ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚ ЭКОНОМИКАНЫ ҚУАТТАНДЫРАДЫ

 Сыр өңірінде шағын және орта бизнесті дамыту, құрылыс екпінін қарқындату, индустриялық-инновациялық жұмыстарды қолдау бағытында бірқатар жұмыс атқарылуда. Осы ретте индустриялық аймақтар да облыс экономикасының дамуына серпін беретінін айта кеткен жөн.

Облыстағы индустриялық аймақтың көлемі 894.9 гектарды  құрайды. Аталған аймақ үшін Қызылорда қаласынан 760 гектар жер телімі бөлінген. Аудандар ішінде индустриялық аймақтың  үлкені Шиеліде екенін атап өткен жөн. Ол 50 гектар алқапты алып жатыр. Мұндай аймаққа Аралда 10, Қазалыда 12,7, Қармақшыда 15, Жалағашта 22, Сырдарияда 20, Жанақорғанда 5,2 гектар жер берілген. Бүгінгі таңда облыс бойынша бұл аймақтың 160 гектардан астам жеріне жалпы құны 129,2 млрд. теңге болатын 38 жоба орналастырылған.

         Қызылордадағы аталған аймаққа бөлінген 760 гектардың 123 гектардан астамы игерілген. Мұнда 10 жоба орналасқан. Соның бірі ретінде ЖК «Узаков»-тың «Қабырғалық және тротуарлық материалдарының өндірісі» жобасын атап өтуге болады. Жалпы құны 70 млн. теңгені құрайтын жобаға 5 гектар жер бөлінген. Ол 2015 жылы ақпанда іске қосылып, 40-тан астам адам жұмыспен қамтылды. Көпшіліктің қызығушылығын тудырған тағы бір жоба «Экосервис-К» серіктестігіне тиесілі. Бұл мекеме 135 млн. теңгеге «Пенополиуретанды полиэтиленмен және мырышпен қапталған құбырларды өндіру» жұмыстарын жасамақшы. Ол үшін 2 гектар жер телімі берілген. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Индустриялық аймаққа «Orda Glass» ЖШС жылына 197,1 мың тонна табақша шыны шығаратын және өңдейтін зауыт салмақшы. Бұл мақсатта 50 гектар жер табысталып, 200-ден астам адамды жұмыспен қамту көзделген.

         Қайта өңдеу жұмыстары да аталған аймақтан орын алған.  Оған «Шах Исмаран» ЖШС-ның «Металл сынықтарын қайта өңдеу өндірісін ұйымдастыру» жобасын жатқызуға болады. Бұл мекеме қажетті жердің жан-жағын қоршау жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар, бұл аймақта ірі торапты электр батырмалы қондырғыларды жинақтау кәсіпорнын құру да жоспарланған. Онымен «КazPump» ЖШС айналысуда. «Арди» жеке кәсіпкерлігі пенобетон мен газобетон материалын шығару үшін әрқайсысының құны 7 млн. теңгелік 2 жоба ұсынған. Бүгінде берілген жер телімдеріне құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Облыс экономикасының дамуына «Байкоңыр» ӘКК» АҚ септігі тиіп жатқанын айтып өткен жөн. Аталған корпарацияның «Ферроқорытпа зауытының құрылысы»  жобасы да индустриялық аймақта орналасқан. Ол бүгінде мемлекеттік сараптамадан өтуде. «Тримо» ЖШС қуаттылығы жылына 500 тонна екіокись молибден ұнтағын үшокись молибден ұнтағына техникалық айналдыру өндірісін ұйымдастырумен айналысуда. Бүгінде оның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды деуге болады. Тіпті, бірінші желілік технологиялық құрылғыға сынама жұмыстары жүргізілуде. Нысанның техпаспорт құжаттары рәсімделуде. Жоба жетекшісі екінші желілік құрылғыны сатып алуға кірісіп кетті.

Мұның барлығы өңір экономикасын дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында атқарылып жатыр. Ондағы жұмыстарды жандандыру үшін 126,3 млрд. теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланған. Аталған аймаққа инфрақұрылым әкелу үшін республикалық бюджеттен 5,7 млрд.теңге қаржы қаралған. Сондай-ақ, мыңнан аса адамды жұмыспен қамту көзделген.   

         Қызылордада әлеуметтің әлеуетін арттыру бағытында атқарылған  бұдан да басқа тірліктер жетіп артылады. Облыста құрылыс қарқын алуда. Әсіресе, тұрғын үй құрылысы көптеп салынып, өңіріміз бұл бағытта республикадағы көшбасшылар қатарына қосылды. Осы бағытпен Сыр еліндегілер әлі талай белесті бағындырары сөзсіз.

Азиз БАТЫРБЕКОВ.

Экономика 27 шілде 2017 г. 962 0