ӘРІПТЕСТІК ӘЛЕУЕТІ АРТА ТҮСЕДІ

Кеше Қызылорда қаласында «Астана-Қызылорда облысы: өңіраралық әріптестік» атты бизнес-форум өтті. Шарада екі өңірдің өндіріс, орта және шағын кәсіпкерлік, туризм салалары бойынша байланыстары талқыланды. 

Бизнес-форумға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов пен Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, екі өңірдегі кәсіпкерлік саласына қатысты мекеме өкілдері қатысты.

Кездесуде Руслан Рүстемов Астана мен Қызылорда арасында басты сала бойынша тәжірибе алмасудың маңызы, бизнес-жобалар мен инновациялық идеялардың аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосар үлесі жайында айтып өтті.

Форумда сөйлеген Астана қала­сы әкімінің орынбасары Ермек Аман­шаевтың айтуынша, елордалықтар үшін біздің аймақтың орны бөлек. Әсіресе, өндіріс, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, "ақылды қала" технологиясын ендіру бағытында бірлескен жобалар жасауға болады.

Астана қалалық инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшы­сының орынбасары Ерлан Бекмұрзиев елордада шетелдік инвесторлармен бір­лесе атқарылып жатқан жобалар жайын­да айтып өтті. Еліміздің бас қала­сында өңірлік инновациялық және инвестициялық стратегиялар әзірленіп, шетелдік инвесторлармен нақты жұ­мыс жасалуда. Олардың қатарында трансұлттық компаниялар да бар. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде онда 160 жобаға 7 млрд АҚШ доллары тартылған. Биыл бас қалада жалпы құны 17,1 млрд теңге болатын 13 индустриялық жоба жүзеге аспақ.

Шарада Қызылорда қаласындағы кәсіп­­керлерге қызмет көрсету орталы­ғының оңды бастама екендігі де айтылды. Бізден бастау алған бұл тәжірибе қазір басқа өңірлерде, оның ішінде Астана қаласында да енгізілуде.

Кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған өңірлік бағдарламаның барысы жайлы «Астана» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төра­ғасының орынбасары Досбол Көшербаев айтып өтті.

Бүгінде «Астана» ӘКК шағын және орта бизнеске қолдау білдіріп отырған бірнеше аймақтық бағдарламалардың бастамашысы әрі операторы. Мәселен, «1000 орын – көше саудасы»  іске асқан сәт­ті жобалардың бірі. Бағдарламаның мақсаты – қызмет көрсету саласының сапа деңгейін көтеру, көше саудасын заманауи форматқа келтіру. Екі жылдың ішінде 1200 жеке кәсіпкермен келісімшарт жасалып, 1,1 млрд инвестиция құйылды. Осылайша, Астана қаласының көшелеріндегі сауда-саттық жүйесі қарқын алып, жаңа жұмыс орындары ашылды.

– Бұл жоба қызылордалықтар үшін де тиімді болар деген ойдамын. Осы арқылы көше саудасы реттеледі. Кәсіпкерлер конкурсқа қатысып, қалаған жерінен дүңгіршекті жалға алады. Біз бұл жобаны «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен жүзеге асырудамыз, – деді Досбол Көшербаев.

Қызылордалықтарға «Led Solution» ЖШС өнімі – «ақылды» көше жарықтан­дыратын жоба таныстырылды.  Серіктестік жетекшісі Қаныбек Айтақовтың сөзін­ше, компания «Астана – жаңа қала» экономикалық аймағында светодиодты жарық шамдарын шығарумен айналысады

Бизнес-форумда «Smart-медицина», "Smart-білім" жобалары мен "Smart-Астана" мобильдік қосымшасы таныстырылды.

Форум аясында астаналық делегация өкілдері «Абзал и К» ТС, «Комфорт 1 KZ» ЖШС және «Dalatex» серіктестігі жұмысымен танысып, өлкетану музейінде болды.

Кездесу қорытындысында өңірлердің өзара байланысын өрістете түсу мақса­тында екіжақты 7 келісімге қол қойылды.

 

«СБ» ақпарат.

Экономика 08 қыркүйек 2018 г. 1 148 0