Елімізде, өңірімізде тұрғындарды жұмыспен қамтуда халық тұтынатын тауарлар өндіруде бірқатар оң тірлік атқарылып жатқаны бәрімізге аян, осындай шаралардың арқасында, мысалы, облыстағы жұмыссыздық деңгейі республикалық деңгейден төмендеді, мемлекеттің, өңір билігінің көмегі мен қолдауының есебінен ауыл шаруашылығы өндірісі, кәсіпкерліктің көкжиегі күннен-күнге арта түсуде.
Осындай елдегі оңды жұмыстарды жандандыру мақсатында пайдаланылмай жүрген, аса көп қосымша қаржы керек етпейтін шаралар жайлы ой бөліскенді жөн санап, халықпен пікірлесу керек-ақ секілді мәселелердің бір парасын айтқым келеді. Қазіргі уақытта өңірде бірқатар халық тұтынатын «арзан қолды», бірақ күнделікті керекті тауарларды басқа облыстардан, елдерден тасып сол өңірлердің экономикасының дамуына жәрдемдесіп, тұрғындарына жұмыс тауып беріп жүргенімізді білеміз бе? Олар қандай? Енді осының бірқатарына тоқтала кетсек.
Күн сайын Қызылорда қаласының тек ғана «ескі базар» маңына оңтүстік облыстар мен Қырғызстаннан үлкен автобустармен, жүк көліктерімен халық тұтынатын тауарларды біздің азамат жеткізсе, соның бір бөлігі «соргодан» жасалған үй сыпырғысы, оның біздегі жаймадағы бағасы 400-500 теңге болса, ерлердің ішкі киімдері шет елдерден әкелініп, 800-1500 теңге аралығындағы бағамен сатылса, жаз айларында «шыбын ұрғыштар» Қытайдан, Өзбекстаннан тасылып сатылуда. Жақында қаламызға қар жауған мезгілде ауланы тазалау үшін базардағы Қытайдың пластмассадан жасалған тез сынатын біршама қымбат күрегін алып пайдалануға мәжбүр болдық, ал бұрынғы арзанқолды «фанерадан жасалған» ағаш күректерді атпен іздеп табу мүмкін емес, осы тектес басқа да келеңсіз жайлар көп-ақ.
Енді осы тауарларды өңірде өндіріп, ішкі мұқтаждығымызды өтеудің аса қиындықсыз-ақ атқарылатын мүмкіндігі бар екендігі жайлы айтқым келеді. Біздің еліміздегі жалпы білім беретін мектептер мен кәсіптік білім беретін оқу орындарының оқу-өндірістік шеберханасы, оқу-тәжірибелік учаскесінде сыпырғыш егіп, онан сыпырғы, ағаш күрек дайындауға болмай ма? Республиканың заңдарында осы мәселелерге рұқсат етілген, онан түскен қаржыны пайдаланудың тәртібін анықтайтын Қаржы, Білім және ғылым министрліктерінің тиісті бұйрықтары да бар. Менің мектепте (Қызылордадағы № 1 Гагарин атындағы мектеп-интернат) 1960-1965 жылдары оқыған кезімде мектептің тігін цехындағы шебер еңбек сабағын жүргізіп, үйірме ұйымдастырып, жоғары сыныптағы қыздарды тігіншілікке үйретіп, олар біраз уақыт өткен соң мектеп оқушылары үшін ішкі киім, спорттық жаттығуларға киетін шаробара, фартук, жейделер тігіп берсе, ағаш ұстасы цехындағы шеберде оқушыларға еңбек сабағында, үйірмеде мектеп жиһаздарын оқушыларға жөндетіп, халыққа керекті орындық, стол, скамейка секілді бұйымдарды жасаттырып, базарға шығарып сатып, біршама қаржы түсіретін-ді. Қала маңындағы қосалқы шаруашылықта картоп, пияз, сәбіз, капуста, бақша дақылдарын егіп, интернат тәрбиеленушілерінің тамақтануына керекті азықпен біршама қамтамасыз етуге атсалысатынбыз, оқу орнына керекті сыпырғы да сонда өсіріліп, дайындалатын-ды. Бұл келтірілген мысалдан айтпағым – тек ғана білім орындарының өздерінде ғана бірқатар мүмкіндік бар екендігі анық. Осы өндірілген өнімдер мен қызметтерден түсетін қаржы мектептің бюджеттен тыс қаржысы болып есептеліп, арнайы есеп шотқа түсіп, оқу орнының мұқтажына қосымша қаржы есебінде жаратылуға, оның ішінде осыған тартылған жұмысшылар, мұғалімдер, шеберлер, оқушыларға да жалақы, сыйақы, шәкіртақы есебінде беруге болатындығы заңнамалық түрде қаралғаны белгілі.
