МАҚСАТЫМЫЗ – ӘЛЕМДІК БИІКТЕРДІ БАҒЫНДЫРУ

Ұлт Көшбасшысын жылдағы Жолдауында халықтың денсаулық кепілі – спорттың бұқаралығын арттыру мен салауатты өмір салтын орнықтыруға ерекше мән беріп келе жатқаны бәрімізге мәлім. Мемлекеттің қамқорлығы аясында спорттың қай түрі болмасын жақсы дамып келеді.

Көгалдағы хоккейге келетін болсақ, бұл спорт түрінің спорт тарихында 40 жылдық өрнекті ізі бар. Сырдария ауданының балалар мен жасөсіпірімдер спорт мектебінің базасында 1986 жылы көгалдағы хоккей бөлімі ашылды. 1999 жылы жабылып, 2001 жылы қайтадан қыздар командасы жасақталды.

"Торғай Петролеум” компаниясының демеушілік көмегімен Францияда өткен қыздар командасы қатарында бапкер ретінде Әлем чемпионатына барып, тәжірибе жинақтап қайттым. Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы С.Мұстафаевтың көмегімен ерлер құрама командасын жасақтап ҚР біріншілігінде 1 орын иелендік.

Өзім 2011 жылдан бастап ҚР ерлер құрама командасының аға жаттықтырушысы қызметін қоса атқарудамын. Қазіргі таңда ҚР ерлер құрама командасының орталық базасы Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде оқу-жаттығу жиындары ауданның орталық стадионында жүргізілуде.

Спорт түрін дамыту мақсатында 2010 жылдан бері Сырдария ауданы Тереңөзек кентінде ҚР чемпионаттары ерлер-әйелдер арасында өткізілуде. 2012 жылы Қызылорда қаласында ҚР ІІІ жазғы спартакиадасының бағдарламасына сәйкес жарыстар ұйымдастырылды. Облыс әкімі Қ.Көшербаев осы спорт түрін дамыту үшін спортшыларды түрлі халықаралық жарыстарға және оқу-жаттығу жиындарына қатыстыру, материалдық-техникалық базаны жақсарту өскелең ұрпақты спортпен шұғылдануға тарту, насихаттау үшін "Сырдария” кәсіпқой көгалдағы хоккей спорт клубын құрып берді.

Биыл ерлер құрама командасы Ресей Федерациясының Жоғары Лигасында өнер көрсетіп, І орын иеленіп, келесі жылғы Супер Лигаға жолдама алып келдік.

Азия Кубогына қатысып чемпион атанған қыздар құрама команда мүшелері Маханова Айгерім, Бахаваддин Гузал көгалдағы хоккейден "Халықаралық дәрежедегі спорт шебері” атағын қорғады. Ендігі мақсатымыз көгалдағы хоккейден Ресей Федерациясының суперлигасына қатысу болып отыр және Азия, Әлем чемпионаттарына қатысып, жақсы өнер көрсетсек деген ойымыз бар.

С.ҚОБЛАНДИН,

"Сырдария” көгалдағы хоккей кәсіпқой спорттық клубының директоры.


ДОДА 13 желтоксан 2014 г. 1 513 0