БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ ӨРІСТЕП КЕЛЕДІ

Аптаның басында облыстық спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаев БАҚ өкілдерімен кездесіп,  саладағы атқарылған жұмыстар жайлы толық мағлұмат берді. 
– Бұрнағы жылдары Сыр аймағында  дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар жалпы облыс халқының 7,2 пайызын құрайтын, – деді сала басшысы.– Ал қазір бұл көрсеткіш 22,3 пайызға көтерілді, бұл республикалық орта көрсеткіштен жоғары. Аймақта бұқаралық спортты кеңінен жандандыру мақсатында облыс басшысының тапсырмасымен барлық аудан орталықтарында, елді мекендерде футбол алаңдары, шағын спорт кешендері салынуда. Мәселен,  соңғы бес жыл көлемінде облыстың 120 елді мекенінде 245 шағын спорт алаңдары ел игілігіне ұсынылды. Ал биыл осындай алаңның 79-ы пайдаланылуға  беріледі. Бұқаралық спортты дамытуға облыстың 138 елді мекенінде 275 спорт нұсқаушысы белсене  жұмыс істеуде.
Сыр аймағының жеті ауданындағы стадион күрделі жөндеуден өткізіліп, қалыпқа келтірілді. Ал Арал мен Қармақшы ауданында жаңадан стадион салынды. Бірқатар аудандарда «Спорт клубы» қазыналық кәсіпорындары құрылып, жұмыс істесе,  Сырдария ауданында көгалдағы хоккей клубы жасақталды. Сондай-ақ өңірде алғаш рет «Мұз айдыны» кешені тұрғындар игілігіне берілді. Биылғы жылдың жақсы жаңалығы сол, Сыр спортының сапын  қазіргі бессайыс, байдарка және ескек есу секілді жаңа спорт түрлері толықтырды. 
Үстіміздегі жылдың  он айында өткен  1313 бұқаралық-спорттық шараға 340892 адам қатысты. Оның ішінде ауыл спортшыларының дәстүрлі  «Алтын күз» спартакиадасы, жасөспірімдер арасындағы қазақ күресінен өтетін «Алтын белбеу», құқық бұзушылықтың алдын алудағы «Былғары доп» футбол турнирі бар. Сонымен қатар, ауылдық жерлерде жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, бұқаралық спортты дамыту мақсатында «Жас барыс» республикалық турнирінің ақтық сыны өткізілді. Қазақстан футболының 100 жылдығына орай облыс біріншілігі ұйымдастырылды. Бұдан басқа  халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде өткен спорттық жарыстар, турнирлер жетерлік. Осындай шаралардың барлығына  қарапайым халықтың, спортты өзіне серік еткен жандардың белсене қатысуы қамтамасыз етілді.
Алдағы уақытта Сыр спорты жаңа спорт кешендерімен толығады. Сырдария  өзенінің сол жағалауында 3 мың орындық жабық стадион, футбол орталығы, ауыр атлетиканы дамыту мақсатында Илья Ильин атындағы арнайы спорт кешені, Тереңөзек пен Шаған елді мекенінде спорт алаңы салынбақшы. Сонымен қатар, ипподромды жаңа орынға көшіру көзделуде. Сыр спорты болашақта садақ ату, семсерлесу секілді ұлттық сипаттағы спорт түрлерімен толығады.
Сала басшысы журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА. 

ДОДА 30 қараша 2013 г. 1 252 0