Өткен ғасырдың 90-жылдарына дейін де осындай «бюджеттен тыс» есепшоттар елдегі білім мекемелерінің жартысынан астамында бар екендігін, оларда біршама азамат жұмыспен қамтылғанын, сол кезде мектептерде қызмет атқарғандар растай алады, ал қазіргі таңда іс жүзінде облыстағы 300-дей мектептің бірен-сараңының ғана мұндай есепшоттары бар, ал олардың өздері де «шағын орталықтар» мен «жазғы лагерлер» үшін ғана ашылып қызмет атқаруда, ақылы қызмет көрсету тіпті де жүргізілмеуде.
Бірақ та тек бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің ішінде бюджеттен қаржыландырылатын орман шаруашылығы мекемелерінде көшеттер егу, кітапханаларда көшірмелер дайындап беру, құжаттарды өңдеу, құжаттарды түптеп, тігіп беру секілді қосымша қызметтер атқаруға рұқсат етілген. Ал, қазір мемлекеттік кәсіпорын статусына ие болған техникалық колледждерде (кәсіптік мектептер) мұнан да зор мүмкіншілік көп деп айтуға болады.
Менің бұл келтірілген мысалыммен облыста жұмыссыздықты біржола жойып жіберуден аулақпын, бірақ та облыстағы кейінгі жылдары пайдалануға берілген мектептің бәрі дерлік оншақты тігін машинасымен жабдықталған, техникалық колледжде дайындалатын мамандыққа сәйкес арнайы технологиялық, техникалық, құрал-жабдықтармен жарақталуда. Неге бұларды мақсатты пайдаланбасқа, халық тұтынатын тауарлар өндірмеске? Оларда қосымша өндіріске қажетті ғимарат та, алаңдар да жетіп артылады, дуальді білімді де алуға болады. Осы резервтерді тиімді пайдаланса, облыста қосымша кемінде 500 тұрақты жұмыс орны ашылар еді, бірқатар тауарларды сырттан тасымас едік.
Мұнымен қатар біздің өңірімізде 20-25 жыл бұрын халық тұтынатын тауарлар шығарудағы кейбір оң тәжірибелерді қайта жаңғыртса болар еді деп есептеймін. Мысалы, Бәйгеқұм қамыс зауытында кезінде Сыр қамысынан дайындалған «фашин», «матрас» секілді құрылыс материалдары, «люфа» деген дақылдан алынған «мочалка», қазан жуғыштар, Қазалы, Жаңақорған аудандарында өндірілген ащы карамельдер, набаттар, пәруардарлар, Ресей мен Қазақстанның 50 өңіріне жыл сайын жіберілетін 50 мың тоннаға дейінгі Сыр бойында өсірілген қауын-қарбыздар болды. Осыларды қайтадан жандандыруға қолдау көрсетілсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Ең бастысы, өңірімізде жұмыссыздық мәселесін шешуде және халқымыздың қолынан жасалған тұрмыстық тауарлар, өнімдермен жергілікті тұрғындарды қамтамасыз етуде біршама ілгері басушылық, тапқан табысын басқа шараларға жұмсалуына мүмкіндік туар еді ғой дегім келеді. Ауыл әкімдері, шағын кәсіпкерліктің дамуына жауапты тұлғалар, аталған ұйымдар бірігіп қолға алса, осы мәселелерді қолдаудан ғана халықтың әл-ауқаты біршама жақсаратыны сөзсіз. Сондықтан да мемлекеттің, өңірдің атқарушы органдарының атқарып жатқан ірі және орташа жобаларына қосымша есебінде осындай қалтарыста қалып бара жатқан аса елене бермейтін, ескерусіз, бірақ та қолдан келетін резервтерді де қозғау керек секілді.
Қамбар ӘЖІБЕКОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
қаржы саласының ардагері.