ҚАЗАҚСТАН ТАБЫСЫНЫҢ НЕГІЗІ КӨЛІК-ЛОГИСТИКА БАҒЫТЫНАН ҚҰРАЛАТЫН БОЛАДЫ

  Қазақстан – әлемде көлік-логистика саласында қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттің бірі. 2016 жылы Қазақстан Дүниежүзілік банк рейтингінің LPI логис­тика тиімділігі индексінде 11 позицияға жақсарып, 77-орынға табан тіреген болатын. Ал 2020 жылға қарай рейтингтегі позицияны бұдан әрі жақсартып, 40-орын межесінен табылу көзделіп отыр. Алда елімізде көліктік логистикадан түскен табыс мұнай-газ саласынан түскен түсімнен асып түспекші. Әлбетте, бұған елімізде көліктік-логистикасы инфрақұрылымын дамытуға салынып жатқан инвестициялар ықпал етіп отыр. Соңғы алты жыл ішінде бұл салаға 23 млрд АҚШ долларынан астам қаржы құйылған, алдағы 3-4 жылда тағы да 12 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция бөлу жоспарда бар екенін айтады «Қазақстан теміржолы» АҚ мамандары.

Сонымен көліктік логистика саласында қандай шаруа тындырылды? Қазақстан үшін оның маңызы мен пайдасы қандай?

Тәуелсіздік тұғыры орнаған ширек ғасырда едәуір жұмыс атқарылды. ТМД елдері арасында Қазақстан – 25 жыл ішінде 2500 шақырым жаңа теміржол желісін салған жалғыз мемлекет. Жаңа теміржол халықаралық көлік дәлізін Шығыс-Батыс, Солтүстік-Оңтүстік және Транскаспий бағдарында (ТРАСЕКА) оңтайландыруға зор мүмкіндік берді. Мәселен, 2014 жылы салынған бір ғана Жезқазған – Бейнеу теміржол желісі Қытайдан Каспийге, әрмен қарай Түркияға, оңтүстік Еуропа мен Парсы шығанағы елдеріне бағытталған жүк пойыздарының жол үстіндегі қашықтығын 1000 шақырымға қысқартты.

Бірінші бағыт – Шығыс-Батыс дәлізі. Бұл – Қытайдан Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне, Қазақстан, Ресей арқылы Еуропа мен Скандинавия елдеріне шығатын бірден-бір көлік дәлізі болып отыр. Бұл бағдарда жүрдек тасымалды ұйымдастыру үшін инфрақұрылым жасақталған. Бағдарға қатысушы елдердің қолдау білдіруінің арқасында 2011 жылдан бері бұл бағдарды дамытуға қатысты ауқымды жұмыс жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде 2011 жылмен салыстырғанда Қытай мен Еуропа арасындағы контейнерлік тасымал көлемі екі есе артты.

Қазір көп сөзден гөрі нақты іс пен бәсекелестік заманы болғандықтан, Қазақстанда уақыт көшінен қалмау үшін осы бағдар бойынша логистикалық компаниялар үшін қажетті жағдайды жасауға бағытталған инфрақұрылым бастамаларын қолға алған болатын. Соның бірі де бірегейі ретінде еліміздің шығысында Қытаймен шекарада жұмыс істеп жатқан аймақтық ауқымдағы «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы мен еркін экономикалық аймағын айтар едік. Еркін экономикалық аймағы аумағында құрлықаралық тасымалдарда Суэцк каналының аналогы, сондай-ақ Еуразия жүк ағынының диструбиция орталығы – құрғақ порт салынды. Бұл порт 540 мың контейнерді қайта өңдеу қуатына ие болып отыр. Еркін экономикалық аймағы аумағында өндіріс пен көлік-логистикалық бизнесті дамыту үшін қолайлы салық жағдайы жасалған. Қазақстанның сырты мен ішінде логистикалық орталықтар желісі Еуразия құрлығында жүк ағынын бөлісу және шоғырландырудың маңызды пункттерінде жасақталған.

2014 жылы Қытайдың Ляньюньган портында Қазақстан-Қытай логистикалық терминалы ашылған болатын. Мұндай ынтымақтастық Қазақстанға Оңтүстік-Шығыс Азия мен Қытайдың шығыстағы нарық­тарына логистикалық жағынан шы­ғу­ға мүмкіндік береді. Елімізде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомо­биль магис­тралі құрылысы аяқталды. Бұл логистиканы дамыту бағытында жүзе­­ге асырылған ірі жоба. Бұл жоба теңіз жолымен салыстырғанда Қытайдан Еуро­па­ға жеткізілетін жүк мерзімін 3,5 есеге қыс­қартты. Мамандардың пікірінше, бұл бағдар жүрдек контейнерлік тасымал көлемін арттырады. Айталық, Шығыс Қытайдан шыққан жүк 15 тәуліктен кейін Еуропада жүк қабылдап алушының қолында болады.

