ҚАЗАҚСТАНДА ОҢДЫ КӨРСЕТКІШТЕР КҮТІЛІП ОТЫР

Экономикаға алдын ала бол­жам жасау әр мемлекеттің стра­тегиялық мақсат-мүддесін көз­дей­тін маңызды шараларының қатарына жатады. ҚР Ұлттық банкі осы талапқа сәйкес жылына 4 рет болжам кезеңдерін жүргізеді. Алынған болжамдар мен бағалар негізінде Ұлттық банк ақша кредит саясаты, оның ішінде базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер қабылдайды. Жуырда ҚР Ұлттық банкі 2018 жылғы 1 тоқсан – 2019 жылғы 3 тоқсан аралығына болжам жасады. Осы кезеңде Қазақстанның басты табыс көзі ретінде мұнай бағасы барреліне 60 АҚШ доллары көлемінде болжанып отыр. Осының негізінде Қазақстанда жылдық инфляцияның көрсеткіші 2018 жылдың 4-тоқсанында 5-7 %, 2019 жылы 4-6 % көлемінде болжанды.

Болжамдарға сәйкес экономи­каның өсу қарқыны 2018 жылы 2,9%-ті, 2019 жылы 2,8%-ті құрайтын болады.

Инфляцияның тежелуіне бай­ла­­нысты халықтың табысы күткендегіден біршама өсе­тін болды. Бұл орайда үй шаруа­шы­лықтарының табысының өсуі­не ықпал жасайтын шаралар қабыл­данады. Атап айтқанда, шағын несие беру үрдісі жалғасады. Ішкі сұраныстың өсімі нәтижесінде импорт өсімі тежеледі. Қоры­та айтқанда, Қазақстан экономи­касының өсімі 2018-2019 жылдары ішкі мүмкіндіктердің есебінен қамтамасыз етілетін болады.

Жалпы Қазақстан бойынша көзделіп отырған өсімнің Ұлттық банк пен халықаралық қаржы институттарының болжамдарына сәйкес келетінін атап өткіміз келеді.

Дүниежүзілік банк сарапшыларының есебінше, 2018 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 2,6 процентті құрайтын болады.

Дүниежүзілік банк 2018 жылға арналған әлемдік экономиканың перспективалары туралы баяндамасын жария етті. Онда мемлекеттердің экономикалық өсіміне болжам жасалған. Баяндамада Қазақстан экономикасының өсу қарқыны қалыпты болады делінген. Болжам бойынша мұнай өндіру көлемінің ұлғаюы және салықтық-бюджеттік ынталандыру секілді бір реттік шаралар тиімділігінің әлсіреуіне байланысты Қазақстан экономикасының өсімі 2,6% деңгейінде қалыптасады.

Жалпы, банк сарапшыларының болжамынша, 2017 жыл күт­кендегіден әлдеқайда табысты болған. Осының нәтижесінде 2018 жылғы әлемдік экономиканың өсу қарқыны 3,1%-ға дейін жетуі мүмкін. Мұндай өсім инвестициялардың одан әрі қалпына келуінің және сауда, өнеркәсіп салаларындағы серпілістің, сондай-ақ шикізат бағасы тұрақтылығының нәтижесінде мүмкін болмақ.

Биыл әлемнің дамыған елдеріндегі экономикалық өсім қарқыны сәл-пәл (2,2%) төмендейді. Бұған орталық банктердің дағдарыстан кейінгі қаржылық ынталандыру бағдарламаларын кезең-кезеңімен қысқартуы және оларды тұрақтандыру үшін бөлінген инвестициялар көлемінің өзгеруі әсер етеді. Ал нарықтық экономика қалыптасып жатқан елдер мен дамушы мемлекеттердегі экономиканың өсу қарқыны жалпы алғанда 2018 жылы 4,5%-ға дейін өседі. Сарапшылардың болжамынша, мұндай өсімге мемлекеттердегі іскерлік белсенділіктің үздіксіз қалпына келуінің нәтижесінде қол жеткізіледі.

«Әлемдік экономиканың өсу қарқынының барынша қалпына келтірілуі көңілге сенім ұялатады. Алайда қазір тоқмейілсейтін уақыт емес. Себебі бүгінде адами және физикалық капиталдарға инвестиция салуға тамаша мүмкіндік туып отыр. Егер әлем саясаткерлері осынау маңызды инвестицияларға көңіл аударса, онда мемлекеттер өнімділікті еселеп, экономикалық белсенді халықтың үлесін айтарлықтай арттыра алады», – деп мәлімдеді Дүниежүзілік банк тобының президенті Джим Ён Ким.

Дүниежүзілік банк сарапшы­ларының болжамына сүйенсек, 2018 жыл қаржылық дағдарыстан кейін әлемдік экономика толық қуатта жұмыс істейтін алғашқы жыл болады. Сонымен бірге сарапшылар мемлекеттер қысқамерзімді болашақта экономикалық өсімді ынталандырудың жолдарын қарастыру қажеттігін айтады.

«Жұмыссыздық көрсеткіші дағдарысқа дейінгі деңгейге қайта оралды. Дамыған және дамушы елдердің экономикалық жағдайы жақсаруда. Соған қарамастан, саясаткерлер экономикалық өсімді қолдаудың жаңа тетіктерін табуы керек», – деді Дүниежүзілік банктің экономикалық даму перспективаларын зерттеу департаментінің директоры Айхан Косе.

Жалпы, Еуропа және Орталық Азия өңіріндегі экономикалық өсім 2017 жылғы болжамнан асып түсіп, 3,7%-ды құраған. Ал 2016 жылы бұл көрсеткіш небәрі 1,7%-ға тең болды. Мұндай жетістікке қол жеткізу 2014 жылы мұнай бағасының күрт төмендеуінен кейін үш жылдық өте баяу өсімнің нәтижесінде мүмкін болды. Бұл ретте шикізатты импорттайтын елдерде де, экспорттайтын елдерде де өсім байқалған. Ал экономикалық белсенділікті қалпына келтіруге ықпал еткен негізгі факторлар – жеке тұтыну және инвестициялар болып табылады.

Еуропа және Орталық Азия өңірінде экономикалық өсімі күрт артқан мемлекеттің бірі – Қазақстан. Біздің елдегі өсім 2016 жылы 1,1%-ға тең болса, былтыр 3,7%-ды құрады. Мұндай елеулі өсім Қашаған кен орнындағы мұнай өндіру көлемінің ұлғаюына байланысты болды.

Ж.ӘЛМАХАН.

Экономика 19 мамыр 2018 г. 745 0