Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен өңірге инвестиция тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі инвестициялық кеңестің отырысы өтті. Мұнда алдымен «Баласауысқандық» кен орнында «Қара тақтатасты автоклавты қайта өңдеу» инвестициялық жобасын жүзеге асыру жөнінде «Балауса процессинг Компани» компаниясының директоры Андрей Кузнецов баяндады.
– Жоба үш кезеңде жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда жобаның 2-кезеңі жүргізілуде. 2016 жылдан бастап компания өз өнімдерін Тайвань, Ресей, АҚШ және Ұлыбританияға экспорттап жатыр. Осы жылдың 7 айында құны 658,2 млн теңгені құрайтын 120,9 тонна аммоний метаванадатын экспорттадық, – деді компания басшысы .
2016 жылдың қараша айында Лондонда «Ұлыбритания-Қазақстан Республикасы» үкіметаралық комиссиясының отырысында «Баласауысқандық» кен орнында қара тақтатасты автоклавты өңдеу» инвестициялық жобасын жүзеге асыру келісіміне қол қойылды. Нәтижесінде, инвестициялық жобаның ІІ және ІІІ кезеңдерін іске асыруға «Ferro-Alloy Resources Limited» компаниясы тарапынан 125 млн доллар көлемінде қаржыландыру туралы шешімі қабылданды.
Облыс басшысы комбинат құрылысын тездетіп бастау қажеттігін жеткізді. А.Кузнецов жер қойнауын пайдалану жөніндегі министрліктермен арадағы жасалатын келісімді ұзарту мәселесінде кейбір қиындықтар туындауына орай құрылысты бастау кешеуілдеп жатқанын айтты.
Облыс әкімі аталған келісімді ұзарту мәселесін тездетіп шешуде барлық тиісті көмек көрсету туралы аймақтық органдардың басшыларына тапсырма берді. Ал компания басшысына алдағы күндері құрылыс кестесін жасап, ұсынуды есіне салып өтті.
Бұдан соң басқосуда жаңа инвестициялық жобалар туралы хабарламалар берілді. «Қуаттылығы 10 МВт күн-электр станциясын салу» инвестициялық жобасы туралы болгариялық «ХидроЭнерджи Компани» компаниясының бас директоры Владимир Табутов әңгімелеп берді. Ол әуелі өз компаниясының әлемнің көптеген елдерінде күн-электр станцияларын салу тәжірибесі бар екенін атап өтті. «ХидроЭнерджи Компани» көктемгі аукционның қорытындысымен ҚР Энергетика министрлігінің тізіміне электр қуатын өндіретін компания ретінде енгізілсе, жазда қуаттылығы 10 МВт күн-электр станциясын салу жөнінде облыс әкімдігімен келісімге қол қойды. Жобаның құны – 9 млн доллар. Құрылыс кезінде 65 адам жұмыспен қамтылатын болады. Жобаны 2019 жылдың аяғына дейін бітіру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда құрылыс кезінде Жаңақорған ауданынан қажетті электр энергиясын сатып алу жөнінде келісім жасалған.
Облыс әкімі осы орайда Жаңақорған ауданы мен облыстық жер қатынастары басқармасының басшыларына күн-электр станциясы орналасатын жер учаскесіне қатысты барлық мәселелерді тездетіп шешіп беруді тапсырды. Ал инвесторға жобаның белгіленген мерзімде аяқталуы қажеттігін ескертті.
Қызылорда қаласында мұнай мен ілеспе газды өңдеу арқылы «А-95» жоғары маркалы бензин мен дизель отынын өндіретін зауыт салынатын болады. Бұл туралы осы жобаны жүзеге асыратын «GTL-Қазақстан» ЖШС-ның атқарушы директоры Вячеслав Бернян ақпарат берді. Жобаның жалпы құны – 892 млн теңге. Оның құрылысына 15 жұмысшы тартылатын болса, іске қосылғаннан кейін 11 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Зауыттың жылдық өнімі 20 мың тоннаны құрайды.
Компания өкілі жобаны жүзеге асыру үшін индустриялық аймақтан берілген орында барлық коммуникациялар жүйесі ретімен жасалғанына ризашылығын білдірді. Сонымен бірге жақын арада қаржыландыру мәселесін толық шешіп болғаннан кейін жобалық құжаттарды дайындап, ол біткен соң құрылысты бастай беретінін мәлімдеді. Осы жұмыстардың барлығы 17 айға жуық уақыт аралығында орындалып бітетін болады. Инвестор сондай-ақ «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-мен шикізат жөнінде келісімдер жасалғанын жеткізді. Ал зауыт іске қосылғанда бензин мен дизель отынынан бөлек, басқа да қоспа түрлері өндірілетін болады.
Осы ретте облыс басшысы газ байлығымыз саналғанымен, тәуелсіздікке ие болғаннан бері экономикамыз үшін жұмыс істеп келе жатпағанына назар аударды. Оның басты себебінің бірі – газ бағасының реттелмеуі. Аймақ басшысы алдағы уақытта бұл мәселені жоғары деңгейде көтеруді және Тюменьде болғанда осы жобаның ұнағанын, оның біздің аймағымыз үшін маңызды екенін айтып, жобаны жүзеге асыруға сәттілік тіледі.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.