«ДАМУДЫҢ» ДЕМЕУІ

Қызылорда қаласында қауіпсіздікке арналған гидроизоляциялық қорғаныш каскаларын шығаратын шағын цех іске қосылып, жаңашыл жоба сәтті жүзеге асырылуда. «NP Consulting» ЖШС қолға алған өндіріс өз тұтынушыларын тауып, облыс аумағында ғана емес, еліміздің барлық өңірлеріне тапсырыспен өнім шығаруда. Тұтынушылардың басым көпшілігі – мұнай және құрылыс компаниялары. Өндіріс «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірегей бағдарламасы аясында қолдау тауып, қуатын арттырып отыр.
«NP Consulting» ЖШС биз­несін дамытуға «БанкЦентр Кредит» АҚ-дан 14%-пен несие рәсімдеп, оның проценттік үсте­месін «БЖК – 2020» бағ­дар­ламасы шеңберінде екі есеге дейін арзандату мүмкіндігіне қол жет­кізді. Сонымен қатар, кәсіпорын несие рәсімдеу барысында кепіл мүлкі жетіс­пеушілігі мәселесін «Даму» қо­ры­ның жартылай ке­піл­ден­діру құралының арқа­сында шешіп отыр.
Несие қаражатын кәсіпорын жаңа қондырғы алуға бағыттап, өндірілетін өнім түрін арт­тырды. Серіктестік жаңа қон­дырғымен қолданушыға каска­ны бастан шешпестен, оңай, әрі бірсарынды реттеуге мүмкіндік беретін шап­па механизмді қор­ғаныш каскаларын шыға­руды қолға алды. Мұндай кас­каның тағы бір ерекшелігі, жұмысшы биікте атқарылатын жұмыс барысында еңкейгенде, бастан жылжып не­месе түсіп кетпейтін, ыңғайлы болып келуінде.
Серіктестік басшысы Ғалым Прекешовтың айтуынша, қор­­­­­ға­ныш каскалары неміс тех­но­­логиясымен отандық шикі­заттан өндіріледі. Сонымен қа­тар, өңі­рімізде бәсекелесі жоқ кәсіпорын саналады.
– Жаңашыл бизнесті жүзе­ге асырудың өзіндік қиын­шы­лық­тары мен ерекшеліктері бар. Инновацияның ең басты артықшылығы, нарықта бәсеке­лестердің болмауы. Бірақ бұл ерекше фактор кәсіпкерге бір­ден табыс әкелмейді, бастысы өндірілген өнімнің жоғары са­палы болуында. Тұтынушыға қолжетімді бағада, жоғары са­палы өнім ұсынсаң, осы қағида сені жетістікке жетелейді. Со­ны­мен қатар, кәсібің та­быс­ты болсын десең, оған уақы­тылы қаржы құю қажет. Ал бұл мәселені біз мемлекеттік бағдарламаға қатысу арқылы оңтайландыра алдық, – дейді Ғалым Прекешов.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».
Экономика 19 маусым 2018 г. 712 0