БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІНІҢ БЕДЕЛДІ ҰЙЫМЫ

    Кәсіпкерлер палатасы аймақта кәсіпкерлік саласының дамуына үлес қосуда іскер азаматтарға қолайлы экономикалық, құқықтық жағдай  жасап келеді. Биылғы жылдың өңірде «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялануы, палата жұмысына  тың серпін бергендей. Бұл жөнінде палата төрағасы Ғалымбек Жақсылықов қоғамдық кеңес отырысында баяндап берген болатын.

Кәсіпкерлер палатасы құрылған сәттен негізгі басымдықты іспен айналысқысы келетін азаматтарды оқытуға, біліктілігін көтеруге арнап отыр. Жыл өткен сайын аймақта саланы игеруде оқысам, білсем деген азаматтардың қатары еселеп артуда. Мәселен, кәсіпкерлер палатасы жанындағы «Бизнес кеңесші» курсына азаматтар жыл бұрын жазылып қоюды да бастаған. Өткен жылы осы курс аясында оқыған азаматтар саны жоспарлаған межеден екі есе артып, 1555-ті құрады. Биылғы жылы да облыс бойынша 800 азаматты «Бизнес кеңесшінің» аясында оқытамыз деген жоспар бар. Дегенмен, бүгінгі күнге дейін курсқа жазылушылардың қатары 1121-ден асты.

Өңірдің кәсіпкерлік саласына тың серпін берген бастаманың бірі – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен қолға алынған «Бастау бизнес» жобасы. Өткен жылы пилоттық режимде жүзеге асқан бұл жоба облыстың 5 ауданында (Жаңақорған, Шиелі, Қармақшы, Қазалы, Арал) жүзеге асырылды. 937 қатысушы оқытылып, оның 358-і өз кәсібін бастап кетті. «Бастау бизнестің» тиімділігін ескере келе, биыл қатысушылар қатарын 1600-ге дейін көбейтіп, 7 ауданда оқыту жұмыстарын жүргізу көзделген. Сонымен қатар, жобаның екі легі Қызылорда қаласында өтеді деп жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының алдымызға қойып отырған Цифрландыру бастамасы аясында «Атамекен» ҰКП-сы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары мен кәсіпкерлікті қолдау орталықтарының форматын тұтастай өзгерту үшін ұсыныс дайындауда. Палата  мұнда онлайн-байланысқа өтуге басымдық беретін болады. Келесі жылдан кәсіпкерлерге онлайн қызмет көрсетуді бастаймыз деп отыр.

Осы жерде атап өтерлігі, кәсіппен айналыссам, үйренсем, білсем дейтін ауыл азаматтарының қатары артты. Дегенмен, барлығының бірдей аудан немесе облыс орталығына келіп, кәсіпкерлер палатасының қызметіне жүгінуге мүмкіндігі бола бермейді. Енді азаматтардың өз ауылынан шықпай-ақ, ауылдық округ әкімінің кабинетінен палата кеңесшілерімен скайп жүйесі арқылы қосылып, онлайн-кеңес алуға жағдай жасалмақ.

Бүгінде бизнес өкілдері кез келген істі жүргізу мамандарға тікелей байланысты екендігіне толықтай көз жеткізді және кадр дайындау мәселесіне өздері де үлес қосуға әзір. Тәжірибе көрсеткендей, оқу орнының жаңа мамандықтар дайындауға арналған материалдық-техникалық базасы және арнайы оқытушылар деңгейі сәйкес келмеген жағдайда, колледждер бизнеске қажет мамандықтардың лицензиясын ала алмайтындығын көріп отырмыз. Сондықтан да, жақын аралықта облыс әкімдігімен бірлесе мемлекеттік колледждерді бейімдеуді жоспарлап отыр.

 

Клаус Швабтың «Төртінші өнеркәсіптік революция» кітабында айтқан, «технологиялардың жеделдетіп дамуын ескере қызметкерлердің қабілеттері, тұрақты түрде бейімделуі және түрлі контекстте жаңа дағдылар мен тәсілдерді үйренуі төртінші өнеркәсіптік революцияның басты назарында болады», - деген тұжырымы кадр мәселесінің маңыздылығын көрсетуде.

