Бүгінде іс бастап, кәсіппен айналысқандар мемлекет қолдауын айқын сезініп отыр. «Бизнестің жол картасы-2020», «Бастау Бизнес», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» сынды бағдарламалар осы бағыттағы бастамалардың жүйелі жүзеге асуына септігін тигізіп келеді. Оған өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Қармақшы ауданында өткен баспасөз турында көзіміз жете түсті.
Ауданда кәсіпкерлердің қарасы қалың. 2017 жылы қаржы ұйымдары тарапынан 330 жобаға 1093,5 млн теңге жеңілдетілген несие берілген. Оның ішінде, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша 233,5 млн теңгенің 15 жобасы жүзеге асырылды.
Баспасөз туры жеке кәсіпкер Марал Тілегенованың «Марал» сұлулық салонымен танысудан басталды. 1995 жылы аудан орталығынан шағын шаштараз ашумен кәсібін бастаған Марал, өткен жылы жаңа нысанның лентасын қиған еді. Заманауи ғимарат салу үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасы арқылы 5 млн теңге несие алып, құрал-жабдықтарын да жаңартып алған. Ерлер мен әйелдерге қатар қызмет көрсететін бұл орталық қазір 9 адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Қызылорда қаласындағы «Динара Мусаева» академиясының курсын оқып бітірген соң осында жұмысқа қабылдандым. Еңбекақымызды уақытылы аламыз. Мені жаңа құралдар мен қызметіміздің көптүрлілігі қуантады, – дейді әйелдер бөлімінің маманы Айнаш Игісінова.
Келесі нысан 21 жасар жас кәсіпкер Қайырбек Әбеннің «Маржан» қызмет көрсету орталығы болды. Билборд, стенд, жарнама қағаздарын әзірлейтін Қайырбек те мемлекет қолдауына дән риза. «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы 3,5 млн жеңілдетілген несие алып, оның 3 млн теңгесіне «Infinity» баспа-машинасын сатып алған. Ол баспахананы жаңа техникалармен толықтырып, жұмыс ауқымын кеңейткісі келеді. Жас кәсіпкердің Тұрмағанбет ауылында шағын шаруашылығы бар. «Әзірге жылқы басы жетеу. Мал басын біршама көбейтіп алған соң жақсы жоспарларым бар»,– дейді Қайырбек. Қайырбектің жан-жақтылығы мен ынта-жігеріне тәнті болып, сәттілік жолдас болсын дедік.
Өткен жылы мемлекеттік бағдарламаларды ұйымдастыру және іске асыру мақсатындағы мемлекеттік гранттар беру компоненты бойынша Қармақшы ауданында 2 конкурсқа 54 жоба қатысып, 16 жоба 10,8 млн теңгенің грантына қол жеткізген.
Бұдан бөлек, 2017 жылдың қараша айында жеке қаражат есебінен жеке кәсіпкер Гукчак Рагибова ІІІ Интернационал ауылының тұсынан «С» санатты қызмет көрсету орталығының құрылысын аяқтап, іске қосты. 350 млн теңгені құрайтын бұл жоба 18 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Сондай-ақ, Ақай ауылындағы «МеаПрим» ЖШС-ның күріш дәнінен тағам түрлерін дайындау жобасы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 8 млн теңгеге қаржыландырылған. Қыркүйек айында іске қосылған өндіріс орны 5 адамды тұрақты жұмысқа қабылдаған.
Баспасөз туры аясында Жайлыбай Құдайбергенов басшылық жасайтын Қармақшы аудандық емханасына аялдадық. Бас дәрігердің айтуынша, «Жол картасы» бағдарламасы аясында ауданның емдеу мекемелерінің техникалық базасы жаңа технологиялармен толыққан. Мәселен, 3 жаңа жедел-жәрдем көлігінен бөлек жалпы құны 80 миллионнан асып жығылатын «HAMILTON» «ISOLETTE» «MOT 6000», т.б. 8 аппарат сатып алыныпты. Өткен жылы 11 адам жұмысқа қабылданғанымен, ауданға акушер-гинеколог жетіспейтін көрінеді. Сонымен бірге Ж.Ақкенжеұлы 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы аясында мамандары бар медициналық кешен елді мекендерді аралап жүргенін айтты.
Аудан бойынша «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында былтырғы жылы 394 адам қайта даярлау курсынан өткен. Ал бұл бағдарламаға қатысу үшін жыл басынан бері 4 мыңға жуық адам өтініш тастаған. Оның 3595-і жұмыссыз. Бұл туралы Қармақшы аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Данияр Ахметов айтып берді.
Қармақшы ауданындағы жобалардың қарқыны көңілден шықты. Жаңадан бой көтерген нысандар мен қатары қалыңдаған кәсіп иелері бұл саланың ел дамуына еселі үлес қоса беретініне сендіреді.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ.