« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Жуырда ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарына арналған онлайн-конференция өткізді. Конференцияның басында бас банкир экономикалық ахуал туралы айтып берді.
– Жыл басынан бері инфляцияның төмендеуі байқалады. Қазір инфляция көрсеткіші 6,8%. Бұл биылғы инфляция дәлізіне (5-7%) сәйкес келіп отыр. Алтын валюталық резервтеріміз 3,2 процентке, яғни 31,7 млрд долларға жетті. Ұлттық қор активінің көлемі 58,3 млрд долларға жетті. Қазақстанда теңге өтімділігі шамадан артып тұр. Қысқа мерзімді ноттарды пайдаланудың арқасында оның көлемі 4 трлн теңгеге жетті,– деген төраға теңгенің қазіргі күнгі ахуалы туралы да ақпарат беріп өтті. Жыл басынан бері теңге 4 %-ке нығайған. Қаңтар айында теңгеге сұраныс арта түскені байқалды.
Мұнан соң Д.Ақышев 12 ақпаннан бері өз атына 300-ден астам сауал келіп түскенін хабарлап, үш сағатқа созылған байланыс кезінде елуден аса сұраққа жауап берді. Бұдан бөлек, тікелей байланыста отырған аймақ журналистері мен «Қазақпарат» агенттігінің шетелдегі оқырмандары қойған сұрақтарға да жауап берді. Келіп түскен және тікелей байланыста қойылған сұрақ мазмұндарына көз жүгіртсек, қазақстандықтарды банк секторын дамыту, несие мөлшерлемесі, айырбас пункттері және криптовалюталар мен қаржы пирамидалары, сондай-ақ басқа да мәселелер толғандырып отырғаны байқалады.
Бас банкир онлайн конференция кезінде екінші деңгейлі банктерге қатысты сұрақтар бойынша түсіндірме жасады. Ол елдегі банктерді үш топқа бөлді. Біріншісі – дағдарыстың аяқталғанына қарамастан кредит беру саясатын сақтықпен жүргізген және тәуекелдерді тиісті деңгейде бағалаған банктер. Екіншісі – ережелерді сақтауға тырысқанмен, қаржы портфелдерінің нашар болуына байланысты капиталдандыру тапшылығына тап болған банктер. Мәселені банк акционерлері өздері шеше алмаған. Оның үстіне ол банктердің әлеуметтік маңызы болғандықтан, мемлекет оларға көмектесу туралы шешім қабылдады. Үшіншісі – өз акционерлеріне кредит беріп, БТА банктікіне ұқсас саясат жүргізген банктер. Бұл топқа Bank RBK жатады.
– Мемлекет басшысының Үкімет жиынында айтқан сыны орынды. Ұлттық банк 2008-2009 жылдардан бері қордаланған мәселелерді шешуде қаржылық реттеуші ретінде кешігіп қалғаны рас. Статистика көрсеткендей, нашар кредиттер портфелінің 90 проценті 2006 жылдан бастап берілген. Яғни, несие ресурстарын дұрыс басқармаған банктердің жұмысы бірнеше жыл бойы қордалана келе жақында ғана жария болды. RBK банкінде келеңсіз жағдай болды. Кез келген банк – үлкен кәсіпорын. Оның жұмысы салымшылардың белсенділігіне байланысты. Бір ғана негативті ақпарат банк жұмысына әсер етеді. Сондықтан, біз бас проблемалар туралы айтпаймыз. Жазалау туралы айтамыз, бірақ қай банк екенін жарияламаймыз. Бірақ, ақшаны жымқыру схемасын анықтасақ, құқық қорғау органдарына жібереміз, – деді Д.Ақышев.
Бас банкир өзге банктен ақша шешкен кезде комиссия ұсталуы заң бойынша шешілген және эмитент банктің шығындарын жабуға бағытталатынын жеткізді. Ұлттық банк бұл комиссияларды азайтуға барынша күш салуда. Болашақта банкомат арқылы ақша шешу көрсеткіші азайып, нақты ақшасыз төлем көлемі көбейетін болады. Мобильді төлемдердің кеңеюінің арқасында бұл мәселе өз шешімін табады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан ақшасын мерзімінен бұрын алу туралы сұраққа байланысты бұл санатқа жинаған сомасы жеткілікті азаматтар жататыны айтылды. Жинаған сомасы жалақысына пара-пар болатын немесе одан артық тұлғалар қаржысын басқа мақсатқа жұмсай алады.
– Біздің мақсатымыз жинаған қаржысын азаматтардың болашақта игілігіне жаратуын қамтамасыз ету. Зейнетке шыққан адамда одан өзге табыс жоқ. Сондықтан, осы жинақтан басқаға сенуге болмайды, – деді Данияр Ақышев. Оның айтуынша, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің басты мақсаты адамдардың алаңсыз қарттығын қамтамасыз ету болып табылады.
Ол қазақстандықтардың қаржы пирамидаларының тұзағына түсіп қалмау жолдарын түсіндірді. Қаржы пирамидаларының жұмысы өте жақсы ұйымдастырылған. Олар неше түрлі қитұрқы әрекетке барады. Ұлттық банктің сайтында қаржы пирамидасының тұзағына түсіп қалмаудың арнайы жадынамасы көрсетілген.
ҚР Ұлттық банк басшысы халықты криптовалюталарға ақша салудан абай болуды ескертті. Криптовалютаның ешқандай құны жоқ. Бұл нарық трансшекаралық болғандықтан, оны бақылау мүмкін емес. Белгілі бір елдердің заңына бағынбайды. Салған қаржы сақталады деген кепілдік жоқ. Онымен бірге заңнамада теңгемен криптовалюта операцияларын жасауға, криптовалютаны төлем ретінде қабылдауға шектеу енгізу жоспарда бар. Бұл ұсынысты Үкімет қабылдады. Қазір қажетті заң нормаларына түзету енгізу қолға алынуда.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |