БЕЛГІЛІ ФУТБОЛШЫНЫ ЕСКЕ АЛДЫ

Жақында футболдан «Қайсардың» беделді ойыншысы Әбіл Қалымбетовты еске алуға арналған 2000-2001 жылдары өмірге келген жасөспірімдер арасында республикалық турнир мәресіне жетті. Оны облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, облыстық футбол федерациясы ұйымдастырды. 
Аталмыш турнир биыл тұңғыш мәрте өткізілді. Бұл жарысқа Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарынан 8 команда қатысты. Жарыс нәтижесінде Қызылорда облысының мамандандырылған балалар-жасөспірімдердің футбол жөніндегі №6 спорт мектебінің оқушылары жеңімпаз атанды. Одан кейінгі орындарды Оңтүстік Қазақстан және Ақтөбе қаласының командалары өзара бөлісті.  
Жарыста үздік ойыншылар анықталды. Олардың қатарында ақтөбелік қорғаушы Диас Мәмбетов, сырдариялық жартылай қорғаушы Темірбек Айбеков, қызылордалық қақпашы және шабуылшы Бексұлтан Айтжанов пен Данияр Әлімжан  бар. Ал, турнирдің үздік ойыншы ретінде Мұратжан Холматов танылды. 
Әділ ТАЛАП.

ДОДА 16 қараша 2013 г. 1 066 0