БЕЛГІЛІ ФУТБОЛШЫҒА АРНАЛҒАН ТУРНИР

Өткен аптаның демалыс күндерінде Қызылорда қаласындағы «Евразия» спорт кешенінде елімізге белгілі футболшы, жергілікті өңірде таланттарды түлетуге ұйтқы болған білікті бапкер Әбіл Қалымбетовты еске алуға арналған кіші футболдан ардагерлер арасында облыстық ашық турнир өткізілді. Оны облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, облыстық футбол федерациясы және Қалымбетовтер отбасы ұйымдастырды.

 

Жарысқа Байқоңыр, Қызылорда қалалары мен аудандардан 40 жас және одан жоғары жастағы 9 команда қатысты. Екі күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша «Ардагер» командасы топ жарды. Олар финалда «Қайсар» ардагерлерінен басым түсті. Бұл кездесуде ойынның негізгі уақыты тең аяқталды. Үшінші орын байқоңырлық «Цэнки» командасына бұйырды. Турнир барысында Нұрлан Әбуов, Сәбит Қадыров, Әлімхан Жүсіпбеков, Александр Морозов, Сәрсенбек Қиятбаев, Василий Бойко, Әкімжан Әбішов, Серік Жаппасбаев және Ережеп Серікбаевтар өз шептерінде үздіктер қатарына қосылды. Жеңімпаз және жүлдегер командаларға кубок, медаль, диплом және ақшалай сыйлықтар табысталды.


 

 

 

«Қайсар» жолдастық кездесу өткізді

 

Қазіргі таңда Қызылорданың «Қайсары» Түркияда кезекті оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Осы дайындық барысында жерлестеріміз екі кездесу өткізіп үлгерді.

 

«Қайсар» Украинаның Запорожье қаласының «Металлург» командасымен жасыл алаңға шықты. Ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Матч өте тартысты өтті. Есепті бірінші болып украиналық команда ашқанмен, жерлестеріміз таблодағы таразы басын теңестіре алды. Ал «Қайсар» сапында тура соққысымен көзге түскен Сергей Скорых. Естеріңізге сала кетейік, «Металлург» – Украинаның биылғы чемпионатында 11-орында келе жатқан команда. Одан кейін жерлестеріміз Арменияның «Улисс» командасымен шеберлік байқасты. Аталмыш кездесуде де таразы басы тең түсті. Есеп 0:0. Айта кетейік, «Улисс» Армения чемпионатының күзгі кезеңінен кейін басты бәсекелесі «Пюникті» бір ұпайға артта қалдырып, турнир кестесінде көш бас­тап келеді.

Ал «Қайсарға» келер болсақ, қызылордалықтар өздерінің келесі жолдастық кездесуін 5 ақпан күні Донецкінің «Металлург» командасына қарсы өткізеді.

 

Әділ ТАЛАП.
ДОДА 03 ақпан 2015 г. 1 513 0