Карантиндегі спортшылар

Жер дүниені жайлаған қатерлі дерт спорт саласына да елеулі салқынын тигізді. Көптеген жарыстар кейінге шегеріліп, біріншіліктер уақытша тоқтатылды. Осындай жағдай Сыр спортында да көрініс берді. Алдын ала жоспар бойынша наурыз-сәуір айына жоспарланған жарыстар енді кейін өткізіледі. Олардың арасында республикалық және облыстық сайыстар бар. 

Әрине, спортшы үнемі бабында болуы тиіс. Бұл мґселе мамандар тарапынан бақыланып отыр. Бапкерлер өздерінің шәкірттеріне қашықтан басқару арқылы тиісті ақыл-кеңесін береді. Осылайша онлайншәдісі бойынша саңлақтарымыз өздерінің дайындығына көңіл бөліп жүр. Тағы бір айта кететін жайт, онлайн ґдісі негізінде көптеген жарыстар өткізуге мґн берілуде.

Шәкірттер дайындығы – бапкер бақылауында


Бокстан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Жәміл Жүсіпов карантин өз шәкірттерінің дайындығына кері әсерін тигізгенін жасырған жоқ.  Шаршы алаңда шыңдалған былғары қолғап ше­берлері өздерін әрдайым бабында ұстауы тиіс. Әрине, жекелей әзірлікті жасауға әбден болады. Десе де, олардың ринг төрінде бір-бірімен қолғап түйістіріп, тәжірибесін арттыра түсетіні белгілі. Бұл жергілікті боксшыларға едәуір салқынын тигізді. Әрбір спортшы қазір өз дайындығын үй жағдайында жүргізіп жатыр.

– Шәкірттер дайындығы үнемі бапкер бақылауында болуы тиіс. Біз бұрын олардың кемшін түсіп жатқан тұсын бірге талқылап, алдағы жоспарлар жайында ой бөлісетін едік. Рас, қазір де жігіттермен бейнебайланыс арқылы тікелей қарым-қатынас жасап, ақыл-кеңесімізді беріп жатырмыз. Шындығын айтайық, бұл өз ойымызды толыққанды жүзеге асырып, боксшылар бабын өз деңгейінде ұстауына қиындық алып келуде. Алдағы уақытта барлығы қалпына келеді деген үміттеміз. Шәкірттерім алдағы жарыстарда өз шеберлігін көрсетеді деп сенемін, – деді ол бізбен әңгімесінде. 

Біз Жәмілден алда қандай жарыстар жоспарланып отырғанын сұрадық.

– Төтенше жағдайға байланысты Қазақстан біріншілігі, кубок ойындары кейінге шегерілді. Одан кейінгі кезекте Азия чемпионаты, халықаралық жарыстар бар. Сәтін салса сол жарыстарда қызылордалық жастар бақ сынайды деген үміттемін. Жалпы, спорт дегеніңіз үздіксіз алмасып отыратын процесс қой. Қазір қызылордалық жас боксшылар арасынан ересектер арасындағы ұлттық құрамаға мүше болып қабылдануға үміткерлер бар. Біз сондай талантты ұлан­дардың жұлдызын жағуға күш жұмсаймыз. Мұндай өрендер ал­дымен халықаралық деңгейдегі бәсекелерде сынға түседі. Оған қоса ел біріншілігінде шеберлігін көрсетуі – басты талап, – деді бокс маманы.

Оның айтуынша, қазір ол шәкірттеріне бейнебайланыс ар­қылы түрлі жаттығу көріністерін жібереді. Олар сол бойынша жүргізілген дайындығын қайтадан бапкеріне жолдайды. Осылайша бір-бірімен жиі байланысып, тәулігіне бірнеше мәрте хабарласады. 


Әр күнді босқа өткізбейді


– Біз карантин кезінде де өз бабы­мызды жоғалтпауға күш салдық. Әрбір спортшыға ешбір сәтте босаңсуға болмайды. Оған жол беріп қойсаң, қаншама жылдар бойы төккен терің мен жинақтаған тәжірибең босқа кетуі ғажап емес. Бұл спортшыға кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Қазақ күресіндегі мен және өзге де жігіттер сол қағидаға сүйеніп, бапкерімізден бейнебайланыс арқылы тікелей тапсырма алып, оны өз деңгейінде орындауға күш салып отырмыз, – деді балуан Нұрым Сәлімгереев. 

Карантиндегі уақытты ол күнде былайша өткізеді. Әдет­тегісінше, таңертең өз үйінің ауласында жүгіреді. Әбден дене қыздырып алғаннан кейін тиісті жаттығуларды бастайды. Бапкердің тапсырмаларын орындайды. Оны қайтадан бапкеріне әлеуметтік желі арқылы жолдайды. Осылайша өзінің дайындығын жоғалтпауға күш салып отыр. 

– Төтенше жағдай салдарынан қаншама жарыстар кейінге қалдырылды. Олардың арасында «Қазақстан барысы» да бар. Жылма-жыл ұйымдастырылып жүрген «Евразия барысы», ел бірін­шілігі секілді жарыстардың қай кезде өткізілетіні белгісіз. Десе де, біз әрбір сәтте бабымызды өз деңгейінде ұстауымыз тиіс. Қазақтың «Күн жаманы кетеді» деген нақыл сөзі бар ғой. Бұл қиын күндер де артта қалады. Барлығымыз сол шуақты сәттерде жүздесеріміз анық. Спортшылар өзіне тілеулес елдің үмітін ақтауға тиіспіз, – деді Нұрым.  


Онлайн жарыстар 

оңтайға келеді


Өңірде спорттың кей түрлерінен онлайн жарыстар өткізілуде. Мә­селен, тоғызқұмалақтан об­лыс­тың жекелей чемпионаты бол­ды. Оған Қызылорда қаласы мен ау­дан­дардан 100-ден астам адам қатысты. Жарыс  iggamecenter.com сайтында жүргізілді. Сайыс рапид түрі бойынша тоғыз турға созылды. 

– Бұл қатысушылардың қызы­ғу­шылығын туғызды. Олардың дайындық жасауына оң ықпалын тигізді. Мұндай шара еліміз бо­йынша алғаш рет Қызылорда облысында өткізілгенін айта кет­кеніміз абзал. Қазіргі таңда тоғызқұмалақтан республикалық турнир ұйымдастырылуда. Оған біздің облыс спортшылары қа­тысуда, – деді облыстық дене шы­нықтыру және спорт басқар­масының бас маманы Мәулен Бегалиев.

Осындай шара таэквондо спор­тынан өткізілуде. Жарысты ұйым­дастыру барысында барлық карантин талап­тары сақталуда. Қатысушылар пумсе бағ­дарламасы бойынша сынақтарын тап­сырып, оны видео арқылы мамандарға жолдайды. Сол арқылы жеңім­паздар анықталады. 

– Дәл осындай талап бойынша жалпы дене жаттығуынан 17 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында облыстық жекелей жарыс өтті. Екі күнге созылған  жарысқа  Қызылорда қаласы мен аудандардан 66 спортшы қатысты, – деді ол.

Сондай-ақ, «Қайсар» командасы да­йын­дық жұмыстарын жүргізуде.  Коман­дадағы легионерлер елдеріне қайта­рылған жоқ. Ойыншылар онлайн режимде жаттығу жасауда.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы».

ДОДА 01 мамыр 2020 г. 585 0