Салықтық амнистия: Бизнес субьектілерінің 130,2 млрд теңгелік қарызы кешіріледі
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің алдын ала есебі бойынша, Қазақстанда салықтық рақымшылыққа 90 077 шағын және орта бизнес субъектісі ілінеді. Бұл туралы комитеттің баспасөз қызметінен мәлім етті. Еске сала кетсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы 5 қазандағы Жолдауында 2019 жылдың 1 қаңтарынан шағын және орта бизнес үшін салықтық амнистия жүргізуді тапсырды. «Қазақстанда салықтық амнистия бірнеше рет жүргізілген. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында салықтық рақымшылық үш рет (1997-1999 жылдары, 2011 және 2015 жылы) жүргізіліп, қаржылық-шаруашылық сала айыппұлдар мен қарыздардан құтылған болатын», - делінген комитет хабарламасында. 2011 және 2015 жылдарғы акциялар барысында айыппұлдар мен өсімпұлдар бойынша жалпы сомасы 143,7 млрд теңгенің қарызы кешірілді. Белгілі болғандай, қазіргі уақытта шағын және орта бизнес субъектілеріне жеңілдік жасау үшін салықтық заңнамаға енгізілетін өзгерістер барлық мемлекеттік органдармен, «Атамекен» ҰКП-мен мақұлданып қойған. «Комитеттің есебі бойынша, Қазақстанда салықтық амнистияға 90 077 шағын және орта бизнес субъектісі ілінеді. 2018 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша, олардың 340,6 млрд теңге салықтық қарызы бар. Оның 122,9 млрд теңгесін өсімпұлдар, 7,3 млрд теңгесін айыппұлдар құрайды. Бұл сомалар 210,4 млрд теңге көлеміндегі негізгі қарыз өтелген жағдайда ғана кешіріледі. Уақыттың өзі салықтық амнистияларды жүргізу - кәсіпкерлерді қолдауда тиімді механизм екенін, аталмыш қадамның стратегиялық маңызы барын дәлелдеп отыр. Салықтық мәселе бойынша көрсетілетін көмектің айтарлықтай пайдасы көрінері анық. Бұл ретте бизнес өкілдерінің негізгі қарызды жабуға деген қызығушылығы арта түседі», - делінген комитеттің хабарламасында.