Осы ретте, оқытуға қатысты және бір мәселе, бүгінде елімізде кәсіпкерлік саласы бойынша басқарушы кадрлардың дайындық және даму деңгейі өз дәрежесінде емес. Қазіргі жылдам өзгерістер жағдайында заманауи басшыдан стратегиялық ойлау және стандартты емес шешімдер қабылдау талап етіледі. Мұндай талаптар тек үлкен қалалардың басшыларына ғана емес, шалғай, ауылдық жерлердегі басшыларға да қолданылуда. Жоғарыда айтылған мәселені шешу үшін жоғары және орта буын менеджерлеріне, яғни мемлекеттік қызметкерлер, облыс кәсіпкерлері арасындағы кәсіби басқарушыларға арналған оқуларды бірлесіп ұйымдастыруды ұсынды. Ол үшін осы жоба аясында оқуға қатысқан мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпкерлерге жоғары дәрежедегі білім беру ұйымдарынан шақырылған кәсіби бизнес-тренерлер теориялық және практикалық дәрістер өткізетін болады. Бүгінде бұл жобаның ұйымдастырушылық кезеңі аяқталып, оқу процесін бастауға дайындық жүріп жатыр.

Баршаға белгілі «Сауда үздігі – 2017» республикалық байқауында қызылордалық кәсіпкерлер бірнеше номинациялар бойынша І орынды жеңіп алды.

Атап айтқанда:

–  «Үздік бөлшек сауда кәсіпорны» номинациясы бойынша  «Браунис Қазақстан» ЖШС І орын;

– “Үздік демалыс аймағы” номинациясы бойын­ша – «Нұр-назар» ЖШС-нің «Арай» спорттық-сауықтыру кешені,

– «Үздік көтерме сауда кәсіпорны» номинациясы бойынша «Абзал және К» ТС бірінші орындарды еншіледі;

– «Жылдың үздік басшысы» номинациясының гран-приі «Абзал және К» ТС-ның директоры Мұрат Сәрсенбаевқа берілді.

Нәтижесінде қызылордалықтардың байқау қорытындысымен І орынға ие болуына орай, үстіміздегі жылы «Сауда үздігі» республикалық байқауы облыста өтетін болды. Байқау өткізу тамыз айына жоспарланып, қажетті қаржы жөнінде ұсыныс қолдау тапты. Байқау өткізу барысында жергілікті кәсіпкерлер үшін тиімді барлық шараларды ұйымдастыру қарастырылатын болады. Яғни, сауда айналымын дамыту, жобалар үшін инвесторлар мен серіктестер табу және т.б. бағыттар бойынша жұмыстар атқарылады.

Сонымен қатар, Кәсіпкерлер палатасы жыл сайынғы «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауын биыл да ұйымдастырып, жергілікті тауарөндірушілерді республика көлемінде таныстыруға жұмыс жасайтын болады.

Кәсіпкерлердің мәселелерін шешуде жергілікті атқарушы органдар Қызылорда кәсіпкерлер палатасына сенімді серіктес болып отыр. Арнайы қызмет көрсету орталығын ашып беруі, кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімдеріне қатысты мәселелер: кадастрлық құнын бөліп төлеуге келісім беріп, аукционды Палата алаңында өткізуі кәсіпкерлер тарапынан жақсы қабылданды. Айта кету керек, қалалық жер комиссиясы, аукцион Палата алаңында өткізілуі – бұл еліміз бойынша бірінші болып және біздің аймақта ғана ұйымдастырылуда. Бұл палатаның қала әкімдігімен бірлесе атқарған жұмысының жемісі.

Жалпы мемлекеттік органдар тарапынан өңірде кәсіпкерлікті дамытуға ең алдымен көзқарас – оң, қолдау бар.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

"Сыр бойы".

Экономика 03 наурыз 2018 г. 912 0