ҚАЗАҚ КҮРЕСІ АУЫЛДАН БАСТАЛАДЫ

Шиелі ауданының Бала би ауылында қазақ күресінен турнир бесінші мәрте өткізіліп отыр. Биылғы жаңалық, аудандық турнир аясы ұлғайып, ол шахмат, жеңіл атлетика сияқты спорт түрлерімен толығыпты.
Ауылдық мәдениет үйінде дәстүрлі спорт мерекесінің ашылу рәсімі өтті. Жиында сөз алған аудандық спорт бөлімінің меңгерушісі Нариман Сапарбаев мұндай  сайыстардың бұқаралық спорттың дамуына айрықша үлес қосатынын атап өтіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. 
Туған топырағында қазақ күресінен турнирдің өтуіне ұйытқы болып жүрген елжанды азамат Пернебай Күзембай жасөспірімдерді патриоттық, отансүйгіштік тұрғыда тәрбиелеу барысындағы спорттың маңызына тоқталып, ауылда туған қарадомалақ балалардың әлемнің байрақты бәсекелерінен көрінуіне тілектестігін жеткізді. Ал,білім саласының ардагері Асанбай Бәкіров турнирге қатысушыларға батасын берді. Мұнан соң Шиелі ауданының 17 ауылынынан үлкен дайындықпен келген жас балуандар аталған жарысты бастап та кетті. Орайы келгенде айта кетейік, балабилік спортшылар соңғы жылдары жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Мәселен, қазақ күресінен «Жас барыс-2013» реупубликалық турнирінде жүлделі 1-орынды жеңіп алған Райымбек Рантаев осы ауылдың түлегі. Ауыр атлетикадан ел біріншілігінде Әсел Амангелді 20 жасқа дейінгі спортшылар арасынан топ жарса, осы ауылдағы №50 орта мектептің оқушылары Гүлмарал Ибрагимова мен Аружан Әбдіқадыр Оңтүстік Кореяда өткен Азия біріншілігінде таэквондодан, алтын және күміс медальдарды жеңіп алған. Жуырда тағы бір таэквондошы  Дамира Айдарова Ресейдің Челябинск қаласында өткен «Russіa-Open» атты халықаралық жарыстан жүлдегер болып оралыпты.   
Туған өлке төрінде спорттың, оның ішінде қазақ күресінің дамуына өз үлесін қосып жүрген азамат Пернебей Күзембай биыл жеке кәсіпкер Темірхан Әлімқұловпен бірігіп ауыл балаларына құны 1 млн. 800 мың теңге тұратын күрес кілемін тарту етті. Турнирге келген шиелілік жасөспірімдер осы кілемде күш сынасып, он бір салмақ дәрежесі бойынша өз өнерлерін көрсетті. Турнир қорытындысы бойынша Нартай Бекежанов атындағы ауылдан келген Ержан Әлиев түйе балуан атанды. Ал, жеңіл атлетикадан өткен жарыста Бала би ауылының командасы алдарына жан салмаса, шахматшылар сайысында Шиелі кентінен келген команда жеңіс тұғырынан көрінді. Жарысты ұйымдастырушы П.Күзембай қатысушыларға алғысын айтып, жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табыс етті. 
 Нұрбек САҒАТҰЛЫ.

ДОДА 23 қараша 2013 г. 1 243 0