2017 жылға арналған облыстық бюджет Қызылорда облыстық мәслихатының 2016 жылғы 12 желтоқсандағы №71 шешімімен 177 832,9 млн теңге көлемінде бекітіліп, өткен жылмен салыстырғанда 26 948,7 млн. теңгеге артқан.
Жыл көлемінде облыстық бюджетке нақтылау жүргізілуіне байланысты бюджет көлемі бекітілген бюджетпен салыстырғанда 14 990,8 млн теңгеге немесе 108,4 процентке ұлғайып, 192 823,7 млн теңгені құрады.
2017 жылдың қорытындысымен облыстық бюджеттің түсімдер болжамы нақты 192 882,9 млн теңгеге немесе 100,2%-ға орындалып, болжамнан 445,8 млн теңге қаржы артық түскен. Оның ішінде кірістер бойынша 436,0 млн.теңге, бюджетке түсімі жоспарланбаған мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түскен түсім 9,8 млн теңгені құрады.
2018 жылдың 1 қаңтарына 29 облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне жоспарланған 192 823,8 млн теңге шығыстар жоспары 192 595,8 млн теңгеге немесе 99,8 процентке орындалып, 228,0 млн теңге игерілмеген.
Атқарылмаған 228,0 млн теңгенің 93,9 миллионы облыстық денсаулық сақтау басқармасына, 28,4 млн облыстың ауыл шаруашылығы басқармасына, 17,4 млн теңгесі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына, 16,9 млн теңгесі білім басқармасына, 21,5 млн теңгесі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына, 28,5 млн теңгесі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына, 11,8 млн теңгесі құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына, 3,2 млн теңге табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына тиесілі.
Өткен жылы республикалық бюджеттен 4 кредиттік шарт негізінде 9 463,6 млн теңге, облыстық бюджет қаржысы есебінен 1 794,8 млн теңге, барлығы 11 258,4 млн теңге бюджеттік кредит берілген.
Облыста әлеуметтік нысандар құрылысын жүргізу жалғасып келеді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2017 жылы облыс бойынша 47 көпқабатты тұрғын үй (1983 пәтер – 160,9 мың ш.м.) құрылысы жүргізіліп, 42 көпқабатты тұрғын үй (1859 пәтер – 156,2 мың ш.м.) пайдалануға берілген.
2017 жылы бюджет қаржысы есебінен 2 балабақша, 14 мектеп құрылысы аяқталып, 1 мектепке жылу қазандығы, 1 мектепке жаңа корпус ғимараты, 1 мектепке спорттық зал, асхана, шеберхана салынды. Қармақшы ауданында жаз-қыс мезгілдерінде балалар демалысына арналған лагерьдің, 7 балабақша мен 3 мектептің құрылысы басталды.
Денсаулық сақтау саласында 1 орталық аудандық аурухана құрылысы аяқталып, 2 аурухана құрылысы басталған. Тұрғын үй құрылысын дамыту есебінен Қызылорда қаласы Жаппасбай батыр көшесі бойынан 590 пәтерді құрайтын 10 тұрғын үй, Тереңөзек кентіндегі О.Мәлібаев елді мекенінде 10 тұрғын үй пайдалануға беріліп, Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде 18 пәтерлік 6 тұрғын үй құрылысы басталған. Байқоңыр қаласында 50 пәтерлік 5 тұрғын үйдің және Қызылорда қаласының сол жағалауындағы 50, 60 пәтерлік 7 тұрғын үй құрылысының мемлекеттік сараптамадан өткізілген жоба-сметалық құжаты әзірленді. Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі 180 гектар жер учаскесінде ауызсу, жол салу, Жаңақорған кентінде «Саяжай» мөлтек ауданын газбен қамту жұмыстары, Қызылорда қаласы сол жағалауындағы сумен жабдықтау және кәріз жүйесінің желісі, электрмен қамту, газ тарату желілерін салу, жол салу жұмыстары басталды.
Сегіз елді мекенде тұрғын үйлерге су құбырын жеткізу желілерінің құрылысы, 3 сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңғырту жүргізілген, 1 елді мекенде электрмен жабдықтау жүйесіне қайта жаңғырту аяқталып, 19 әлеуметтік нысандардың бу қазандығы газбен қайта жаңғыртылған, Арал қаласында «Рәміздер» алаңы абаттандырылып, ашық спорт алаңының құрылысы басталды. Мәдениет саласы бойынша 1 ауылдық клуб құрылысы аяқталса, 3 ауылдық клуб құрылысы, Қызылорда қаласында «Қазақ Орталық Атқару Комитетінің әкімшілік ғимараты» жобасының құрылысы басталған. Қызылорда қаласында Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионның қосымша алаңы қайта жаңғыртылып, 7 елді мекендерде спорттық кешендердің, денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталған. Қызылорда қаласында архив ғимараты құрылысы аяқталды.
Белкөл кентін газдандыру, Қызылорда қаласы Талсуат елді мекені оңалту орталығының қазандығын газ отынына ауыстыру, Қызылорда қаласындағы №3 қалалық емхананың ғимаратын газдандыру аяқталса, Қармақшы ауданы Жосалы кентінде автоматтандырылған газ тарату станциясын орнатумен қоса «Бейнеу-Шымкент» магистралды газ құбырынан бұрма газ құбырының құрылысы басталды.
«Қармақшы ауданы Ақтөбе ауылдық округінде ет өндіру бойынша құс фабрикасына инженерлік инфрақұрылым жүргізу» жобасы әзірленіп, Қазалы ауданы Қазалы қаласында жүгіру жолдары бар футбол алаңы мен 300 орындық трибуна, Қазалы ауданы Абай, Шәкен елді мекендерінде мал қорымы (биотермиялық шұңқырлар), Қармақшы ауданы Жосалы кентіндегі әкімшілік ғимарат құрылысы жүзеге асырылған.
«Қызылорда» автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жарғылық капиталын ұлғайтуға 10 автобус сатып алынды.
Экономикалық дамудың өсу қарқыны баяулаған қазіргі кезеңде бюджеттің атқарылуы күрделі болатыны белгілі. Соған қарамастан, өңірде бюджеттің мұнай өндіруші компаниялар салығына тәуелділігін төмендетіп, кіріс көлемін көбейтуде өзге де мүмкіндіктерді пайдалану қолға алынды.
Мейрамбек САТЛАБАЕВ,
облыстық тексеру комиссиясы төрағасының
міндетін атқарушы.