“Қайсар” маусымды 5-орынмен аяқтады

Қызылорданың «Қайсары» ел чемпионатын жеңіспен аяқтады. Соңғы турда Қарағандының «Шахтерін» қабылдаған жерлестеріміз жеңіліп жатып, жеңісті жұлып алды. Қорытынды есеп – 2:1. «Қайсар» маусымды 5-орынмен аяқтады.

«Қайсар» (Қызылорда) – «Шахтер» (Қарағанды) 2:1 (0:1)

Голдар: Масло, 18 – Молдақараев, 52-пен. Молдақараев, 80-пен.

Ескертулер: Күнов 43, Молдақараев 62 - Муртазаев 43, Габышев 51, Масло 79

«Қайсар»: Прядкин, Фурдуй, Яблан, Кулибали, Күнов, Землянухин, Шестаков (к) (Остапенко 89), Струков, Нехтий (Марушко 82), Калинин (Молдақараев 39), Хунт

Қосалқы құрам: Ширяев, Алтаев, Нәрзілдаев, Алтынбеков

«Шахтер»: Мокин (к), Порываев, Габышев (Саломов 60), Малый, Масло (Байжанов 84), Киров, Қонысбаев, Вичюс, Покривач, Муртазаев, Топчагич (Мурзоев 67)

Қосалқы құрам: Покатилов, Борантаев, Жаңғылышбай, Ермеков

Төрешілер: Ысқақов, Құсайынов (екеуі де – Астана), Попов (Өскемен)

9 қараша. Қызылорда. «Орталық» стадион. 4 000 көрермен

Соңғы тур. Футболшылардың көңіл күйлерін айтпағанда, жанкүйерлердің де көңілдері ерек. Бір жағынан чемпионатты қимастық бар, екінші жағынан «Қайсарға» деген алғыстарын жеткізудің жолдарын қарастырып әлек. «Дала қасқырлары» стадион трибунасына жарты секторды қамтитындай баннер іліпті. Онда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен бас бапкер Дмитрий Огайдың шаржы салынған. «Рахмет, шын жүректен» деген жазуы тағы бар. Одан бөлек, матч болардан бір күн бұрын дәл осы фан-қозғалыс қаладағы «Жібек жолы» сауда орталығында флешмоб ұйымдастырып, билеп шықты. Дәл осы қойылымды ойын алдында да стадионда көпшілікке паш етті. Ал «Жастар» фан-клубы ойын кезінде стадиондағы бүкіл көрерменнің қолтаңбаларын үрмелі шарларға жинап шығып, екінші таймда бәрі бір мезетте ұшырды. Міне, жанкүйерлердің командаға деген алғыстары осындай болды.

Әлбетте, бәрі орынды. Команда биыл ешкім күтпеген нәтиже көрсетті. Былтыр ғана Бірінші лигада ойнаған қызылордалықтар биыл Премьер-лигада фурор жасады. Ә дегеннен-ақ қарсыластарына азуын батыра білген «қайсарлықтар» біраз команданың ұпайын тартып алды. Қызылордадан жалқы ұпайға зар болып кеткендер де жетерлік. Дегенмен, соңғы түйенің жүгі қашан да ауыр болатыны белгілі емес пе?! Соңғы тур шынымен де уайым болды. Егер жеңсе, бесінші орында тұрақтамақ, жеңілсе – алтыншы орын. Оның үстіне, матч та көпшілік күткендей оңай басталмады. «Шахтер» де білектерін сыбана келген екен, төрешінің алғашқы ысқырығы естіле салысымен қақпамызға лап қойды. Ақыры 18-минутта дегендеріне жетіп, Ян Масло стандартты жағдайдан кейін баспен гол соғып кетті,

Алайда, қонақтардың қуанышы көпке созылған жоқ. Қашан да керемет тактикасымен дараланып тұратын Дмитрий Огай бірінші таймның аяқталуына алты минут қалғанда алаңға Жасұлан Молдақараевты шығарды. Бұл өткен жылы 28 гол соғып, команданың ғана емес, Бірінші лиганың үздік сұрмергені атанған Молдақараевтың гол соғатын соңғы мүмкіндігі еді. Ақыры дегеніне жетті. Алдымен 52-минутта Владислав Нехтийді шалып жыққаны үшін төреші белгілеген пенальтиден кейін Жасұлан 11-метрлікті мүлтіксіз орындаса, ойынның аяқталуына он минут қалғанда тағы да пенальтиден көзге түсіп, дубльдің авторы атанды. Осылайша, қорытынды есеп – 2:1. Осылайша «Қайсар» маусымды 5 орынмен аяқтады.

Ә.ӘЙТПЕНБЕТ.


ДОДА 11 қараша 2014 г. 1 159 0