энергетикалық мәселелер сөз болды. Қазіргі таңда Қазақстан әлемде энергия ресурстары өндірісінен алдыңғы 20 мемлекеттің тізіміне кіреді.
Дүниежүзі бойынша табиғи энергия ресурстарының 46 пайызы көмірге, 30 пайызы уранға тиесілі. Табиғи ресурстардың қоры жөнінен Қазақстан әлемде 6-орында тұр. АҚШ мамандарының есебіне сүйенсек, Қазақстанның барлауға түскен кен орындарындағы қазына 10 триллион АҚШ долларына жетеді екен. Массачусетс технологиялық институтының табиғи ресурстар және энергетика жөніндегі маманы, доктор Даниел Фаинның сараптамасы бойынша 1991 жылдың өзінде КСРО иеленген хром кенінің 90, мыстың 26, қорғасын мен цинктың 33, вольфрамның 38 пайызы Қазақстан жерінен алынған. Кеңестер Одағының кезінде барит қорының 82, фосфориттің 65, молибденнің 29, бокситтің 22, асбесттің 20, марганецтің 13, көмірдің 12 пайызы Қазақстан территориясында болған.
Бүгінде Қазақстан мұнай мен газдан басқа магний, уран, алтын, т.б. қоры жөнінен әлемдегі ең бай мемлекеттердің қатарына кіреді. Қазірдің өзінде Қазақстан вольфрам өндіретін ең ірі мемлекет саналады. Вольфрам қоры жөнінен еліміз әлем бойынша бірінші орында. Хром мен фосфор кендерінің қоры жөнінен екінші, қорғасын, молибден қорынан төртінші орында тұр. Қазіргі таңда Қазақстанның кен байлығына АҚШ, Батыс Еуропа елдері, Түркия, Иран, Пәкістан, Қытай, Жапония зор қызығушылық танытып отыр.
Космостан түсірілген суреттер және халықаралық мамандардың зерттеуіне мән берсек, тек Каспийдің солтүстік бөлігінде ғана 3,5 миллиард тонна мұнай мен 2,5 триллион кубометр газ қоры бар екен. Қазіргі кезде Республика бойынша құрлықтағы мұнайдың 6,1 миллиард тоннасы, газдың 6 триллион текше метрі сақтаулы. Ел аумағындағы 300 алтын кенінің 173-і игерілген. Олардың арасында алмаз беретін кен орындары да бар. Қазіргі кезде алтын қорының тек 1 пайызы ғана өндірілуде. Болжамдар бойынша Қазақстан көмірі 250 жылға жетеді. Ал Қарағанды көмір бассейнінде 50 миллиард тонна көмір жатыр.
Бірақ, әр нәрсенің сұрауы, шегі бар екені белгілі. Кен орындарын шектен тыс қарқынды игеру қазба байлықтың сарқылуына әкелуі ғажап емес. Осы орайда мамандар 2025 жылдан кейін мұнай өндірісінің көлемі азаяды деп болжап отыр. «Kazenergy» агенттігінің сараптамасы бойынша Қазақстанның энергетикалық көмір экспорты 2020 жылға дейін қазіргі деңгейінде сақталады. Екі жылдан соң Қазақстан көмірінің негізгі сатып алушысы болып отырған Ресейдің көмірге деген сұранысы кемитін көрінеді. Қазақстан уран қоры жөнінен дүниежүзінде екінші орында тұр.
Әлемдегі жетекші елдер табиғи кен орындарына сенуді қойып, энергияның жаңа түрлерін өндіруге көше бастағаны да байқалады. Мәселен, Германия энергетикалық бетбұрысқа арналған жаңа бағдарлама қабылдап, әрі арзан, әрі тиімді «жасыл энергетика» көздерін игере бастады. Соның арқасында он жыл ішінде Германиядағы жаңартылған энергияның үлесі 25 пайызға жеткен. Күн панельдері мен жел құбырлары елдің электрге деген сұранысының жартысын өтеуде. Қазіргі кезде әлемде күн батареясынан алынатын энергия құны жыл сайын арзандауда.
Алдағы бес жыл ішінде Германия жаңартылған энергияның есебінен 40 пайыз артық энергия алады. Жаңартылған энергия көздерін игерудің арқасында бұл елде шағын және орта бизнес дамып, салық түсімі артып отыр.
Жаңартылған энергия көздерін тиімді игеру арқылы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндігі зор. Энергетика көздерін жаңарту жасыл технологияларды тиімді игеру мен пайдаланудан басталады. Энергетикалық технологиялардан әзірше Жапония, Германия, Норвегия, Оңтүстік Корея, Дания сияқты мемлекеттер озық тұр.
Осының барлығы таяу болашақта адамзат баласының қандай бағытта дамып бара жатқанын айқындайды.
Ж.ӘЛМАХАН.
« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |