« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Әлемдік сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда экономикалық өсу үдерісінің тұрақтылығы сақталуда. Экономикалық қызметтің бірқатар буындарында оң серпін байқалып отыр. Үстіміздегі жылдың 9 айының қорытындысы бойынша елімізде жалпы ішкі өнім өсімі 4%-ке жуықтады.
Негізгі капиталға салынатын инвестициялар бойынша жоғары өсу үрдісі тұрақты. Оның өсуі 25,8% құрады. Осы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша елдің халықаралық резервтері 90 млрд АҚШ долларына дейін жетті. Өнеркәсіп өндірісіндегі өсім қарқыны сақталуда. Өсім негізінен Қашағанда мұнай өндіру жұмыстарының асыра орындалуына байланысты болып отыр.
Қазақстанда сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі серпінінің тұрақты өсуі байқалады.
Сонымен бірге сарапшылар жыл басында күшіне енген Салық кодексі мен Жер қойнауын пайдалануға қатысты заң энергетика саласына инвестиция тартуға жаңа мүмкіндіктер ашқанын, бұл, әсіресе, мұнай-газ секторында соңғы он жылда болмаған оң өзгерістер екенін атап көрсетуде. Атап айтқанда, мұнай өнімдері бойынша 2025 жылға дейін Кедендік одақ аясында бірыңғай нарық құру жоспарланып отыр.
Астанада өтіп жатқан Дүниежүзілік мұнай кеңесінің форумында Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды.
Форумда әсіресе, энергетика саласына қаржы салудың тиімділігі туралы инвесторларға кеңінен мағлұмат берілуде. Осы категория бойынша 2030 жылға қарай елімізде қатты тұрмыстық қалдықтардың 30%-і өңделетін болады.
Республика көлемінде экономика өсімінің тұрақтылығына Қызылорда облысының кәсіпкерлері де өзіндік үлесін қосуда. Облыста Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында жалпы құны 623,1 млрд теңгені құрайтын, іске қосылғанда 6,2 мың жұмыс орнымен қамтамасыз ететін бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған 26 жобаның жүзеге асырылуы бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл бағыт бойынша «Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау» картасында – құны 324,9 млрд теңгені құрайтын, іске қосылғанда 3,7 мың адамды жұмыспен қамтитын – 23 жоба, республикалық картасында – құны 298,2 млрд теңгені құрайтын, іске қосылғанда 2,4 мың адамды жұмыспен қамтитын 3 жоба жүзеге асырылатын болады.
Жалпы, индустрияландырудың бірінші және екінші бесжылдығы аясында құны 85,4 млрд теңге болатын 22 жоба жүзеге асырылып, 1,7 мың жұмыс орны ашылды. 2018 жылдың 6 айында іске қосылған жобалар 11,2 млрд теңгенің өнімін өндірді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 30,2%-ке өсті.
Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібінде 7,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, 40%-ке өсті. Ол 2018 жылдың 6 айында құны 3,9 млрд теңгені құрайтын 133,7 мың тонна (тұз, балық, пропан-бутан, аммоний метаванадаты) өнім экспортталды.
Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда қаржылай мәнде 37,3%-ке ұлғайып (2017 жылдың 6 айында – 2,8 млрд теңге), өнім көлемі 25,8%-ке өскен (2017 жылдың 6 айында – 106,3 мың тонна). 2018 жылғы 6 айда Индустрияландыру картасының жобалары арқылы өндірілген өнім көлемінің жалпы өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 13,5%-ті құрады. 2017 жылдың 6 айында ол 11,8 % құраған болатын.
Индустрияландыру бағдарламасы аясында биыл бірқатар жобаларды іске асыру жоспарланды. Соның бірі «Қуаттылығы жылына 197,1 мың тонна табақша шыны шығару және өңдеу зауыты құрылысы» жобасы болып табылады. Жоба құны – 36,7 млрд теңге, ол 226 адамды жұмыспен қамтиды. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде. Шыны зауыты бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары осы жылдың IV тоқсанында аяқталады, ал, желтоқсан айында зауыт пешін іске қосу жоспары бар.
Жуырда облыс әкімі қаладағы шыны зауытының құрылыс алаңына барып, іске қосылатын барлық 4 нысанның жай-күйімен танысты. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 17 мердігер компаниядан 240-қа жуық адам жұмыс істеп жатыр. Бюджеттік қаражат есебінен шыны зауытына қажетті барлық инфрақұрылым жеткізіледі. Бүгінгі таңда газ құбырының екі тармағы, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, электр желілері, жолдар мен байланыс желілері тартылды. Биыл қараша айына дейін темір жолдың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұған дейінгі серіктестігі өзгерген зауытқа «Чайна Триумф» компаниясы күн батареялары, смартфондар мен планшеттер (қуаттылығы күніне 250 тонна ультра жұқа шыны өндіретін зауыт) үшін пайдаланылатын өте жұқа әрі ультра мөлдір шыны өндіру үшін инвестор ретінде қосылды. Жаңа жобаның құны шамамен 150 миллион АҚШ долларын құрайды.
Тағы бір ірі бастама – Шиелідегі «Тампонаждық цемент зауыты құрылысы» жобасы. Жоба құны – 64,0 млрд теңге, қуаттылығы – жылына 1 млн тонна, ол 260 адамды жұмыспен қамтиды. Тампонажды цемент құрылыс, мұнай-газ және уран өндірісінде кеңінен қолданылады. Дайын өнімнің 70% ішкі нарықты қамтыса, қалған бөлігі ТМД, Қытай және Орталық Азияға экспортталады.
Бүгінде құрылыс алаңында 800-дей адам жұмыс істеп жатса, оның жартысынан астамы шиеліліктер. Қазіргі таңда құрылыс алаңында шикізат диірменнің жерүсті жұмыстары, оны орнату, шикізатты тарату қоймасы, пештерді орнату, клинкер қоймасы құрылысы, цемент қоймасы, ішкі теміржол тұйығы, әкімшілік ғимаратпен вахталық ауыл құрылысы жүргізілуде. Құрылыс мердігері «Геджуба» компаниясы басшылығының ұйғарымымен қазіргі күні 50 жас жеткіншек зауыттың технологиясы мен қондырғыларының қыр-сырын үйрену үшін Қытайда білім алып, тәжірибеден өтуде. Зауыттың алғашқы өндірістік желілерін биыл желтоқсанда қосу жоспарда бар. Ал 2019 жылы құрылыс жұмыстары толықтай аяқталатын болады.
«Балықты тереңінен қайта өңдеу зауыты мен пластикалық қайық жасау цехын салу» жобасы. Оны «Қазақстан Аквакультура ЛТД» ЖШС Арал ауданында жүзеге асырады. Жоба құны – 160 млн теңге. Қуаттылығы – жылына 4 мың тонна балық өңдеуді көздейді. Еуропалық сапа талаптарына жауап беретін бұл кәсіпорын іске қосылғанда 100 адамға тұрақты жұмыс болмақ.
Биыл наурыз айынан бастап балық сүбесін өңдеу цехының құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күні мұздатқыш пен балық тазалағыш құрал-жабдықтар жеткізілген. Жыл соңында жобаның бірінші кезеңі –балық зауыты іске қосылады. Ал оның пластик қайық шығаратын екінші кезеңі 2020 жылы толығымен аяқталады.
Елбасының тікелей бастамасымен еліміз бойынша жүзеге асырылып жатқан индустриялдық жобалар Қазақстанның болашақ көкжиегін айқындай түспек.
Ж.ӘЛМАХАН.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |