«ҚАЗАҚИНВЕСТ» ҚЫЗЫЛОРДАНЫ ТАҢДАДЫ

«Қазақинвест» ҰК» АҚ пилоттық жобаларын Сыр өңірінен бастауға ынталы. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев төрағалық еткен инвесторларды тарту және аймақтың инвестициялық климатын жақсарту жөніндегі өңірлік кеңес отырысында компанияның басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев осылай мәлімдеді.
– Мақсатымыз – бір ай кө­ле­­мінде осы өңірден шама­мен 15 жобаны бекітіп, жыл соңы­на дейін нәтижеге қол жет­кізу. Біздің бастамаға бір­тін­деп басқа да аймақтар тар­тылады. Ол үшін жергілікті ат­қа­рушы ор­гандармен, бизнес қауым­дас­тығымен бірлесе жұмыс жа­сау маңызды, – деді басқарма төрағасы.
«Қазақинвест» ҰК» АҚ елі­міз­ге инвестиция тарту, инвес­торларға қолайлы жағдай жасау әрі олармен әріптестік бай­ланысты нығайту мақсатында құ­рыл­ған болатын. Сапарбек Тұяқбаев елімізде инвесторлар ай­тар­лықтай көп емес екенін, әзірге 100 шақты жоба жүзеге асы­рылып жатқанын жеткізді.
– Көпшілік аймақ террито­рия­сы шағын, халық саны аз деген уәж айтуы мүмкін. Бірақ Еуро­па елдерін, оның ішінде Голлан­дияны алып қараңыз. Көлемі кіші болғанымен, сау­да-саттықты жақсы жолға қой­ған. Біріккен Араб Әмірлігі ауыл шаруашылығы өнімінің экс­портын жандандыра бастады. Бұған біздің де мүмкіндігіміз жет­кілікті. Тек кәсіпкерлер ынта танытса, жеткілікті, – деді ол.
Экономикаға инвестиция тар­ту, инвесторлар үшін өңірде қолайлы климат қалыптастыру – Елбасы Жолдауынан туын­дайтын негізгі міндет. Облыс әкі­мі Қырымбек Көшербаев Қы­зыл­орданың инвесторлар үшін аса тартымды аймаққа ай­на­л­ғанын, осы 5 айдың өзінде негізгі капиталға тартылған инвес­тиция көлемі 15,4%-ке өсіп, 65,9 млрд теңге болғанын атап өтті. Одан бөлек, барлық қыз­мет түрін бір жерден алуға мүмкіндік беретін кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Орталықта кәсіпкерлерге қызмет көрсету процесі то­лық автоматтандырылған. Техни­ка­лық шартты бұрынғыдай 1 ай бойы күтудің қажеті жоқ, қазір ол небәрі 3 күн ішінде беріледі.
– Біздің тәжірибені басқа ай­мақтар да қолданысқа енгізіп жатыр. Қомақты табыс әкелетін инвесторларды тарту мақсатында биыл 5 айда 11 роуд-шоу ұйым­дастырылып, нәтижесінде шетел­дік инвесторлармен бірлескен 3 меморандум қабылданды, – деді ай­мақ басшысы.
Жиында облыс бойынша мем­лекеттік қызмет істері және сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бас­шысы Абзал Мұхимов инвес­торларды сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы сүйемелдеу жобасын таныстырды. Жобаны жүзеге асы­рудағы басты мақсат – инвес­торларды түрлі сыбайлас жем­қорлық тәуекелдерінен қорғау, инвестициялық ахуалды одан әрі жақ­сарту. Осыған байланысты ап­таның барлық күнінде тәу­лік бойы жұмыс істейтін же­дел топ құрылды және ол «Қазақ­инвест» ҰК АҚ филиалы үйлес­тірушісімен тығыз қарым-қаты­наста.
– Шілде айында аталған фи­лиал мен облыстық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жаны­нан жобаның фронт-офисі ашы­лады. Инвесторлар ол жерден мемлекет кепілдік берген қол­дау шараларын ала алады әрі сыбайлас жемқорлыққа қар­сы тәуекелдерден қорғау шара­ла­рымен қамтылады, – деді де­пар­тамент басшысы.
Одан кейін «Orda Glass» ЖШС басқарма төрағасы Ержан Сағымбаев – Қызылорда қала­сын­дағы шыны, «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС бас дирек­торы Ли Цзиньцин – Шиелі ауда­нындағы тампонажды це­мент, «Қазақ Инвест» ҰК» АҚ өңірлік директоры Болат Рама­занов кера­микалық плитка зауыт­тарының құрылысы туралы айтып берді. Аймақтағы ірі индустриялық жобаларды жыл соңына дейін ел илігіне беру межеленген. Құрылыс шаралары жоспарға сәйкес атқарылып жатыр.
Кеңес отырысы барысында облыс әкімдігі мен «Қазақинвест» ҰК» АҚ өзара әріптестік жөніндегі меморандум қабылдады.

Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
Экономика 23 маусым 2018 г. 1 202 0