«ЖАСЫЛ» ЭКОНОМИКА: ЖЕТІ БАҒЫТТА ЖҰМЫС БАР

Қазіргі күні елімізде қоршаған ортаға зиян тигізетін құрылымдарды бірте-бірте жойып, оған балама көздер табу бастамасы кең өріс алды. «Жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес, Сыр өңірінде 7 бағыт бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар су ресурстарын орнықты пайдалану, энергия үнемдеу және оның тиімділігін арттыру, өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы, электр энергетикасы, қалдықтарды басқару жүйесін дамытуға негізделген. 

Таяуда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «жасыл» эконо­ми­ка­ға көшу және инвестиция тар­ту бағытындағы жұмыс жө­нін­­­де «Халықаралық жасыл тех­­нологиялар және инвес­ти­ция­­лық жобалар орталығы» ком­мер­циялық емес акционерлік қо­ғамы­ның басшысы Рәпіл Жошы­баев­пен кездесуде баян­дап берді. Мәселен, өңір­де электр қуатын үнем­деу сала­сында қызу шамдары қуат үнемдейтін шамдарға ауыс­тыры­луда. Нәтижесінде көше жарық­тандыру шығыны 12%-ке азай­ған. Қалдықтарды басқару сала­сында қатты тұрмыстық қал­­дықты қайта өңдейтін ком­па­ния­лар ескі-құсқы көлік дөңге­лек­терін кәдеге жаратуға көшті. Сөйтіп, одан тротуар плиталары мен черепица шығаратын болды. Резеңке ұнтағы мен тамшылатып суару үшін пайдаланылатын жер­­асты құбыры өндірісін жол­ға қойды. Облыстық бюд­жеттен Қаза­лы, Қармақшы аудандарында тұрмыстық қал­­дық полигонын са­лу үшін қара­жат бөлінді.

Халықаралық «ЭКСПО-2017» көр­месі кезінде таныстырылған жобалар біртіндеп жүзеге асы­рылып келеді. Мәселен, атом (уран) өнеркәсібі саласында – 4 («Қызылқұм», «РУ-6», «Байкен-U», «Семізбай-U» серіктестіктері), эко­логия саласында – 2 («Барсакелмес» қорығы, орман шаруашылығы), тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық саласында – 1 жоба («ҚЭТТК» АҚ). Соның ішінде «ҚЭТТК» АҚ мен «Siemens» компа­ниясы арасында қуатты үнемдеу тех­нологиясын енгізу туралы келісім жасалған. Мұның бәрі әри­не, «жасыл» экономиканы жан­дандырудағы нақты әрекет.

– Биыл энергетика министр­лігінің қолдауымен құра­мында сынап бар жарамсыз электр шамдарын бөліп жинауға арнал­ған 850 контейнер орнатылды. Қызылорда қаласында жерасты контейнерлерінің жүйесі енгізіл­ген. Бұл қағаз бен үлкен көлемді қалдықты бөліп жинауға мүм­кіндік береді, – дейді облыстық экология департаменті басшысы Марат Құрманбаев.

Бүгінгі күні қоқыс өңдеу ісіне кәсіпкерлер араласа бастады. Атап айтқанда, қажет болмай қалған түрлі заттан шатыр жамылғысын және жаяу жүргіншілер жолына арналған төсеніштер жасап шығаруға ден қойылған. Айталық, «Smart Rubber» ЖШС жарамсыз көлік дөңгелектерін резеңке ұнтақтары мен тамшылатып суаруға арнал­ған түтіктерге айналдыруға машықтанды.

Жуырда Жалағаш ауданында ауыл шаруашылығының су ресур­сын тиімді пайдалану үшін «жасыл» технологияны қол­данысқа енгізуді көздейтін жоба таныстырылды. Оны БҰҰ Даму бағдарламасының бірыңғай жобасы шеңберінде Еуропалық одақ қаржыландырады. Ерек­шелігі сол, «жасыл» техно­логияны қолдану арқылы соры шығып жатқан жерді ауыл шаруашылығы мақсатына пай­далануға болады. Жобаны іске асыру үшін аудандағы «Манақ баба» қожалығы таңдалды. Осы орайда, шаруашылық таза су және электр қуатымен қамтамасыз етіледі. Жалпы, оазистік суару технологиясын қолданысқа енгі­зу мал және өсімдік шаруа­шылығын қатар дамытып, жаңа кәсіпорындар ашуға ықпал етеді.

Аймақта экологиялық аху­ал­ды жақсарту, «жасыл» эко­номикаға көшу бағытында атқарылған іс аз емес. Соңғы үш жылда Сырдария өзенінде екі үрлемелі су тоспасы салынған. Нәтижесінде су аз жылдың өзінде жалпы аумағы 60 мың гектардан асатын Жаңақорған және Шиелі аудандарының егіс алқабын тұрақты суландыруға және 1,5 млрд текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, биылдан бастап 3 млрд текше метр тасқын су жинайтын 6 су қоймасын салу жоспарланып отыр.

«Жасыл» экономика жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес ауыл шаруашылығы саласында да оң өзгерістер байқалып отыр. Облыс­тың агроөнеркәсіп кеше­нін дамытудың 2016-2020 жыл­дарға арналған агрокартасы әзірленіп, онда егіс алқаптарын әртараптандыру, прогрессивті суару әдістерін пайдалану, инно­вациялық жобаларды өн­діріске енгізу, сырттан жоға­ры өнімді мал сатып алу ша­раларын ұйымдастыру арқы­лы репродукторлық шаруа­шылықтар құру, ет, сүт, жүн, тері, көкөніс, бақша өнімін өндірумен қатар, оларды терең өңдеуді ұйымдастыру бағытында іс- шаралар жүзеге асырылуда.

«Жасыл» экономика – жаңа ғасырда бәсекеге қабілетті және көшбасшы ел болудың бірегей мүмкіндігі. Сондықтан көптеген мемлекет экономиканың осы бағытына басымдық берген. Елба­сының басты назарында тұрған бұл мәселені оңтайлы әрі тиімді түрде іске асыруда өңірдегі еңбек ырғағы жалғаса бермек.

 

Назерке Саниязова,

«Сыр бойы».

Экономика 28 маусым 2018 г. 1 493 0