Қытай нарығына шығу мүмкіндігі артады

Ақпарат көздерінен мәлім болғандай, жуырда  Қазақстан мен Қытай арасында экономикалық әріптестіктің жаңа көкжиегі ашылады. Соның бір дәлелі ретінде шекаралас аумақта бой көтерген «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы арнайы экономикалық аймағының құрылғанынан көпшілік хабардар.

Алғаш «Қорғас» ШЫХО-ын құру туралы идея 2002 жылы Елбасының Қытай Халық Республикасына ресми сапары кезінде қолға алынды. Содан бері бұл жобаның екі елге тигізер пайдасы көл-көсір екені айқындалып, тез арада инвесторлар тартылды. Қазір  экономикалық аймақта ірі сауда үйлері бой көтеріп, отандық кәсіпкерлерге мол мүмкіндік жасалды. Демек, отандық кәсіпкерлердің ісін дөңгелетіп әкетуге қолайлы орта қалыптасып келеді. Бұл кәдімгі Ұлы Жібек жолының бүгінгі бейнесі. Бүгінде теміржол арқылы тасымалдайтын 900 млн тонналық контейнердің 10 проценті біздің аумақтан өтіп жатса, мұның өзі тиімді. Екіншіден, Қытай тарапының еліміздің азық-түлік өнімдеріне, атап айтқанда, май, ұн, көкөніс, жеміс-жидекке деген сұранысы өте жоғары. Олар кең алқапта піскен табиғи, таза өнім тұтынуға ден қойып келеді. Қытайлықтар үшін «Қазақстанда жасалған өнім» бренд болып саналады. Тіпті, 2025 жылға дейін 50 мың халық тұратын қала бой көтерген кезде экономикалық әлеуеттің дамуына серпін беретін нағыз сауда-саттық орталығына айналатынын атап өту ләзім. Ал 2020 жылға қарай орталықтан өтетін адамдар саны 8 миллионға дейін жетеді.

Қазірдің өзінде сауда-саттық алаңынан орын алып, өз үлесін салып жатқан инвесторлар жобаларын мақұлдатып, іске кірісіп кеткен. Ертең гүлденетін қалаға, бүгін қор салмаса, кеш болатынын кәсіпкерлер де біледі.

Алдағы мамыр айында отандық кәсіпкерлер үшін тағы бір мүмкіндік тумақшы. Қорғастағы сауда орталығында өтетін Қазақстан-Қытай жәрмеңкесінің нәтижесінде табыс әкелетін екіжақты келісім-шарттарға қол қойылады деп күтілуде. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасы бойынша «Қуан-Шыңғыс» инвестициялық компаниясы жүзеге асыратын жәрмеңке еліміздің кәсіпкерлеріне жол ашады. Мәселен, жоспары 2016 жылы бекітіліп, құрылыс жұмыстары 2017 жылы бас­талып, былтыр аяқталған аумағы 6500 шаршы метрді құрайтын «QazLumiere» заманауи сау­да орталығына 1,5 млрд теңге көлемінде инвестиция жұмсалған. Гипермаркеттің ресми ашылуы 2019 жылғы 1 мамырға жоспарланған. Орталықтың бірінші жалға алушылары қатарында Грузия (арақ-шарап өнімі), Украи­на (былғары өнімдері), ҚХР (косметика) кәсіпкерлері бар. Жәрмеңке жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруына және өндіріс пен қызмет көрсету салаларының дамуына серпін береді. Ол үшін Қазақстанда өндірілетін тауарлар сататын 300-ден астам кәсіпкердің басын біріктіретін қауымдастықпен арнайы келісім-шарт жасалған. Мұнда 1-15 мамыр күндері халықаралық жәрмеңке өтеді. Онда өндірісшілерге өз тауарын Қытай нарығына енгізу жолдарын түсіндіретін арнайы семинар-тренингтер де ұйымдастырылады. Одан бөлек, кәсіпкерлердің қытайлық әріптестермен келіссөз өткізіп, өзара серіктестік қарым-қатынас орнатуына да жағдай жасалады.

Жәрмеңкеге қатысып, өнімін ұсынушыларға көлемі үлкен 40-тан астам сауда бутиктері тегін беріледі. Тіпті, келешекте мұнда сауда жасауға ниет білдіріп жатса, оны жалға алуына болады. Ал жаңа сауда орталығының «Қорғас» ШЫХО-ның қазақстандық бөлігінде орналасуы отандық бизнеске арнайы салықтық режимге сәйкес, салық төлемдерін жасамай кәсіпкерлік қызметті жүргізуге мүмкіндік бар. Қазірдің өзінде отандық кәсіпкерлерді құлағдар ету үшін 200-ден астам ұсыныс хат жолданды.

«Қорғас» шекара маңы халықаралық орталығы бес жылдан кейін көрікті қалаға айналады. Ал 2020 жылға қарай мұнда жылына 5,5 миллион тонна жүк тасымалданады деп болжанған. Қазір мұнда келем деушілердің саны 1,7 есеге көп. 2016 жылы «Қорғас» ШЫХО-ға 671 мың адам келсе, 2018 жылы бұл көрсеткіш 1,5 млн адамға жеткен.

Ж.ӘЛМАХАН.

Экономика 16 сәуір 2019 г. 1 322 0