Қазақстан таңдап алған екінші бағыт – Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізі. Бұл бағдар Қытай және Орталық Азия елдері, сондай-ақ Ресей мен Шығыс Еуропаның Қазақстан және Түркіменстан арқылы Иранға, Парсы шығанағы елдері мен Үндістанға шығу мүмкіндігін қарастырады. Осы ретте Қазақстан Түркіменстан және Иран мемлекеттерімен бірлесіп, Өзен – Берекет – Горган теміржол желілерін салу бағытында трансұлттық инфрақұрылым жобасын табыс­ты жүзеге асырғанын айтар едік. Бұл жоба үш елдің көлік ағынына ғана емес, Азия – Еуропа бағытындағы тасымал географиясына да оң ықпал етіп отыр. Әсіресе Қазақстан – Түркіменстан – Иран теміржол желісінің қолданысқа берілуімен Ресей, Қытай және Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінен жүк ағынын Парсы шығанағы елдеріне тасымалдау әлеуеті жасақталып отыр. Сондықтан қазір «Қазақстан теміржолы» АҚ тарапынан Бендер-Аббас порты мен Тегеранда терминалдық логистикалық инфрақұрылымды дамыту жұмысы жүргізіліп жатыр.

Теңіз порттарына шығудың тағы бір жобасы Еуропа бағытында жүзеге асырылып келеді. «Бірлескен тәртіпке салынған жұмыс есебінен Солтүстік-Шығыс бағдарында 2020 жылға қарай 680 мың контейнер қосымша жүк тарту әлеуетін көріп отырмыз. Өткен жылы Қытайдан Тегеранға бірінші пилоттық контейнерлік пойыз ұйымдастырылды.

Үшіншісі – Транскаспий бағыты – ТРАСЕКА. Ол Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен Түркия, Украина, Оңтүстік Еуропа бағыттарына жөнелтілетін жүк дәлізі. Осы жерде айрықша назардың Транскас­пий бағдарының маңызды буыны және Қазақстанның «батыс қақпасы» – Каспийдің көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға бөлініп отырғанын айтар едік. Бұл бағдардың кемел келешегі бар. Оның бір ұшын өткен жылдың соңғы айларында Ляньюнганнан Ыстанбұлға теміржол көлігімен контейнерлік тасымалдың ұйымдастырылуымен байланыстырар едік. 2016 жылы Каспий теңізі арқылы Ыстанбұлға 100-ге жуық пойыз ұйымдастырылса, 2020 жылға қарай бұл көрсеткішті 300 мың контейнерге дейін жеткізу көзделген.

Қазір Құрық портында паромдық кешен құрылысы жүзеге асырылды. Осы жобалардың барлығы Қазақстан порттарының қайта өңдеу қуатын 24 млн тоннаға дейін арттырады. Сонымен қатар қазақ елі өзінің флотын дамытуға басымдық беріп отыр, бүгінде ел флотының 4 жаңа заманауи кемесі бар. Ал 2020 жылға қарай Қазақстанның құрғақ жүк және паромдық флотындағы кеме санын 20-ға жеткізу көзделіп отыр. Бұл Транскаспий бағытында тұрақты тасымалды қамтамасыз етеді.

Сарапшылар пікіріне сүйенсек, Еуразия құрлығындағы негізгі нарықтар арасындағы сауда көлемі 2020 жылға қарай 1,7 есеге, яғни 700 млрд АҚШ долларынан 1,2 трлн-ға дейін артады деп болжанып отыр. Жалпы Еуропа мен Азия арасында жеткізу мерзімінің қысқалығын қажет ететін тауарларды тасымалдауға сұраныс көбейіп отырған шақта, инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру жүк ағынын жасақтауға серпін береді, сөйтіп трансқұрлықтық көлік дәлізінің жаңа архитектурасы қалыптасатын болады.

Жуырда өткен Ақтау саммитінен кейін Елбасы Әзербайжан Прези­дентімен кездесті. Нұрсұлтан Назарбаев пен Ильхам Әлиев көлік-логистика саласындағы әріптестік мәселелерін талқылады. Әсіресе Каспий теңізіндегі порттар құрылысының елдер арасындағы ынтымақтастықты арттыра түсетіні атап өтілді. Мәселен, Қазақстанның көлік жүйелері арқылы Қытай тауарлары Еуропаға жеткізіледі. Бұл ретте Қазақстан да, Әзербайжан да мол пайдаға кенеледі. Инфрақұрылым, жаңа ғимараттар салынып, оның ішінде әуежай бой көтерді. Осыдан тұтас елдің дамуын аңғаруға болады. Екі ел географиялық һәм тарихи тұрғыда бір-біріне жақын. Қос мемлекет арасындағы жылдар бойы қалыптасқан берік байланысты жаңадан ашылған Құрық порты да жандандыра түспек.

Қорыта айтқанда, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін реттейтін құжаттың қабылдануы Қазақстанның көлік-логистика саласындағы табысын одан әрі ұлғайтуға негіз қалайтын болады.

Дайындаған Ж.ӘЛМАХАН.

Экономика 11 қыркүйек 2018 г. 910 0