«Байқоңыр» Бірінші лигаға жолдама алды

«Байқоңыр» Бірінші лигаға жолдама алдыҚызылордада жас дарынды футболшыларды қолдау мақсатында «Байқоңыр» командасы құрылған болатын. Құттыбай Досманбетов баптайтын команданың алдына Бірінші лигаға жолдама алу міндеті қойылды.

Енді міне, спортшыларымыз сенімді ақтап отыр. Футболдан Қазақстан Республикасы Екінші лигасының финалдық кезеңі аяқталып, Қызылорданың «Байқоңыр» командасы Бірінші лиганың 2015 жылғы маусымына берілетін жалғыз жолдамасын жеңіп алды. Бір апта бойы Сыр жерінде өткен дүбірлі додада «Байқоңыр» қарсылас шақ келтірмей, турнир жеңімпазы атанды.

Ақтық ойында екі топтың үздіктері «Байқоңыр» мен «Шымкент» командалары кездесті. Ойын өте тартысты өтіп, қонақтар бірден-ақ жеңіске деген жігерліктерін байқатты. Нәтижесінде негізгі уақыт тең аяқталып, жеңімпаз тек овертаймның қорытындысы бойынша ғана анықталды. Яғни, овертаймда жанкүйерлердің қолдауынан қуат алған «Байқоңыр» тайлы-тұяғымен шабуылға көшіп, қонақтар қақпасына тағы екі гол соқты. Әйтсе де, қонақтардың да жігері өте мықты болып шықты. Бірден шабуылға көшкен «Шымкент» футболшылары арада үш минут өткен соң-ақ «Байқоңыр» қақпасына тамаша гол соқты. Бірақ бұдан артыққа шамалары жетпеді. Қорытынды есеп – 3:2.

«Байқоңыр» командасының капитаны Асхат Қарабек: «Жанкүйерлердің қолдауларынан қуат алып, үміттерін ақтауға тырыстық. Әлбетте, ойын біз үшін оңай болмады. «Шымкент» командасы өздерінің лайықты қарсылас екендіктерін дәлелдеп, соңына дейін арпалысты. Алайда, жеңіске біздің команда лайығырақ болды. Енді бізді келесі маусымда Бірінші лига додасы күтіп тұр. Бірінші лигада көш басында жүрмесек те үздік ондықтың қата­рында болуға тырысамыз. Сондай-ақ, «Байқоңыр» футболшылар үшін «Қайсар» футбол клубына бастайтын трамплин болады деген үміттеміз», – деді.

Дәурен ОМАРОВ.


ДОДА 20 қыркүйек 2014 г. 1 073 0