АЛҒА АДЫМДАҒАН «АРАЛ ҚҰРЫЛЫС»

«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген. Көпшілік білікті басшы, тәжірибелі құрылысшы ретінде танитын «Арал құрылысы» ЖШС директоры Мейрамбек Құлмырзаевпен тілдесуде осы нақыл ойға оралған еді.

Аталған мекеме Арал ауда­нындағы бұрынғы теміржол са­ла­сындағы көпір құрылысы меке­месінің ізінен құрылған. Құрылыс монтаж, күрделі және жай жөндеу, авто көлік, теміржол құрылысы жұмыстарымен айна­лысатын ір­гелі ұжым. Мықты базасы, темір-бетон бұйымдарын  дайындайтын, ағаш кесіп өңдейтін басқа да цехы, қуатты техникалары бар бірегей кәсіпкерлік көзі. Айта кетерлігі, мекеме жұмысын әуел баста Оразғали Құлмырзаев ағамыз ұстаса, қазір әке жолын үлкен ұлы Мейрамбек жалғастырып келеді.

Мекемеде бірнеше адам тұрақ­ты жұмыспен қамтылған. Жазғы маусым кезінде жұмысшылар саны арта түседі. Дағдарыс ден­деген шақта әр адамның жұмыспен қамтылуы өте маңызды екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Ал ауданның қаншама адамын жұмыспен қамтып отырған «Арал құрылысы» ЖШС басшыларының бұл игі істері мақтауға лайық. Еңбек адамының көпшілігі суы­рылып сөйлегеннен гөрі нақты іспен айналысқанды абзал санай­тынын білетін боларсыз. Бұл жолы да сондай сезімде болдық. Мейрамбек менің қойған  сауалыма тайға таңба басқандай нық  жауап қайтарды. Оның байсалды үнінен жастыққа тән жігер-қайратты, сенім лебін аңғардым. Тағы да сана пернесінде «жас келсе іске» деген халық  даналығы қылаң берді.

Шаруаны ұқсата алған адам­ның ұтылмасын аңғару да қиын емес. Темір-бетон цехын қайта жа­рақ­тандыру   бетон өнімдерін өндіру көрсеткішін арттыруға, мұнай өнімдерін сақтау орнын қай­та ыңғайлау, сақталатын тауар­дың көлемін ұлғайтуға, одан қалды, темір жол тұйығын, құрылыс техникаларын, қойма орындарын жалға беру  негізгі қызмет түр­лерінің ауқымын  кеңей­туге жол ашқан. Айта кетерлігі, мекеме күр­делі құрылыс жүргізу және қайта жөндеу жұмыстарымен қатар, жол салуға қоса автокөлік жолдарын күрделі, орташа жөн­деу, қалпына келтірумен де  айналысады. Осынау жылдар аралығында серіктестіктің қал­дыр­ған қолтаңбасын көп жер­лерден кездестіруге болады. «Сексеуіл-Жезқазған» темір жо­лын­да «Арал құрылыстың» ауыр құрылыс техникалары жер жұмыстарын атқарып бірнеше адам еңбек етіп, табыс тапты. Мұнан біршама уақыт бұрын «Сарыбұлақ-Қазалы» су құбырын жүргізу «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік жолын салуға, «Бозой-Шымкент» газ трубаларын темір жол тұйығына түсіріп, жинап, қайта тиеу барысында үлкен ыждағаттылық танытты.

– «Арал құрылысының» жұ­мы­­сы жылдан-жылға қар­қын алуда. Мәселен, «Қонақ үй кешені құрылысын салу» жобасының  құны – 234 млн теңге болатын. Сауда кешені өткен жылы толы­ғымен іске қосылды. Кешенде 30 адам жұмыспен қамтылған. «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағ­дарламасы аясында несие алып, аталған жоба бойынша алынған  несиенің проценттік. мөлшерлемесі субсидияланып отыр. Сондай-ақ, «Асфальт-бетон зауыты» жобасы 2017 жылы об­лыс әкімінің қатысуымен өт­кен телекөпір барысында пай­далануға берілді. Алға койған ауқымды жоспарлары да аз емес. Мемлекет тарапынан жасал­ған қолдау, жеңілдіктерді де тиімді пайдаланады.Серіктестік басшысы тұрмысы төмен отба­сыларға қолдау көр­се­туден, игілікті істерге демеушілік таны­тудан ешқашан тартынған емес. Елге, жерге деген шынайы ықыластың жемісі осы болса керек, – дейді аудандық кәсіп­керлік бөлімінің басшысы Бектемір Жұмағұлов.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Арал ауданы.

Экономика 17 наурыз 2018 г. 1 645 0