СЫРДЫҢ ГАЗЫ – САРЫАРҚАНЫҢ ИГІЛІГІНЕ

Қызылорданың «көгілдір отыны» өзін былай қойғанда, Астаны да, басқаны да жылытуға жетеді. Кеше Сыр өңірінде Қазақстанның газ саласы үшін аса маңызды жоба қанат қақты. Болашақта еліміздің бас қаласы мен солтүстік өңірлерін газдандыруға мүмкіндік беретін «Қараөзек» компрессорлық станциясын облыс әкімі Қырымбек Көшербаев салтанатты түрде іске қосты.

– Болашақта елорданы газдандыру жұмысы қасиетті Сыр елінің жерінен бастау алады. Елбасының қолдауымен басталған ірі стратегиялық маңызы бар «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбыры бізге зор мүмкіндік берді. Облыс аумағынан өтетін 846 шақырымдық газ құбыры Қызылорда облысын газдандыруға жол ашты. Бұл – Мемлекет басшысының бізге жасаған тікелей қамқорлығы. Станцияның іске қосылуы – газ саласы қызметкерлерінің Астана күніне жасаған сыйы, – деді аймақ басшысы.

Бұл жоба біздің республиканың ғана емес, бүкіл Еуразиялық континеНттің транзиттік әлеуетін арттырады десек, артық айтқандық емес. Мемлекет басшысының газдандыру көлемін ұлғайту, энергия ресурстарын тасымалдауды әртараптандыру жөніндегі тапсырмасын «ҚазТрансГаз» компаниясы жоспарлы түрде жүзеге асырып келеді. Және көпшілік оның игілігін көріп отыр.

Бүгінде отандық газ тасымалдау саласы нағыз техникалық революцияны бастан өткеріп жатыр. Осы жылдың алғашқы жартысында Қазақстанда газ инфрақұрылымының жоғары технологиялық екі нысаны салынды. Олар – Ақтөбе облысындағы «Бозой» мен Қызылорда облысындағы «Қараөзек» компрессорлық станциялары. Екі жобаны да елді отандық газбен қамтамасыз етуді, стратегиялық «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырының тасымалдау мүмкіндігін арттыруды мақсат еткен ұлттық оператор – «ҚазТрансГаз» компаниясы жүзеге асырды.

Газ тұтыну көлемі күрт артатын жылу маусымы кезінде оңтүстік өңірлер газ тапшылығын сезініп келсе, енді аталған станциялардың жұмысын арқасында бұл мәселе толығымен шешілді деуге негіз бар. «Қараөзек» компрессорлық станциясының жобасын әзірлеген кезде Астана қаласын, еліміздің орталық және солтүстік өңірлерін газдандыру қажеттігі де қаперге алынды. Өйткені Елбасы 2012 жылы: «Еліміздің орталық аймақтарын, Астананы «көгілдір отынмен» қамтамасыз ететін газ құбыры желісін жобалап, оны іске асыруға кірісу керек. Бұл – көп шығынды қажет ететін жұмыс, алайда газға тәуелділіктен құтылу үшін мұны жасауымыз қажет. Қазақстан – мұнай мен газ өндіретін мемлекет, сондықтан елімізді газдандыру үшін қандай қиындыққа болса да қарамай, бұл іске кірісуге тиіспіз», – деп міндет жүктеген болатын.

Мақсатты орындауға станция қуаты толығымен жетеді. Жоғары техникалық күрделілігіне қарамастан, «Қараөзек» станциясы мерзімінен жарты жыл бұрын іске қосылып отыр. Бұл «ҚазТрансГаздың» компания резервіндегі газ айдайтын қондырғыларды пайдалануы есебінен мүмкін болды. Сөйтіп, мемлекеттің миллиардтаған қаражаты, қыруар уақыты үнемделді.

Компрессорлық станциялардың іске қосылуы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырының жылдық өткізу қабілетін шамамен 10 млрд текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Көгілдір отынның Қазақстанның оңтүстік өңірлері мен Қытай нарығына жеткізілуін қамтамасыз етеді. Ұлттық оператор 2018 жылға дейін қазақстандық нарықтың отандық газға мұқтаждығын қанағаттандыру үшін аянып қалып жатқан жоқ. «Қараөзек» станциясының салынуын осы мақсатқа жету жолындағы газ саласы мамандарының тағы бір іргелі қадамы деуге болады.

Салтанатты жиында «Азиялық газ құбыры» ЖШС бас директоры Чжун Фань «Қараөзек» және «Бозой» компрессорлық станцияларынсыз қазақстандық газды Қытайға тасымалдау және елдің оңтүстігіндегі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкін емес екенін жеткізді. Және бұл көршілес екі елдің достастығын нығайтып, байланысын одан әрі дамыта түсетінін атап өтті. Уақыт көрсеткендей, бұл дер кезіндегі шешім болды. Ал таяу арада Қытаймен жылына 5 млрд текше метр отандық газ экспорты туралы келісім жасалды.

Сарыарқаға Сыр елінен табиғи отын жеткізетін станция «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралдық газ құбырынан 944 шақырым қашықтықта орналасқан. Ол осы құбырдың өткізгіштік қабілеттілігін артырып қана қоймайды. Жаңа объектілерді қолданысқа беру жаңа жұмыс орындарын құруға, халықтың әл-ауқаты деңгейін арттыруға ықпал етеді. Жаңа нысан газ айдаушы агрегаттар мен жаңа технологиялар негізінде әзірленген және жұмыстың күрделі режимдерінде пайдалануға арналған соңғы буындағы қосалқы жабдықтармен жабдықталған. Жобаны іске асыру шеңберінде сонымен қатар газ құбырлары, газды есепке алу торабы және басқа да инфрақұрылымдық объектілер салынды.

Станцияның негізгі элементі – жұмыстың ең күрделі режиміне арналған  «Solar Turbines» америкалық компаниясының жоғары технологиялары негізінде әзірленген газтурбиналық қондырғылар. Барлық үш агрегатты пайдаланған кезде компрессорлық станцияның өнімділігі тәулігіне 43,5 млн текше метрге жетеді.

Газ айдаушы агрегаттарды іске қосқаннан кейін қонақтар компрессорлы станцияны аралап, жұмысымен танысты.

Назерке САНИЯЗОВА.

Нұрболат Нұржаубай (сурет).

Экономика 27 шілде 2017 г. 918 0