Қазір әлемдегі саяси құбылыстарға, сондай-ақ экономиканың өсу қарқынына алдын ала болжам жасау біршама күрделі сипат ала бастады. Осыған қарамастан, өткен 2018 жылдың соңына қарай Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстан экономикасына қатысты 2030 жылдарды меңзеген болжамы айтылды.
Сонымен еуропалық беделді қаржы ұйымы не дейді? Біздің сарапшылардың банк талдауына көзқарасы қандай? Қазір Қазақстан экспортының 50 %-і мұнай секторы табысынан құралады. Алдағы 10-15 жыл көлемінде әлемде «жасыл экономика» бағытында күрт бетбұрыс басталмақшы. Міне, осы кезеңде мұнай бағасы барреліне 65 доллар көлемінде қалыптасуы мүмкін. Осындай баға әлемде дәстүрлі шикізатқа деген сұраныстың күрт төмендеуінен орын алуы ықтимал дейді банк сарапшылары.
Біздіңше, еуропалық қаржы институтының болжамдарын біржақты қабылдауға болмайтын сияқты. Себебі Қазақстанда қазіргі таңда көптеген бастамалар жүзеге асуда. Айталық, Қазақстанның көлік-логистика саласындағы жобалары 2030 жылға қарай бюджеттің қомақты табыс көзіне айналады деген нақты есептер бар. Өйткені Қазақстан Азия мен Еуропаны жалғайтын күре жолдың бойында орналасқан. Бұл дегеніміз – теміржол, Ақтау порты, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомобиль жолы. Оған қазір Үкімет барынша назар аударып, салық түсімінің қосымша көзі ретінде аталып жүрген Қорғас сауда қалашығының мүмкіндіктерін қосыңыз. Қазіргі есептеулер бойынша 2030 жылға қарай еліміздің көлік-логистикасынан бюджетке түсетін табыс жалпы табыстың 30%-ін құрайтын болады. Ендеше, біз кезінде бүкіл Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдарын шулатқан Еуропалық қайта құру және даму банкінің деректеріне біржақты баға бергіміз келмейді. Себебі Қазақстан экономикасының дамуы көп жағдайда әлемдегі ахуалға да байланысты болады.
Өткен жылдың соңына қарай Халықаралық валюта қоры 2019 жылға арналған экономикалық болжамын жариялады. Болжам бойынша, биыл әлем экономикасы бұрын-соңды болмаған қиындықтарға тап болады. ХВҚ мәліметінше, 2019 жылы сауда соғысы салдарынан әлемдік экономика 1,52 трлн доллар табысынан айырылады. Бұл өз кезегінде жаһандық нарықтың 17 процентке қысқаруына және жалпы ішкі өнімнің 1,9 процентке азаюына алып келеді. Халықаралық валюта қоры сарапшыларының пікірінше, 2018-2020 жылдары әлемдік экономиканың жылдық өсімі 3,7 процент болады. Бірақ бұл өсім жыл өткен сайын баяулап, 2022-2023 жылдарға қарай 3,6 процентке тұрақтайды. Яғни, әлемдік экономика ұзақ уақыт рецессиялық кезеңде болады.
Қазақстан мұнайлы ел болғандықтан, ішкі жалпы өнім өсімінде шикізат бағасының үлесі жоғары. Бұл орайда белгілі қаржы институттарының болжамдары не дейді?
Үстіміздегі жылы Қазақстан Ұлттық экономика министрлігінің болжамы бойынша мұнай бағасы 1 баррель үшін $55, Ресей экономика даму министрлігінің болжамы бойынша – $63, Халықаралық Валюта қорының – $70, АҚШ энергетика министрлігінің – $72, Goldman Sachs агенттігінің болжамдары – $70-80 аралығында аталады. Орташа алғанда $75. Әлемдік банк – $69, Bloomberg – $63, Thomson reuters $73 доллар шамасын болжайды.
Егер, 2019 жылы осы болжам сақталса, онда Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3-4% көлемінде қалады. Жалпы, еліміз үшін мұнайдың 1 баррелі $50 дан асса, экономикамызға қолайлы деуге болады.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан сияқты дамушы мемлекет үшін жалпы ішкі өнімнің 3-4%-тік өсімі жеткіліксіз. Ол дамыған АҚШ, Батыс Еуропа елдері үшін жақсы өсім, себебі олардың жалпы ішкі өнім көлемі триллиондаған доллармен есептеледі. Ал біздің ел үшін 30 бәсекеге қабілетті елдің қатарына кіреміз десек, кем дегенде 6-7%-тік өсім болуы керек, – дейді сарапшылар. Бұл кезінде Елбасының да қойған межесі.
Ал енді АҚШ-тың Иранға салған эмбаргоның салдарынан әлемге тасымалданатын мұнай көлемі азаюының нәтижесінде оның 1 баррелі 100 долларға дейін өсіп кетуі мүмкін деген болжам да бар. Міне, осы орайда жоғарыда айтылған көлік-логистикасынан келетін табыс мол олжаға айналады.
Сонымен бірге 2020 жылы АҚШ, Еуроодақ, Қытай сияқты ірі нарықтарда энергияның 20%-тен 30%-ке дейін баламалы энергия көздеріне көшуі мүмкін деген болжамдар бар. Бірақ кейбір сарапшылар бұл мерзімде ондай көлемге жету мүмкіндігі шектеулі деседі.
Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында Қазақ- станда экономика өсімі жылдық өлшемге шаққанда 3 процент шамасын құрады. Қазір мұнай бағасы 70 доллардан асып түсті. Әлемдік рецессия жағдайында бұл қанағат тұтатын көрсеткіш.
Дегенмен, экономиканы шикізаттық бағыттан арылтып, әртараптандыру, индустрияландыру жолына түсіру – қазіргі заман талабы екенін уақыт көрсетіп отыр.
Ж.ӘЛМАХАН.